1941 жыл "30 ноябрь күні Крюковоға шегініп қайттық. Ол Москвадан отыз-ақ километр жерде. Москваның іргесі дірілдеп, қалтырап тұрған кезі еді. Крюковада алты күн соғыстық. Қолма-қол Крюкованы біресе немістер бізден тартып алады немесе біздер немістерден тартып аламыз. Немістер бізді Крюковадан қуып шықты. Есімізді жинап алғаннан кейін біз күш жинап, тағы да қарсы шабуылға шықтық. "Отан үшін, Сталин үшін" деп айқайлап ұран салып бара жатырмыз.
Мен де алдыңғы шептің қатарында жүгіріп бара жатырмын, немістердің бірнеше минометтері бізді атқылай бастады. Сол бір шақта минаның жаңқасы менің алдымда кетіп бара жатқан әскеридің қолына тиіп, білегінен жұлып кетіпті де, оның қолы екі-ақ елі теріге ілініп қалыпты. Менің көзімше жаңағы әскери теріге ілініп тұрған қолын жұлып алып, қарға лақтырып жіберді. Соны көрген мен есімнен танып қала жаздадым.
Ол - "Атаңның, гөрі, қоқи!" - деп мылтығын оқтап алып, сермеп атып, алға тұра жүгірді. Соғыс заңы бойынша ауыр жараланғаннан кейін шетке шығып тұрып қалуы керек еді, бірақ ол өйтпеді. Ол бір қолынан айырылып қалғанына қарамай, қайта ызаланып-өршеленіп алға жүгіріп барады. Мен тағы таңғалдым. Мен оны қуып жетіп, түріне қарасам, әлгі жауынгер - баяғы старшина (ұлты қырғыз) - Тоқтағұлов Сатыбалды екен.
Мен соғыста қорқақтықты да, батырлықты да көп көрген кісілердің біреуімін, "Шын Алатаудың сұңқары екенсің ғой!" деп ердің ерлігі алдында жүрегім мен басымды идім.
«Айтылмаған ақиқат» кітабынан үзінді. Бауыржан Момышұлы
Жолдаған: Есет Калиев
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: vk.com