9 мамыр күні сағат 9.30-да 28 Гвардияшыл-панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай «Мәңгілік алауға» гүл шоқтары қойылды. Мерекелік іс-шараға ардагерлермен қатар жасөспірім баладан еңкейген кәріге дейін жүздеген адамдар қатысты.
Айтулы шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, қала прокуратураларының басшылары, соғыс ардагерлері Кеңесі, отставкадағы Генералдар, ҚР Қорғаныс Күші мен басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты. Қала басшысы еліміздің қорғаны болған, Жеңістің туын желбіретуге өз үлестерін қосқан барша соғыс және тыл ардагерлеріне ел алғысын білдіріп, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Саябақтың төрінде әскери үрмелі аспаптар оркестрі жеңіс күнін тойлаушыларға соғыс әуендерін ойнап берді.
Алматы қаласында жоғары білікті офицерлерді дайындайтын әскери институттардың курсанттары да бүгінгі мерекенің басты иелеріне құрмет көрсете әскери саппен шеру жасады.
Саябақтың тағы бір шетінде арнайы орнатылған тақтаға келген қонақтар екінші дүниежүзілік соғыс көріністерін бейнелейтін суреттер мен өздерінің ізгі тілектерін жазып қалдырды.
Толықтыра кетсек, қаланың басқа да аудандарында «Майданнан хат», «Алғыс қабырғасы» акциялары өтіледі. Сонымен қатар, сағат 20:00-де «Астана» алаңында мерекелік концерт болады. Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралардың соңы сағат 22.00-де Тұңғыш Президент саябағы мен «Астана» алаңындағы отшашуға ұласады.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: massaget.kz