Сіздер барда – әлем бар, сіздер барда – өмір бар! (мерекелік құттықтаулар)

Қымбатты аналар, әпкелер, жеңгелер, қарындастар, қыз-келіншектер! Сіздерді көктемнің алғашқы аптасымен келіп жеткен төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Көл-көсір тілектердің барлығы сіздер үшін! Сіздер барда – әлем бар, сіздер барда – өмір бар! Көңіл түкпіріндегі шынайы тілектерімізді қабыл алыңыздар!

Қадірлі әйелдер қауымы!

Сіздер болмағанда Махаббат, Сұлулық, Тазалық, Сағыныш, Ләззат, сүйіктісін Қызғану сезімі, Поэзия мен Музыка, Көркемсурет өнері дүниеге келмес еді. Сіздер болмағанда адамзаттың мекені қаңсыған шөл, сұрықсыз бір кеңістік болар ма еді. Сіздерді сүйген Тәңірім жер бетін сұлу гүлдерге толтырып, әлемді керемет табиғат, өзен-көл, тау-орманмен безендірді. Ер адамның өзін әйелдің бақыты үшін жаратқандай. Себебі, сіздердің дүниеге адам әкелу миссияларыңыз ең бір ғажап, ең бір тылсым мұғжизалардың бірі. Сонысымен әйел - қасиетті, киелі жаратылыс. Сіздер барда – әлем бар, сіздер барда – өмір бар! Бар болыңыздар! Әрбір атқан таң баршаңызға тек қана қуаныш пен шаттық сыйласын!

Аяулы анашым!

Көңілдерге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да мерекеңіз келіп жетті. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес! Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі ана деп соғары анық. Сізді төл мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Өмірімдегі ең қымбат, ең аяулы жан – жалғыз өзіңізсіз! Саған ешбір адам тең келмейді. Жарты әлемнің жауһары да сіздің сұлулығыңызға жетпейді. Түн ұйқыңызды төрт бөліп, талай таңды ұйқысыз атырдың. Мен үшін қанша қиындықтарды бастан өткердің. "Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да борышыңды өтей алмайсың" деген сөз бекер емес. Соның барлығын өтей алмасым анық. Мен үшін ең маңыздысы – өзіңіздің амандығыңыз! Ең жақсы сөздің бәрін айтсам да ол сіздің еңбегіңіздің бір бөлігін де ақтай алмайтыны сөзсіз. Мен сізді қатты жақсы көрем, анашым! Жүрегіңізге де, жүзіңізге де әжім түспесін! 

Қымбатты әпкем!

Менің сүйікті алтындай әпкем! Мерекеңізбен! Осынау жарық жалғанда ананың орны бір бөлек болса, әпкенің орны да бір бөлек. Сізге шын көңілден зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыңызға береке-бірлік, еңбегіңізге табыс тілеймін! Әрдайым қамқорлығыңызды көрсетуден жалыққан емессіз. Жаны жайсаң жандардың жанында жарқырап шыққан шұғылалы күндей жан-жағыңызға жылуыңызды төге беріңіз! 

Құрметті қыз-келіншектер!

Бүгін сіздердің мерекелеріңіз. Ер-азаматтарыңыз сіздердің қандай еркеліктеріңізді болсын көтеруге міндетті. Қазақ қыздары тек қана отбасы, ошақ қасының емес, бір ұлттың ұрпағын тәрбиелеген  ана. Сондықтан сіздердің мойындарыңызда үлкен жауапкершілік барын ұмытпағайсыздар! Тек бүгін емес, жыл оны екі ай бойы жүздеріңіз жадырап, көктемдей құлпырып, жаздай жадырап жүргейсіздер! 

Қарындасым-қарлығашым!

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев "Қарындастай қайырымды жан бұл өмірден табылмас. Табылмас-ау... Табылмас!" деп жырлаған екен қарындас туралы. Расында да, сенің жанашырлығыңа тәнтімін. Кейде, анамдай боп кететінің де жасырын емес. Алтыным! Сені бүгінгі мерекеңмен құттықтаймын! Аялы алақанда аяулы болғайсың! Алдыңнан ақ күн тусын! Арманың алдамасын! Әппақ қардай кіршіксіз, таза көңіліңе дақ түспесін! Жаның жамандық көрмесін! Сен үшін бәріне баруға даярмын! Тәңірден тілерім – тек сенің бақытың. Өз ұғымыңдағы бақытыңа жолыққайсың! 

Сүйіктім!

Жаным! Жарық дүниеде жолыққан жалғызым! Мерекеңмен! Арамыздағы сезім мен сыйластыққа селкеу түспей, іргеміз мәңгі бірге болсын! Дәл осындай сымбатың мен сұлулығың сақталсын. Бақытты болашағымызға бірге баруды жазсын! Бір-бірімізге сүйеніш болып жүре берейік! Өзің барда – мен бақыттымын!