- Негізгі бет
- 9 мамыр 2014
- Дадаев: Бізді Қазақстанға...
Дадаев: Бізді Қазақстанға мал тасымалдайтын вагондармен әкелді
АБДУЛ-ВАХИТ ДАДАЕВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН: ДЕПОРТАЦИЯ
Абдул-Вахит Дадаев 1936 жылы Шешен-Ингуш АССР-і Самаш ауылында дүниеге келген. 1944 жылы 23 ақпанда жанұясымен бірге Қазақстанға жер аударылған. Ал 1960 жылға таман жұбайы және балаларымен бірге туған ауылына оралған.
ЭШЕЛОН
Біздің үш бөлмелі пәтеріміз болатын. Бірінші қабат. Әкемнің аты Зубайыр, ал анамның есімі Аманта. Абдул-Халим үлкен ағам. Сайд-Хасан інім мен әпкем Кайпа. Бізді 1944 жылы Қазақ АССР-і, Талдықорған облысы, Алакөл ауданындағы Май ауылына жаппай көшіре бастады. Біз онда 13 жыл өмір сүрдік.
Сіз ол күнді қалай еске аласыз?
Олар алдымен ерлерді түгел жинап, мал тасымалдайтын вагондарға мінгізді. Сосын әйелдер мен қарияларды да солай орналастырды. Ал Қазақстанға 18 күн дегенде жеттік.
Сол 18 күн бойы сіздерді немен тамақтандырды?
Күніне әр кісіге жүз грамм сорпадан және екі жүз грамм наннан берілетін. Оның өзі де қарбаласта біздерге, яғни жас балаларға жетпей қалатын. Анашым өзі ішпей бізге беруші еді. Алтаумыз ғой. Қатаң басқақтықпен вагонның есігін жауып, құлыптап тастайтын.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨМІР
Жетісудағы кішкене Май ауылына жеткен соң бізді вагондардан шығарып, пойыз жөнімен жөнеле кетті. Ауылдың негізгі тұрғындары қазақтар екен. Мен 8 жаста едім. Қазақтардың бауырмалдығын сол кезде көргенмін. "Мына жанұяны мен ертіп кетейін" десе біреуі, "ал мына жанұя бізбен тұрсын" деп жаппай ауылдың қазақтары белгісіз өлкеден жер аударылған шешендерді далада қалдырмады.
Міне осылай 120-150 шешен бір колхозда тұрса, тағы бір сол шамасы көрші колхозға орнықтырылды. Қазақтың қонақжайлылығына өмірден түңілген біздер риза болып, соңыра жергілікті қоғаммен араласа, бірлікпен қамданып, жұмыс істеуге кірісе кеттік.
Қазақтар бізге не қажет болса соны тауып беруге тырысатын. Тіпті отын, шырпы, қазан-ошақ болсын. "Барлығымыз бір адамның баласымыз" деп, бәріне рухани қолдау беретін бір үлкен ақсақал болатын.
Соғыс... Айналада ашаршылық, аяз. Астықтың қамы шеттен тыс шектеулі болса да, қазақтың достығы тарылмай, бізбен бар нәрсесін бөлісті. Соғыстың және ашаршылықтың ауыртпашылығынан қанша бауырымыз өмірден озса да, көбінің аман қалуына сол кісілердің қолдауы себеп болды.
Мен ол жақта қазақ тілді мектепте білім алдым. 9 сыныптық мектепте орта білімімді толықтырып, колхозда трактор айдап, елге қызмет еттім. Жасым жиырманы алқымдағанда үйлендім. Міне, қазір бес ұлым мен үш қызым бар.
Сіздер Қазақстанда қандай өмір салтын ұстандыңыздар?
Шешендік өмір салтын. Иә, өмір сүру дағдыларымыз қазақтың дәстүріне қайшы келмегендіктен ешбір қиындық туындаған жоқ.
Жалпы Қазақ даласында қалу ниетіңіз болды ма?
Әрине, болды. Бір ел болып үйренісіп кеткен дос-жарандарымызды қимаймыз. Дегенмен, туған жердің лебі әркім үшін де ыстық болады. Әкем аманаттаған жолды басып, еліме қайтуды ұйғарғанмын.
Адамның есінде мәңгі-бақи қалатын белгілі жағдайлар болады. Мен үшін сол кездерде, қиын-қыстау кезеңдерде барынша қолдауын аямаған бауырмашыл қазақ ұлтына өте ризамын.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
сурет: articlekz.com
Ж. Өрісбай