9 мамыр. Алматылық ардагерлерге үй берілді

9 мамыр. Алматылық ардагерлерге үй берілді

Алматы әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен көпбалалы отбасыларға пәтер кілттерін тапсырды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында 20 алматылық отбасы жеке пәтер иелері атанды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов тиісті құжаттар мен пәтер кілттерін табыс етті.

Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс азаматтар, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полиция қызметкерлерінің жанұялары жаңа қоныс иелері атанды.

Ахметжан Есімов ең алдымен жиналғандарды алда болатын мерекелер – Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтады. Әкім ҰОС-на қатысушыларға денсаулық пен баянды бақыт тіледі", - делінген таратылған ақпаратта.

Жиында сөз алған Ахметжан Есімов: «Сіздердің Отан алдындағы жанқиярлық еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Мемлекет басшысының салиқалы саясаты арқасында Қазақстанда ардагерлерге деген құрмет пен қолдау шексіз. Ең бастысы Сіздер мен біздер Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге қарсы алуға тиіспіз», - деді.

Әкім, сонымен қатар, екі жыл ішінде Алматыда 250 отбасының арендалық пәтерге ие болғандығын айтты.

Айта кетелік, пәтерлер коммуналды тұрғын үй қорынан мемлекеттік бағдарлама аясында берілді. Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күні қарсаңында барлығы 80 отбасы пәтерге ие болады деп жоспарланып отыр.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: news.headline.kz

Massaget