Кейінгі орта ғасырлардан бастап гүл сыйлау мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді. Ерлер гүл таңдап сыйлағанда сезімдерін білдірді, жұбатты, тіпті керек кезде гүлмен кемсітті. Осылайша гүл адам ықыласын білдіретін көрнекі затқа айнала бастады. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді. Ендеше гүлді қалай дұрыс таңдаймыз?
Гүлді қалай дұрыс таңдау керек?
Гүл таңдағанда мына үш критерий назарға алынады: гүлдер саны, түсі және символикасы.
Гүлдер саны
Флористиканың санға қатысты ережесі мынадай: егер 12-ге дейін болса, гүл саны тек тақ болуы тиіс. Ал жұп санды гүлдер қаралы, қайғылы жағдайда беріледі. Гүлдер санының да өз символикасы бар:
• үш гүл – құрмет;
• бесеу – сезім;
• жетеу – махаббат;
• тоғыз – құштарлық.
Егер гүлдер саны 12-ден асса, гүл шоғының саны 6-ға бөлінуі тиіс.
Бір тал гүлдің де өз мәні бар. Оны таңдарда, гүл өте сирек, ерекше болуы тиіс. Ол әйел мен еркек арасындағы "Сен менің жалғызымсың" деген айрықша байланысты көрсетеді.
Түс
Гүлдер палитрасы әр түрлі әрі жымысқы. Мысалы сары түсті гүл айырылысуға ымдайды. Түптеп келгенде, сары түс – достықтың нышаны. Өзге түстердің семантикасы мынадай:
• қызыл – махаббат, құмарлық;
• алқызыл, қызғылт – жасқаншақ сезім, әкелік, туыстық махаббат;
• сарғылт – қуаныш, мереке;
• алтын түсті – байлық;
• көкшіл, көк – адалдық, отбасы;
• күлгін – абырой, адамгершілік;
• жасыл – үміт;
• ақ – тазалық, іңкәрлік.
Символика
Гүлдердің түрін де дұрыс таңдай білген дұрыс. Мысалы Еуропада бақытгүл (хризантема) мен қалампыр қайғылы жағдайда алынады. Бірақ жапондар керісінше, бақытгүлді жақсы көреді. Бұл гүл – ұзақ өмірдің символы. Оны сыйлаған адам сізге ұзақ өмір тілейді деп біліңіз. Өзге гүлдердің символикасы:
• орхидея – сұлулық пен махаббат;
• раушан – ғашықтық (тікенексіз раушан – бір көргеннен ғашық болу);
• қызғалдақ – тәнті болу, махаббат;
• нарғызгүл – нәзіктік;
• нәркес – құрмет;
• азалия – байсалдық;
• көкнәр – ләззат;
• ақкекіре – сұлулық;
• гладиолус – ынтызарлық;
• құралайгүл – адалдық, шынайы махаббат;
• бәйшешек – үміт;
• мимоза – кішіпейілдік;
• сүмбіл – ұнату;
• кекіре – әсемдік;
• қараған – сырлы махаббат;
• бөртегүл – алғашқы махаббат;
• магнолия – тәкаппарлық.