9 мамыр. «Қара қағаз»

Ел қорғаған батырларға ғашық ек,

Жылдар жылжы, мейлі, тіпті ғасыр өт.

Енді ешкім қара қағаз алмасын,

Қара қағаз - қағаз емес, қасірет, - деп белгілі ақын Қасымхан Бегманов жырлағандай, талай бүлдіршіннің әкесі мен мөлдіреген жас арудың жарын жалмап, еңіреген есіл ердің қыршын жанын қиып, босағаны жетімсіреткен сол бір зұлмат жылдардың аты – Екінші дүниежүзілік соғыс-тын. Қан майданда қорғасын оқ жауынгер кеудесіне қадалып, денесі бір ысып-бір суып жатқан азаматтың көз алдына туған жері, балалық шағының буалдыр бейнесі, ауылдың бейнесі тізбектеліп өтіп жатар еді. Әне, сол кезде оның көз алдына сормаңдай ана мен әкенің қолындағы дірілмен бірге діріл қағып тұрған қара қағаз да елестеген шығар. Бәріне опынбаса да, сол бір сәтте ол осы бір алапат соғыстың болғанына нәлет айтқан шығар.

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында, осы бір қасіретті қағаз туралы аз-маз мәліметтен хабардар болайық.

Алдыңғы шепке бауыр ет балапандары аттанып кеткен әрбір шаңырақтың зарын осы кісі өлімі жайлы ресми хабар – «Қара қағаз» бастап жатады. 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан азаматтарды ел-жұртына, үйіне, туған-туыстарына «Қара қағаз» арқылы естірткен. «Қара қағаз» – марқұм қызмет еткен әскери бөлімнің оның қазасы туралы ресми хаты. Бұл хатта жауынгердің қашан, қай жерде, қандай жағдайда мерт болғаны көрсетілген. Хат бөлімше командирінің немесе саяси қызметкердің атынан көңіл айту ретінде жазылған.

 

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: krasrab.net