Төлеби Ахметбеков - Ұлы Отан соғысының ардагері, құрметті геолог, суретші, мүсінші. «Ерлігі үшін» медалі мен Ұлы Отан соғысы, Жуков атындағы ордендермен марапатталған. «Қаныш Сәтбаев», «Абай», «Шоқан Уәлиханов» медальдарының авторы. Назарларыңызға мереке қарсаңында Төлеби ақсақалмен болған сұхбат-әңгімемізді ұсынамыз.
Менің атым Төлеби Ахметбеков 1924 жылы дүниеге келдім. Руым Арғын, оның ішінде Сармантай Мұрат еліненмін. Арғынның бір баласы Бекайдар Бидің ұрпағымыз. Қарағанды тумасымын. Әкем Ахметбек Байсалбаев. Ашаршылық жылдары жаппай конфискациялау кезінде наразылық танытып, жиналыстарда қарсы сөздер айтқаны үшін түрмеге қамалды. Сол кезде әкем мынадай өлең шығарды. Ол өлеңді кейін өзге жұрт жатқа айта бастады.
Ата сөзі балаға мирас екен,
Айтылған соң бір болмай қоймайды екен.
«Аштан өлген кісінің моласы жоқ» деуші еді,
Осы мақал рас екен.
Болса, қайдан болсын,
Көмген жан жоқ,
Көмбек түгел,
Өлгенін көрген жан жоқ
Ауру деп аузына сусын беріп,
Тазалап, қолымен көмген жан жоқ.
Бірен-сараң кісімен күшің жетер,
Қалып тұр ма қасыңда біреу қолын берер,
Өлгенде аш, өлуге таянғанда аш,
«Қош, бауырым!» деп жіберер жан жоқ
Қарайып қала берер орнында,
Күн түскіде орманда
Боранда қаптап өлген малдай
Паналап жартастың қорығында
Осының барлығын көрген қартпыз,
Қара тамыр қан үшін жорығында.
Қазақта қалың шықты белсенділер,
Ақжүрек деп басында ел сенгендер
Тоқтат, не тойып ап дейтін болды
Тостағанды толтырып берсеңдер деп
Жат айғыр, жарлық беріп үйде жатты,
«Жой!» деп өкімет заң таратты,
Жас нөкер айтқанынан асыра сілтеп,
Жанды жерге қарамай тарсылдатты.
Екпіндеп келген бетте мал таратты,
Қалғанын жұмсама деп санап кетті,
Малынан айырылған мүлкін тығып,
Көмгенін көрген адам талап кетті.
Балыққа жем, бақаның тойы боп
Ақыры жан жағына тарап кетті
Жүруге жарамайтын кемпір мен шал
Баласын қорасына қамап кетті
1931 жылы ашаршылық басталды. Алты-жетіге келген мына мен өлген кісілердің талайын көрдім. Қыстың суығында, жаздың аптап ыстығында адамдар аштықтан қырылды. Алдымдағы ағаларым жұмыс істейтін. Солардың тірлігінің арқасында аман қалдық. Көшеде кетіп бара жатсаң, көздері жәудіреген кішкентай балалар жүретін. «Кімсің? Апаң қайда?» десең, «Апам мені осында әкеп тастап, өзі анау жаққа кетті. Қазір келеді» деп жауап беретін. Сонда сол балалардың қолынан жетектеп үйге әкелемін. Біздің жағдай да аса мәз болмайтын. Менің апам «Енді қайттім-ау? Мына балаға не берсем екен?» деп шырылдап кететін. Суға шомылдырып, киімін ауыстырып беретін. Кейін балалар үйіне өткізетін. Әкем түрмеде болған соң, ағаларымның да тіршілігі алға баспады. Жұмыстарында қайта-қайта әкеміздің қарсылық білдіргенін айтып, «Халық жауының баласы» деп қудалады. Сөйтіп біз жүктерімізді алып елімізден кетуге мәжбүр болдық.
