- Негізгі бет
- 9 МАМЫР 2013
- 9 мамыр. Массагет...
9 мамыр. Массагет "Мәңгілік алауға" гүл шоқтарын қойды
Аумағы 18 гектарды алып жатқан Алматы қаласындағы Медеу ауданына қарасты Панфиловшылар саябағын Қонаев, Гоголь, Зенков, Қазыбек би көшелері қоршап тұр. Саябақтың негізі XIX ғасырдың 70 жылдары қаланған. Ұлы Отан соғысы жылдары Мәскеуді жаудан қорғауда ерекше ерлік көрсеткен 316-атқыштар дивизиясының 1075-полкіндегі 28 гвардияшы-панфиловшының құрметіне саябаққа «Панфиловшылар саябағы» деген атау берілді. Саябақтағы Даңқ мемориалы Жеңістің 30 жылдығына орай 1975 жылы қойылған. Міне, сол жылы алғаш рет өшпес ерлікті нышандайтын "Мәңгілік алау" тұтанған болатын. 1975 жылдың 9 мамырында Даңқ мемориалы мен Мәңгілік алаудың ашылу салтанаты болды. Содан бері "Мәңгілік алау" сөнген емес...
"Мәңгілік алау" – соғыс құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында қойылған тоқтаусыз лаулап тұратын от. Үздіксіз жанып тұратын жалын газбен жұмыс жасайды. "Мәңгілік алау" соғыс символдарына жататын болған соң, жыл сайын халық алау маңына гүл шоқтарын қояды.
Қасиеті мен қасіреті қатар өрілген Ұлы Жеңістің 68 жылдық мерекесі қарсаңында, етігіне қан толып, толарсағымен саз кешкен жылдары оқ дауылының ішінде аттан салған жауынгерлер мен шейіт болған талай боздақтарды еске алу, құрметтеу мақсатымен Massaget.kz ұжымы жоғарыда аталған "Мәңгілік алау" кешеніне гүл шоқтарын қоюды жөн көрді.
Ұлы Отан соғысында құрбан болғандар мәңгілік жүрегімізде! Арайлап атқан әрбір таңымыз бейбіт болсын! Сәбилеріміз бен аналарымыз, елін, жерін қорғайтын айбынды азаматтарымыз аман болсын!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева