Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне берілген көше атаулары
Момышұлы атындағы көше (Алматы)
Көшеге өрліктің символы, ұлтжандылықтың үлгісі, белгілі жазушы, Панфиловшылар дивизиясы полкінің қолбасшысы, аты аңызға айналған халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 31.01.1985 №3153 шешімі) берілген. Бауыржан Момышұлы (1910-1982) Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Көлбастау елді мекенінде дүниеге келген. Ол – «Артымызда Москва», «Төлеген Тоқтаров», «Генерал Панфилов», «Ұшқан ұя» шығармаларының авторы. Көше Әуезов ауданында орналасқан. Райымбек даңғылынан басталып, Новостройка көшесіне дейінгі аралықта созылып жатыр. Төле би, Жұбанов, Абай, Шаляпин көшелерін қиып өтеді. Көшенің ұзындығы - 4500 метр.
Клочков атындағы көше (Алматы)
Клочков атындағы көшеге 28 гвардияшы-панфиловшы жауынгердің бірі, Кеңестер Одағының Батыры – Василий Георгиевич Клочковтың есімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 10.07.1979 №269 шешімі) берілген. Клочков Василий Георгиевич (1911-1941) Саратов облысында дүниеге келген. Оның «Шегінетін жер жоқ, артымызда Москва» деген сөзі Мәскеуді қорғаушылардың ұранына айналды. Сол ұран Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалына ойылып жазылды. Көше Алатау, Алмалы, Бостандық аудандарында орналасқан. Төле би көшесінен басталып, Тимирязев көшесіне дейін созылып, «Атакент» көрме кешеніне барып тіреледі. Бұрынғы атауы – Жетінші көше. Көшенің ұзындығы – 2200 метр.
Қайсенов атындағы көшесі (Алматы)
Алматыдағы көшелердің тағы біріне қазақ батыры, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің есімі берілген. Қайсенов Қасым (1918-1995) Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Ол өзінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бастан өткерген оқиғалары негізінде «Жас партизандар», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» т.б. прозалық шығармаларын жазған. Көше Медеу ауданында орналасқан. Көшенің ұзындығы – 1400 метр.
Ғабдуллин атындағы көше (Алматы)
Көшеге жазушы, ғалым, әдебиеттанушы, қоғам және мемлекет қайраткері Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинніңесімі (Алматы қаласы атқару комитетінің 08.08.1973 №282 шешімі) берілген. Мәлік Ғабдуллин (1915-1973) Көкшетау облысының Зеренді ауданы, Қойсалған елді мекенінде дүниеге келген. Ол қазақ білімінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры болды.
Көше Бостандық ауданында орналасқан. Ол Жароков көшесінен басталып, «Көктем - 1» шағынауданын қиып өтіп, Байтұрсынұлы көшесіне барып тіреледі. Әуезов, Манас, Байзақов, Марков, Байтұрсынұлы көшелерін қияды. Бұрынғы атауы – Астрономическая көшесі. Көшенің ұзындығы – 1050 метр.
Көше бойында Алматы облыстық «Дарын» орта мектебі, И.А.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасы орналасқан.
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: egemen.kz, kaznpu.kz