Ағаларымды «Халық жауының баласы» деп майданға да алмады. Біздің еш жазығымыздың жоқ екеніне ешкім сенбеді. Керісінше, жүрген жерде айып тақты, бетімізге басты, қудалады. Бір ағайым туберкулез болып ауырып қалды. Сонда қатты қиналып «Ай, құдайым-ай, мына аурудан өлгенше, неліктен соғысқа қатысып, бір немістің қолынан өлмеймін?!» деп айтатын. Ажалы сол аурудан болды.
Соғыс басталғанда әскерге қабылдандым. Әу баста мені теңіз флотына жіберді. Дәріс кезінде басым айналып, құса беретін болдым. Сөйтсем, менде теңіз ауруы екен. Содан командирге жолығып, жағдайымды айттым. Ол мені Ташкенттегі жаяу атқыштар училищесіне оқуға жіберді. Соны ойдағыдай аяқтап, майданға аттандым. Бізді 3 Беларусь майданына жіберді.
Орман алқабында болған бір шайқаста неміс пулеметшілері бізді ата бастады. Біз бұғыла бастадық. Бір кезде жанымдағы солдат: «Лейтенант, анау жүгіріп бара жатқанды қара. Сірә, оғы таусылып, өз жағына оқ алуға кетіп барады» деді. Мен бірден «Әкел винтовканы» дедім. Қолыма қару алу, көздеп, атып едім, тимеді. Екінші рет дәлдеп атып едім, оқ тура тиді. Селк етіп құлап түсті. Жанымдағылар «Попал, лейтенант! Вперед!» деп шулап қоя берді. Біз осы кезде қарсы шабуылға шықтық.
Бір күні окопта жатқанбыз. Үстімізден мина секілді бір нәрсе түсті. Взвод командира «Ложись!» деп айқай салды. Барлығымыз жата қалдық. Жаңағы мина шыр-шыр етеді. Бір кезде тоқтады. Орнымыздан тұрып, қасына бардық. Ол істен шықса керек, атылмады. Атылып кетсе, барлығымыздың жанымызды алып кетер еді.
Менің училищеде бірге оқыған Әшкенов Хамзия деген майдандас досым болды. Ол көрші взводтың командирі еді. Бір күні келіп: «Әй, Төлеби, сендерде тамақ бар ма?» деді. «Бар, кел» дедім. Ол келді, тамақтануға кірістік. Бір кезде әуеден снарядтар құлай бастады. Көп снарядтар Хамзияның взводы жүрген жерге құлады. Ол пистолетін алып, солдаттарына «Ложись!» деп бұйырды. Себебі, оның солдаттары өз взводының жеріне жүгіріп кетіп бара жатқан. Бір кезде ағаш басындағы снаряд жарылды. Оның бір жарықшағы Хамзияға тиді. Жанына жүгіріп барсам, ол екі бүктеліп отырып қалыпты. «Майдандас досым-ай! Жалғыз бауырым-ай!» деп айқайладым. Оның кеудесі, іші толығымен жарақат алды. Ол маған үнемі «Төлеби, екеуміз осы немістердің қолынан өлеміз-ау» дейтін. Мен «Не болса да көреміз» деп қысқа қайырушы едім. Міне, сол досым өз қолымда көз жұмды. Арғы жақтан қарсы шабуылға шығу туралы бұйрық келді. Мен екі ортада қалып отырмын. Досымды санитарларға тапсырып, шабуылға шықтым. Жан жолдасымнан айырылып, қара жерге тапсыра алмай кеттім.
