«Ер қанаты ат» деген қазақтың сөзі бар. Жылқыны түрі мен тұрпатына қарап танып, қасиетін бағамдап, жанына серік тұту кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Әсіресе, жаугершілік заманда иесін оқ пен оттан аман алып шығатын есті жануарды қапысыз тани білетін көрегендік тек Бауыржан Момышұлы сынды батырға ғана лайық, батырға ғана жарасатын бөлекше мінез, жылқыны қадір тұтар қазақ ұлына ғана тән даралық сияқтанады.
Ел арасында Баукеңнің ақбоз аты жайлы аңыз бар. Сол аңыздың шындығын батырды өз естелігінен қарап көрсек.
«... Мен адымдай басып, шеткері тұрған ақбозға жақындап, зер салдым. Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйықтау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ дағы бар. «Япырмай, атқа ат ұқсай береді екен-ау»,- деп тұрмын ішімнен. Сонау бір жылы тайға мініп жарысып жүрген кезімде бүкіл Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжек, Тәуекел, Тарташап деген аттарды көріп едім. Оларды Жұманбай еліндегі Доспай әжінің бәйге аттары дейтін. Сол Сұркөжек те дәл осындай шағын ғана елеусіз жылқы болатын. Біреулер оны 800 аттан озған Шаңтимес, енді бірі сонау Асылдан Керегетасқа дейін тізгін тартқызбай келген тұлпар десетін. Мынау ақбоз да сол сұркөжектен тартып келе жатқан тұяқ емес пе екен?
Осындай қиялмен тұрғанда қасыма әлгі майор жақындай берді. Мен оған:
– Маған осы ат жарайды, – дедім. Ол тағы да екі иығын бір қыржың еткізді.
– Ол онша көрікті емес қой.
– Маған көркінің керегі жоқ, мініскер, белді, әрі жүйрік болса жетеді.
– Оның жүйрік екенін қайдан білдің?
– Мен атбаптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі және ақбоз екен, – деп аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым. Ақбоз маған қарап оқыранды. Осы кезде майордың жанында тұрған старшина:
– Сіз неліктен ақбоз атты қалайсыз? – деп сұрады.
Мен екеуіне жақындай бердім де:
– Жылқының ақбозын халық қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсіндің бе?
– Онан соң ақбоз атпен жауға шапқан командир жеңіске жетпей қоймайды. Естеріңізде ме, Суворов ақбоз атпен Альпі шыңынан асқан, Кутузов боз атпен француздарды Парижге дейін қуып барған, Чапаев боз айғырмен Колчактың қарақұрым қолына қырғидай тиген. Мен де осы атпен неміс фашистерін Берлинге дейін шегіндірсем деймін. Түсінікті ме? – Дауысым өктемдеу шықса керек, әлгі екеуінің жүні жығылып:
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: жеке мұрағаттан