- Негізгі бет
- 8 наурыз 2018
- Құрбыны қуанту үшін......
Құрбыны қуанту үшін...
Өмірде бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Алайда жан құрбың сенің көңіліңді табады. Себебі ол сенің жақын әпкеңдей болып кеткен, өміріңнің бір бөлшегіне айналған адам. Ал құрбыңа жай ғана қуаныш сыйлау үшін, сізге көп дүние қажет емес. Жай ғана сіздің жылы сөзіңіз бен аз ғана уақытыңызды қиғаныңыз қажет.
1. «Сен мен үшін қымбат жансың!». Құрбыңның сен үшін орны қандай екенін, өзің үшін қандай қымбат жан екенін жеткізе білу қажет. Бұл сөз құрбыңызды қуантпауы мүмкін емес. Себебі ол да сізді жақсы көреді.
2. «Қателессем, кешірші». Барлық адам қателік жібереді. Оны түзету сіздің қолыңызда. Құрбы алдында қателік жіберсеңіз, оның себебін түсіндіріңіз және кешірім сұраңыз.
3. «Киноға немесе театрға барайықшы». Құрбыңыз жақсы көретін жанрдағы киносына немесе театрға шақырсаңыз, құрбыңызға қуаныш сыйладым десеңіз де болады. Себебі жақын жандармен өткізген әр уақыт адамға қуаныш сыйлайды. Ол болмаса жай ғана бірге таза ауада серуендеуге шақырыңыз.
4. «Мен сені әрдайым қолдаймын». Құрбыңыз қандай да бір істі бастамақ болсын, оған деген қолдауыңыз өте маңызды. Алайда ақылға қонымсыз идея болса, шындықты жасырып қалмаңыз. Достықтың беріктігі шындықта жатыр. Ол үшін бір күні сізге алғыс айтуы мүмкін.
5. «Сен үшін ештеңеден де аянбаймын». Кез келген қиындықта қолдайтын, оның сөзін сөйлеп, жақтайтын құрбы болыңыз. Ойыңызды ашық айту құрбыңызға ұнауы тиіс. Себебі жанашыр адамдар ғана көзбояушылық жасамайды.
6. «Сенің өтінішің мен үшін – заң». Құрбыңыз сізге күнде өтінішпен келе бермейді. Оның жай ғана сізден көйлек сұрағаны немесе бір бұйым сұрағаны үшін, сөзін жерге тастай салмаңыз. Ол сізден ақыл-кеңес сұрап тұрғанмен теңдей. Шұғыл көмек қажет болғанда, алғашқы болып қасынан табылыңыз және қолыңыздан келіп тұрған өтінішіне немқұрайлы қарамаңыз.
7. «Мен сенен ешқандай да сыр жасырмаймын». Сенімді, адал достықтың арасында үлкен сыр жатпайды. Себебі сыр бөлісу жан құрбылар арасындағы заңдылық дерсіз. Бұл тұста сонымен қатар сіздің шынайылығыңыз да көрінеді. Сол себепті сіздің сыр жасырмайтыныңыз бір-біріңізге қуаныш сыйлауы қажет. Себебі сіздер шынайы, адал доссыздар.
8. «Маған сенің ақылың керек». Құрбыңыз сізге сырлы құпиясымен бөлісіп, ақыл сұрағанда құпиясы ішіңізде қалып, ақылыңыз сыртқа шығуы тиіс. Достықта тек өзінің ғана қара басын ойлауға, өзімшілдікке жол жоқ. Сондықтан ол үшін сіздің ақылыңыз қиындықтан шығатын жолды көрсетердей болуы қажет.
9. «Мен сенен ештеңені қызғанбаймын». Құрбыңыз жоғарыға көтеріліп немесе белгілі бір табысқа жетіп жатса, ол үшін шынайы қуана біліңіз. Себебі сіз құрбыңызбен мақтанатындай болуыңыз қажет. Оның жетістігі сіздің де жетістігіңіз. Құрбыңыздан жеке бастағы заттарды да қызғанбаңыз. Дос арасында сараңдық болса, ол достыққа жатпайды.
10. «Сенің бақытты болғаныңды қалаймын және мен саған сенемін». Құрбыңызға бұл сөзді айтуды ұмытпаңыз. Дос көңілі қылдан да нәзік болады. Үзілген қылды жалғағанмен, түйін қалатыны секілді дос көңілін қатты қалдырудан аулақ болыңыз. Басынан өміріндегі ең қиын сәттерді өткеріп жатып, қолдау іздегенде, ұзақ кідірмей үйіне барып мұңын тыңдауға асығыңыз. Арада сенімділік орнамаған достықтың ғұмыры қысқа болатынын досы бар сізде білетін боларсыз.
Жақын жаныңызды жылы сөзіңізбен жұбатып, жылы сөзіңізбен қуантыңыз! Себебі көңіл материалдық құндылықтармен ғана толықпайды.
Н. Үсенова