Кенингсберг қаласының түбінде болған шайқаста ауыр жараландым. Ішіме оқ тиді. Түнде взвод командирі мені барлауға жіберді. Жау жағына жақындап, мәселенің мән-жайын бір көріп кетуім керек болды. Ішім бір жамандықты сезді. Сонда да солдаттарды алып келе жатырмын. Сол кезде құдайды есіме алдым. «Құдайым, мына жорықтан бізді аман сақтап қал» деп іштей тіледім. Бір кезде шабуыл басталды. Олар да, біз де атып келе жатырмыз. Бір кезде ішіме бір нәрсе тигендей болды. Оған қарап жатқан мен жоқ, «Аттан! Вперед!» деп айқайлап келем. Бір кезде жүруге қинала бастадым. Басымды түсіріп, төмен қарасам, ішегім сыртқа шығып кетіпті. Тоқішек аман екен. Қалғаны сыртқа шығып, салбырап тұр. Барлығын қайта жиып, ішке салып, белдігіммен қатты қысып байлап тастап, ары қарай кетіп барам. Неміс фашистері тірі екенімді байқап оқтарын атып жатыр. Бір кезде басымды жерге қаратып, жатып қалдым. Мені өлділер қатарына жатқызса керек, оқ атуды тоқтатты. Қулық істеп, мен жаңағы шайқастан басымды аман алып шықтым. Кейін есімнен танып, құладым. Мені госпитальге алып барды. Өлім мен өмір арасында жатқан мен бірнеше рет есімнен тандым. Мені Рязань қаласындағы госпитальге алып барды. Жарам ауыр болғандықтан жазылып, қатарға қосылу қиын болды. Тоғыз ай емделдім. Соғыста осылай екі рет өлім аузынан аман қалдым. Госпитальде жатқанда кешкі уақытта серуендейтінбіз, ән айтатынбыз, туыстарға хат жазатынбыз. Бір күні жанымдағы жолдасымыз екеуміз серуендеуге шығып кеттік. Келсек, ел шулап жүр. «Важное сообщение! Важное сообщение!» деп радиодан хабарлап жатыр. Соғыс жүріп жатқан. Апыр-ай, не болып қалды дедік. Сөйтсек, бұл көптен күткен хабар екен. «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деп ел айқайлап кетті. Госпитальдегі медбикелер дастархан жайып қойыпты. Елдің қуанышында шек жоқ. Улап-шулап, ысқырып, билеп кеттік тіпті. Госпитальге жақын орналасқан үйлерде тұратын қауым келіп жатыр. Таныса да, танымаса да солдаттарды құшақтап, беттерінен сүйіп, «Сендердің арқаларыңда аман қалдық. Жарадыңдар!» деп бізге қошеметін көрсетіп жатыр. Соғыста көрсеткен ерлігім ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалі мен Ұлы Отан соғысы, Жуков атындағы ордендермен марапатталдым. Денсаулығымның нашарлағанын білетін басшылық мені ауылға жіберді. Мен де үйіме кеткім келді. Елімді, жерімді, ең бастысы шешемді сағындым. Шешемді көргім келеді. Меніңше, адамзат баласы әуелі анасын сағынады, кейін барып туған жерін сағынады. Үйіме жетуге асықтым. Қазіргідей емес, ол кезде көлік, поезд тапшы. Әрең дегенде бір поездге мініп, елге келдім. Вагоннан түскен бойда, қолымдаға жүкті лақтырып жіберіп, жерге құладым. Туған жерімнің топырағына аунадым. Туған өлкенің ауасы басқа. Еліме табан тірегеніме сенбедім. Қуандым. Қуаныштан жыладым, айқайладым. Үйіме келдім, шешеме жеттім-ау, әйтеуір. Шешеден артық ешкім жоқ. Ол секілді қадірлі, мейірімді жан табылмайды. Ол менің аман-есен келгеніме қуанды. Бір-екі ай демалып, есімді жиып, жазылып болған соң, тіршіліктің қамын ойлай бастадым. Бала кезімнен сурет салатын едім. Сол әуестігімді жалғастырып, сурет шеберханасын аштым. Сурет салып жүріп, Алматыдағы Тау кен институтына оқуға құжаттарымды жібердім. Арада уақыт өткен соң, оқуға шақырды. Сөйтіп, геология