Әйелдер қауымы – адамзат баласының тіршілік бастауына себепкер, тоғыз ай тоғыз күн толғатып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы жандар. Олар жайында мың түрлі пікір мен мың түрлі ойлар бар. Адам баласы екі-ақ жынысқа бөлінеді. Бірі – ер, бірі – әйел. Бірақ ғалым біткен, соның ішінде ерлер қауымы әйелдердің сырын шешкен емес. Себебі олардың психологиясы, жан дүниесі, танымы, сезімі әр сәт сайын ауысып, үлкен өзгеріске түсіп отырады.
Әйел – сегізінші кереметі әлемнің. Әлемге белгілі жеті керемет бар. Бірақ жетінші кереметтен кейін орын алған әйелдер қауымы әлемнің сегізінші кереметі болуға әбден лайық. Себебін түсіндіру үшін біз сіздерге олардың сегіз түрлі кереметін атап көрсетеміз.
Жұмбақ жандар
Бұл аксиома. Ешқандай теорияға симайтын, өзгеріссіз қалатын дүние. Себебі әйелдер қауымының жан дүниесіне үңілген сайын ғалымдар түрлі ерекшеліктерге тап болған. Жылау артынан күлу, күлу артынан мұңаю, ызаланып тұрып қуану, еркелеп тұрып шамдану сынды қарама-қарсы қасиеттерді жақсы меңгерген.
Олардың жұмбақ болуына бірден-бір себеп, бүгін танып жүрген, бүгін шешімін тапқан адамыңыз, ертең-ақ бөтен адамның образына өте салуы ғажап емес. Бұл олардың әдейі немесе ойдан шығарып жасайтын әрекеттері емес. Бұл табиғи ерекшелік және бұл олардың ең бірінші кереметі.
Екінші кереметі – шыдамды. Әйелдер ерлерге қарағанда шыдамды келеді. Сабырлық ұғымымен шатыстырып алмаңыз. Себебі сабырлы ерге тән қасиет. Ал шыдамдылық деп отырғанымыз, олар қандай жағдай болмасын көндігеді және соған үйренісіп кете алады. Бар ортадан жоқ ортаға түскен күннің өзінде ішкі жан дүниелерінің тыныштығын сақтайды. Ер адам үлкен күйзеліске түсіп, шыдамдылық таныта алмайтын күйге жеткен кезде «бәрі жақсы болады» дейтін әйелдер қауымы. Олар үшін алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ.
Ең сүйікті жанкүйер
«Қыз мұраты – кету, жол мұраты – жету» деген сөз бар. Өз отбасынан өзге отбасыға кетіп, басқа бір тағдырдың бағын ашуға келгенде, оның ең сүйікті жанкүйері болуға лайық жан – әйел. Өйткені ол өз отбасының да ұйытқысы, ерінің де жанкүйері болады. «Әйел қабырғадан жаралған» дейтін сөздің астары тереңде екенін аңғаруға болады. Ер адам шаршағанда, құлазып немесе өмірден түңілген кезде жанына табылып, ақылын жанама түрде жеткізіп, қолдау көрсетуші – жары, әйелі. Ол ғана емес, ерінің сөзін заң деп қабылдайтын бұл асыл жандар, күйеуім қателессе де оның айтқаны дұрыс деп тұратын ең сүйікті жанкүйерлер. Бұл әйелдер қауымының үшінші кереметі.
Бағынып басқарушы
Ерінің қабағын бағып, көңілін табуға жаралған жандардың төртінші ең үлкен кереметі – бағынып тұрып басқаруы. Бұл әрине басқа шығып, ойына келгенін істеу деген сөз емес. Бұл олардың қулығы және ақылдылығы. Ызаланып тұрған сізге еркелеп, майда әрі жылы сөздерімен есіңізді алған кезде сіз қазір ғана ызаға булығып тұрған әрекетіңізді ұмытып кетесіз. Бұл олардың қаруы деуге де болады.
Отағасына, еріне, жігітіне бағынып отырып, сізге нені қалай істеу керектігін үйрететін осы жандар, ұмытпаңыз!
Жалғасы бар...