9 мамыр. Елу жылдан кейін танылған Бақтыораз Бейсекбаев

9 мамыр. Елу жылдан кейін танылған Бақтыораз Бейсекбаев

Бақтыораз Бейсекбаев 1920 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Небәрі жиырма бір жасында қыршынынан қиылған жас батырдың есімі 50 жыл бойы еленбей келген болатын. Алайда, 1998 жылы 6 мамырда қазақтың Бақтыоразына "Қалық қаһарманы" атағы берілді. Сондай-ақ, бүгінде оған Астана қаласынан көше аты берілген, журналист Мейрамбек Төлепбергеннің авторлығымен кітап жазылып шықты, Балқаш ауданының Әмір Құлмаханов бастаған еңбеккерлері Бақтыораз атамызға Бақанастан үлкен ескерткіш орнатып, орта мектепке атын берді. Ерлікпен қаза тапқан Бақтыораз Бейсекбаевтың даңқы ұрпақтан ұрпаққа жете бермек. Ол жасаған ерлік қазіргі, кейінгі жастарға үлгі болары анық. 

Бақтыораз Бейсекбаев қандай ерлік жасады? Оның есімі неге танылмай келді? Енді осы туралы сөз қозғап көрейік.

1941 жылдың  маусым айының 26-сында Смоленск қаласының маңындағы Боровское аэродромынан алыстан бомбалаушы 42-ші әуе дивизиясының 207-ші полкінің  алғашқы күнгі айқастан кейін аман қалған ұшақтарының  барлығы көкке көтеріледі. Оларға Минскі қаласынан батысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан Радошкович поселкесінің айналасындағы немістің танк колоннасын бомбалау жүктеледі. Ұрыс алаңында екі топқа бөлінген ұшақтарды капитан Александр Маслов пен Николай Гастелло командир ретінде басшылық еткен ұшақтар бастайды. Ә дегенде екі топтың алғашқысын Александр Масловтың ұшағы бастап шығады. Құмырсқадай қыбырлаған жаудың танкілеріне ойран салып қайта бергенде жау жақтан атылған оқтан алдыңғы жақта келе жатқан ұшақтың екеуі де отқа оранады. Сол уақытта Гастеллоның ұшағы жақын маңайдағы бір жерге құлайды да, ақыры өлетінін сезген Масловтың ұшағы жерде кетіп бара жатқан танкілерге қарай бет алады. Бұл оқиғаны көрген өзге ұшақтардағы экипаждар танктерге құлаған Гастеллоның ұшағы деп ұғады. Сөйтіп қан майданда ерліктің үлгісін көрсеткен азамат ретінде Гастеллоның атақ-даңқы әлемге тарайды. Арада біраз жылдар өткен соң, яғни 1951 жылдың мамыр айының 12-інде Белоруссияның әскери мұражайы Гастелло басқарған ұшақ экипажының мүрделерін орталық зиратқа әкеліп көму жөнінде облыстық атқару комитетіне ұсыныс жасайды. Ондағы мақсат мұражай басшылығы соғыста қаза болған азаматтарға ескерткіш орнатпақ болған. Сөйтіп, мектеп оқушылары мен әскерилердің және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен қазылған қабірдің ішінен Гастеллоның емес, Масловтың мәйіті шығады. Бұл жәйт әрине жиналғандардың барлығын да таң қалдырған. Қабірден сонымен бірге Маслов пен оның экипаждарына тиесілі көптеген заттар табылған.


Бұл оқиға жөнінде кейіннен ресми органдарға тиісті хат жазылады. Алайда ол уақыттың заңы бойынша Жоғарғы Кеңестің Жарлығын бұзуға болмайды. Сондықтан Орталық Комитет пен Қорғаныс министрлігіндегілер бұл шындықты біле тұрса да мәселені жабулы күйінде қалдырады. Дегенмен, қабірден табылған заттар экипаж құрамында Масловпен қатар, Мәскеу облысы Коломенск ауданының тұрғыны лейтенант Балашов пен Алматы облысы, Іле ауданының тұрғыны, кіші сержант Бахтурас Бейсекбаевтың да болғанын растаған. Алайда осы шындықты мойындату үшін ол уақытта көптеген адамдардың тер төгуіне тура келген. Осы ерлік жасалған күннен кейін, тура 55 жылдан соң Ресей Федерациясы Президентінің ықпалымен Маслов экипажының барлық мүшесіне Ресейдің Батыры атағы берілді.

Бақтыораз Бейсекбаевқа қатысты шындықтың ашылуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтар ретінде  осы оқиғаны Елбасына жеткізіп, әйгілі батыр жөнінде мақала жазып, оны көпшілік назарына жеткізген Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер Арғынбай Бекбосынов пен батырдың туған жері мен оның өміріне қатысты көптеген деректерді іздестіруге бастамашы болған сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Тайыр Мансұровтың еңбектері ерекше атауға тұрарлық. Олар атқарған істердің нәтижесінде кейінірек Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы мен Республикалық ардагерлер кеңесі жауынгерге «Халық қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасаған. Осыдан соң көп ұзамай аты Бахтурас Бейсекбаев болып бұрмаланып келген батырға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағы беріледі.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: inform.kz