факультетінің студенті атандым. Бар жоғы 110 адам жиналыпты, оның 80 адамы соғысқа қатысқан екен (оның қазір 5-6 ғана өмір сүріп жатыр). Өзіммен бірге институтта оқыған Валентина деген қызбен сөз жарастырып, отбасын құрдық. Нелля, Жанна, Болат есімді балаларымыз дүниеге келді. Институт аяқтаған соң, мені жас маман деп Қарағандыға жіберді. Өмірімнің біраз уақытын туған өлкемде өткіздім. Қарағанды Геология басқармасының бас маманы, партия басшысы болып 25 жыл қызмет атқардым. Спасс аймағындағы жез, руддалы өлкелерге зерттеу жүргіздім. Тау хрусталін табу үшін біршама еңбектендім. Орталық Қазақстан Геология мұражайын аштым. Бір кездері бізге министр орынбасары келіп, мұражайды көріп «Мына мұражайды кім ашқан?» деп сұраған. Жанындағылар мені айтқан. Мен ол кездесуде болмаған едім. Содан мені іздестіріп, шақыртып алды. Ертесі ол кісіге жолықтым. Ол маған бірден «Алматыда геология мұражайын немесе орталығын ашу керек. Сізді Алматыға жібереміз» деді. Мен баспана мәселесін ғана шешіп берсеңіздер, қалғанын өзі атқарамын дедім. Сөйтіп отбасыммен Алматыға келдім. Бір жылдай пәтер жалдап тұрдық, кейін қазіргі тұрып жатқан мына үйімді берді.
Жоғарыда сурет салатыным туралы айттым. Портрет, пейзаж салып жүрдім. Кейін мүсіндеме өнерімен айналыстым. Қаныш Сәтбаевтың бюстін жасадым. Эскиздер жасап, медальдер жасай бастадым. «Қаныш Сәтбаев», «Абай», «Шоқан Уәлиханов» медальдерінің авторымын.
Әр адамның өмірінде қуанышы мен өкініші болады. Биыл, амандық болса, тоқсан жасқа келемін. Өміріме ризамын. Жерімді жаудан қорғадым, еліме адал қызмет еттім. Басыма қонған бақты ұстадым деп ойлаймын. Барымды бағалауға тырыстым. Алайда, жарымның және үш баламның өліміне араша бола алмадым. Алпыс алты жасымда зейнетке шығуға мәжбүр болды. Жарым Валентина ауыр науқасқа душар болды. 42 жыл отасқан жарым сол дерттен көз жұмды. Үш баламның жасы алпысқа келген қиылды. Барлығы бірінен кейін бірі оба ауруынан көз жұмды. Өмірімдегі ең үлкен өкініш осы. Шүкір, жалғыз емеспін. Немерелерім ел қатарына қосылды, шөберелерім өсіп келеді. Жағдайым жаман емес. Тек көзімнің нашар көретіні, құлағымның дұрыс естимейтіні ғана болмаса. Жаяу көп жүре алмаймын. Таяғыма сүйеніп қана жүрмесем, өз бетімнен дұрыс жүре алмаймын.
Өзім ақкөңіл, көпшілікпен араласқанды, әңгіме-дүкен құруды жақсы көретін адаммын. Досқа бай болған адам едім. Қазір бірге жүрген, бір нанды бөліп жеген достарымның қатары сирейді.
Қазір «Соғыста Америка солдаттары жеңіске жетті» делінеді. Мұның барлығы бос сөз. Немістер кімнен жеңілгенін мойындады?! Совет әскерлеріне қарсы тұра алмағанын мойындады. Рейсхтагқа кім ту тікті?! Совет әскерлерінің жігіттері. Оның ішінде қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Гитлер қайда өлді? Гитлер Совет өкіметі алып қалған жерде өлді. Совет әскерінің солдаттарының бойындағы рухы, жігері, қайсарлығы, ұмтылысы жеңіске жетеледі.
Менің тілерім, аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын! Соғыс болмасын! Қазақ елі көркейсін! Қазақ жастары жасасын!
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/5hryZrdRb0I?hl=ru_RU&version=3&rel=0","width":"450","height":"330"});
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер Төлеби Ахметбековтың жеке мұрағатынан алынды