Біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені, құшағынан қан иісі мүңкіген қаһарлы соғыстың миллиондаған жауынгерді жалмағанын, қара қағазды құшақтап жылаған ананы көзімізбен көрмедік. Атылған бомбалар мен сүйекті сырқыратар жоқтауларды естімедік. Біз мұның бәрін де фильмдер мен театр қойылымдарынан ғана көре аламыз. Көреміз де, бейбіт өмірдің кепілі болғандарды, өткенді құрметтеуді, бүгіннің қадірін білуді үйренеміз. Басқалай болуы мүмкін емес...
Дәл осы мақсатта назарларыңызға Қазақстан театрларында соғыс, батырлық, ерлік тақырыбында сахналанған қойылымдар легін ұсынып көрмекпіз.
Театр тарихының беттерін парақтап көрер болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарының өзінде бірқатар әскери-патриоттық тақырыптағы пьесалардың сахнаға шығарылып үлгерілгенін байқаймыз. Сонымен қатар, майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылып тұрды. Соғыс жылдары Қазақстанға келген Ю.А. Завадский, В.П. Марецкая, Н.Д. Мордвинов, Н.И. Сац, Н.М. Ужвий, Г.П. Юра т.б. көрнекті театр қайраткерлері мен қазақ өнер шеберлерінің қызметі сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне, жалпы рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті. Режисер-педагогтар О.И. Пыжова мен Б.В. Бибиковтың бірлесіп қойған Шекспирдің “Асауға тұсау” спектаклі (1943, Петруччио – Ш.Айманов, Катарина – Х.Бөкеева) Қазақ драма театрының ең таңдаулы қойылымына айналып, актерлер үшін баға жетпес сахналық шыңдалу мектебі болды.
Петропавл қаласындағы театр сахнасында М. Әуезов пен Ә. Әбішевтің “Ар-намыс гвардиясы” пьесасы бойынша қойылым көрсетілді. Оның негізіне нақтылы оқиға – генерал И.В.Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының Мәскеуді ерлікпен қорғаудағы сұрапыл шайқасы алынған болатын. Генерал Панфиловтың тамаша қолбасшы, жаужүрек бейнесін артист А.С.Ковалевский сомдаса, Төлеген Тоқтаровтың рөлінде Павел Рогальский ойнады.
Араға жылдар салып, Тәуелсіздіктің таңы атып, оң-солымызды түгелдеп, мәдениетімізді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіле бастағанда, соғыс тақырыбы елеусіз қалып қойған жоқ. Қазақстандық театрлар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, тарихты ұлықтау мақсатында бірнеше қойылымды сахнаға шығарды. Соның бірі – Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының "Бұлбұлдар түні" қойылымы.
Спектакль Ұлы Отан соғысы аяқталған кезін көз алдыңызға әкеледі. Жеңістен кейінгі қызыл әскерлер өмірінің бірер сәтін тамаша суреттейді. Негізінен, "Бұлбұлдар түні" – отандық жауынгер Петр Бородин мен атышулы неміс ұлтының қызы Инга арасындағы кездейсоқ өрбіген сезім иірімдеріне толы махаббат тақырыбына баратын қойылым. Мұндай күтпеген жайттардың сол заманда да орын алғандығы ақиқат. Отанға деген, аяулы жарға деген махаббаттың ортасында қалған сарбаздың әрекеттері сізге ой салады. Әртістермен бірге жылайсыз, күлесіз...
Валентин Ежовтың шығармасын аударған – Әшірбек Сығай, қоюшы режисер – Т.Теменов.
Қарашаңырақ М.Әуезов атындағы драма театрының соғыс тақырыбын көтерген шоқтығы биік туындыларының бірі – "Қара кемпір" қойылымы. Сұрапыл соғыстың салмағы майдан даласын кешкен, оққа ұшқан жауынгерге ғана емес, ақ сүт беріп өсірген бауыр еті баласын амалсыздан аттандырған анаға, жан-тәнімен сүйіп қосылған, жар қызығын бөліскен азаматынан айрылған келіншекке, бір құрсақтан шыққан інісінен, ағасынан қол үзген бауырға түсті. Олардың бар қолынан келетіні – күту, сағыну, Тәңірден амандығын тілеу. Сондай үкіліген үміттерді қаралы қағаз бір сәтте сөндірді. Қара кемпір – сол әлсіз де азалы аналардың бірі. Қойылым бастан-аяқ ана қарғысын қасіреті сұм соғысқа қарсы қоя білумен ерекшеленеді.
Шығарма авторы – Ә.Әбезұлы, қоюшы режисерлер – Е.Обаев, Т. Аралбай.
Осыдан аз уақыт бұрын, Жамбыл облысының қазақ драма театры Елен Әлімжанның “Бауыржан Момышұлы” атты драмасын сахналады. Аталған қойылым Алматыдан да, майданнан да алыста, Мәскеуде режисер Галина Павловнаның пәтерінде және қала маңындағы санаториялардың бірінде өтеді. Драманың үшінші кейіпкері – Г.Павловнаның көршісі. Ол сонау Қиыр Шығыстан бастап Бауыржанмен әскери қызметін бірге өтеп келе жатқан генерал. Оқиға осы үшеуінің диалогтары арқылы өрбиді. Галина Павловнамен арадағы диалогтарда Бауыржанның ұлы мұраттары ашыла түседі. Ал генералмен сөз сайыстарында сол ұлы мұраттарының іске асуына нендей кедергі болғаны ашылады. Сөйтіп, бұрынғыдай окоп шайқастары емес, “сахнаның алғы шебіне” адамзаттық ақыл-ой шайқастары шығарылады.
Шығарма авторы – Е. Әлімжан, қоюшы режисер – Қ.Қасымов.
Соғыс тақырыбындағы спектакльдердің орыс тілінде қойылуы да заңды құбылыс. Мәселен, А.Чехов атындағы Павлодар драма театры сахналаған "Кешір мені" ("Прости меня") қойылымының берері мол. Шытырман оқиғалар соғыс кезеңіндегі әскери ауруханада өтеді. Лида атты медбике мен Миша есімді жауынгердің махаббаты әдемі суреттелген. Режисер махаббат пен жауыздықты, өлім мен өмірді бір-біріне қарсы қояды. Майдан даласындағы жауынгерлердің өмірдің әрбір сәтінің қымбат екендігін білетіндігін көрсету арқылы, оны бүгінгі ұрпаққа насихаттайды.
Шығарма авторы – Виктор Астафьев, қоюшы режисер – Ю.Бутунин.
2012 жылы Неміс театры қойған «Римини протокол» спектаклі Еуропадағы қазақстандық эмигранттардың өмірінен хабар береді. Туындының ерекшелігі мұнда кәсіби әртістер емес, аянышты оқиғаның куәгері болған адамдар өнер көрсетеді. Олар өз көздерімен көрген тарихи оқиғаларды көпшілікке паш етеді.
Жеңістің 65 жылдығына тарту етілген сыйлардың бірі – "Соғыс нобайы" ("Эскиз войны") қойылымы. М.Лермонтов атындағы театрдың кезекті қойылымдарының бірінде соғыс сюжеттері емес, соғыс кезіндегі жырлар мен өлеңдер басты назарға алынған. Сондай-ақ жауапкершілігі мен жүгі мол қойылымда театрдың ардагерлері өнер көрсетеді.
9 мамыр – Жеңіс мерекесін театрда қарсы алайық, ағайын!
Суреттер:teatr-auezov,teatr-musrepov,art.gazeta.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева