8 наурыз жақындаған сайын жүректегі толқу да күшейе түседі. Себебі, бұл күн – барлығымыз үшін ерекше күн! Барша әйелдер қауымының асыға күтетін мерекесі ең алдымен асыл жан ананы құттықтаумен басталуы керек шығар... Ананың алдындағы борыш ешқашан өтелмек емес.
"Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!" – деп ақынның өзі жырлағандай анадан асқан аяулы жан жоқ. Біз кеше ақын Танакөз Ілиясованың анасы жайлы естелігін ұсынған болатынбыз. Бүгін ақын, "Жыр-перзент", "Киелі түндердің дұғасы", "Хауас", "Ғаусар", "Жүрек маусымдары", "Энтелехия" кітаптарының авторы Ерлан Жүністің анасы жөніндегі шағын естелігін жариялап отырмыз.
Бала Ерлан анасымен. Алматы - 1986 жыл.
Менің анам...
Анам мұғалім болды. Менің бала күнімде бастауышқа сабақ берді. Сол себепті, əліппемен, басқа да бастауыш пəндерімен ерте танысуыма тура келді. Мұғалімім - Анам - өте қатал Əпкей. Сынып жетекшім де – сол кісі. Сол жылдарда "Əпкей" деуші едік. Сəл тыныш отырмасам, қонжиған қызыл-қоңыр үш пен төртті "маңдайыма" таңбалап жіберетін. "Жүнісов! Тыныш отыр!" деген зілді даусынан зəрем ұшатын. Ал, үйге келгенде ол кісіден мейірімді жан жоқ. Асты-үстіме түсіп, бəйек бола қалады. Таңертең, мектепке барғанда қайта өзгеріп кетеді. "Жүнісов!" қайта басталады. ...Əлі күнге сол. Сəл қателескен күнімде алдымнан Анам емес, қатал Əпкейім шыға келеді: "Жүнісов! Тыныш жүр!"
Анамның мұғалім ретіндегі ең бір абзал қасиеті - əділдік еді. Əр нəрседе əділетті болды. Кейін жоғары сыныптарға көшкенде де менің мұғалімнің баласы ретінде артықшылыққа ие болуыма жол бермейтін. Өзге мұғалімдерге де осыны ескертетін. Қандай бағаға лайық болсам – соны алатынмын. Ал ол кісіге жасаған сыйлығым – мектепті өте жақсыға бітіргенім шығар. Жоғары Оқу орнына да өз күшіммен, грантқа түстім. Бірінші курстан жұмыс істедім. Шəкіртақым тағы бар. Қажет кітабымды, киім-кешегімді өзім алдым. Осының бəрі, бүгінгі жеткен нəрсемнің бəрі - сол кісінің үйдегі, мектептегі тəрбиесі. Ал жетпегенім болса - өзімнен.