9 мамыр. Ұлы Отан соғысына байланысты Алматыдағы ескерткіштер

Алдымызда келе жатқан 9 мамыр – Жеңіс күніне орай бүгін біз сіздерге ҰОС-на байланысты салынған ескерткіштер жайлы ақпарат бермекпіз. 

Әлия мен Мәншүктің ескерткіштері


Ұлы Отан соғысында қан кешіп, жан тапсырған қазақтың қос батыр қыздарына арналған бұл ескерткіш Төле би көшесі мен Бөгенбай батыр көшесінің ортасында орналасқан. Ескерткіштің ашылуы 1997 жылы 25 қазанында болды.

"Мәңгілік алау"


"Мәңгілік алау" – соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған тоқтаусыз лаулап тұратын от. Еш тоқтаусыз жанып тұратын жалын газбен жұмыс жасайды. "Мәңгілік алау" соғыс символдарына жататын болған соң, жыл сайын халық алау маңына гүл шоқтарын қояды. Алматыдағы "Мәңгілік алау" мемориалы 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында орналасқан. Алау алғаш рет 1975 жылы Жеңістің отыз жылдығы салтанатында жағылды.  

Даңқ Мемориалы


Даңқ мемориалы – 28 панфиловшылар саябағында 1975 жылы орнатылған ескерткіш-кешен. Ескерткіште панфиловшы жауынгерлер бейнеленген. 

Бауыржан Момышұлының ескерткіші


Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының ескерткіш тұғыры да 28 панфиловшылар саябағында орналасқан. Ескерткіш 2010 жылы 10 желтоқсанда ашылды. 

Панфилов ескерткіші


И.В.Панфилов ескерткіші 28 гвардиялық-панфиловшылар саябағында орналасқан. Ескерткіш мүсінші Б.А.Төлековтың моделі бойынша қоладан қаланып, сұр тастан жасалған 2 метрлік тұғырда орналасқан (сәулетші-Т.К.Басенов). Тұғырдың бет жағында «Совет Одағының Батыры Панфилов Иван Васильевич. Герой Советского Союза Панфилов Иван Васильевич» деген жазу бар. Ескерткіш биіктігі – 3,65 м. Бастапқыда ескерткіш Панфилов және Виноградов көшелерінің қиылысына қойылса, кейіннен мемориал саябаққа ауыстырылды (1989ж.).

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: kloop.kz, azattyq.org, amp96.ucoz.ru, kk.wikipedia.org, wikimapia.org