Әбдіров Нұркен 1919 жылы Қарқаралы өңірінде бұрынғы 5-ші ауыл, қазіргі Нұркен атындағы шаруашылық аумағында шаруа отбасында дүниеге келген. Кейін ата–анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқитын. Майданға аттануға көп ұмтылған оны алдымен Ташкенттегі, одан кейін Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарға жіберді.
Оқуды тәмамдағаннан кейін Нұркен 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкы құрамында майданға аттанды.
Нұркен Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытты, әр тапсырманы мұқият орындап отырды. Қазанның 23 күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: "Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз..."
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк көлігін, оның ішінде оқ дәрі тасыған 18 керуенді, жанар май құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, көптеген жаяу әскерді құртты.
1942 жылдың 19 желтоқсанында ержүрек батыр өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаровпен бірге соғыс аспанына соңғы рет самғап шықты. Боков - Пономорев станциясы маңайында олар тас құрсанған жаудың үлкен алты танкісін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.
Жау оғы самолетке дөп тиіп, өртене бастады. "Өзекті жанға бір өлім" деген ой шарпып өткен ұшқыш, отқа оранған күміс қанат сұңқарды фашист танктері шоғырланған тұсқа қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған самолет ішіндегі Нұркен мен оның қандыкөйлек серігі Александр Комиссаров екеуі ақырғы рет қаншама жауды қырып, өздерімен бірге ала кетті.
Осы ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылдың 31 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Сарыарқа сұңқары осылай мерт болды. Қарағанды енбеккерлері, олардың ішінде кеншілер Нұркен Әбдіров атындағы самолетке қаржы жинап, жауға аттандырды. Бұл самолет кейін Жеңіске дейін қатарда болды.
Ростов облысындағы Боков станциясының іргесіндегі Конек ауылында жерленген Нұркеннің басында қызыл тастан қашалған ескерткіш бар. Қарағандының қақ ортасында батыр Нұркен бейнесі мәңгілікке орнықты, Нұркен ауылында да ескерткіш орнатылды. Қарағандыдағы спорт сарайы да Нұркен Әбдіровтың есімін иеленген.
Батырдың анасы Бағжан бәйбіше Боков станциясының құрметті азаматы болып табылады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Материалды дайындауға Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ресми сайтындағы ақпарат пайдаланылды
сурет: fotki.yandex.ru