Әйел – сегізінші кереметі әлемнің #2

Әйелдер қауымының жеті кереметтен кейін орын алатын сегізінші керемет екенін айтып өттік. Олардың алғашқы төрт құбыласы тең төрт белгісін атап көрсеткен болатынбыз. Ендігі төрт белгісіне көңіл аударыңыз. 
Муза 

Әйел – адамзаттың музасы. Шығармашылық адамдардың музасы. Себебі оларға қарап ақын-жазушылар жыр-дастандарын жазса, суретшілер мен мүсіншілер келбетін салып, қалап, әншілер мен күйшілер әнге қосып, нотаға идіріп шерте білді. Табиғаттың өзі де муза болуға әбден лайық пейзаж. Бірақ әйел заты әрбір адам баласының музасы бола алады. Оны жақсы көрмеу, сүймеу, елемей кету мүмкін емес. Олардың тартылыс күші сізді өзіне тартпай қоймайды. Олардың муза болуға тән қасиеті бесінші кереметі десек артық айтқандығымыз емес. 
Сұлулық кейіпкері 

Табиғаттың өзінен тікелей нәр алып, жан дүниесімен тәнін үйлестіре білген әйелдер мәңгі «сұлулық символы» болып қала береді. Себебі біз « тал бойында бір мін жоқ, еліктің лағындай, ақ білегі қайыңдай аппақ, қос жанары мөлдір тамшыдай» деген сынды табиғи теңеулермен бойларына бар сұлулықты жинап береміз. Ал бұл сөздерді айту үшін олардың сұлу екенін жоққа шығаруға бола ма?! Әрине, жоқ. Себебі олар – сұлу. Бұл алтыншы керемет. 
Қасірет пен қасиет иесі 

Әйел – әлемде теңдікті сақтап тұрушы тіршілік иесі. Себебі сонау ежелгі ғасырдан бастап әйелдер үлкен істің басында тұрып билік айтпаса да, білгенін айтып жол сілтеген. Мәселен, Сақ ханшасы – Томиристің өзі бір үлгі. Кеше Жиренше шешеннің әйелі – Қарашаштың ақылдылғы мен қулығы бір адамның емес бір елдің тағдырын шешкен. Себебі ол сондай жаратылыс. Қасиет дарыған. Олар қаласа қасиетті қасіретке де айналдыра алады. Мысалы «Троя» фильмінің өзін алып көрелік. Тарихтағы ең ұлы соғыстың бәріне себепкер болған, дуэльдердің ұйымдастырылуына әсер еткен әйелдер. Жеңілуге апаратын да, жеңіске жетелейтін де әйелдердің бұл жетінші кереметі. 
Өмір сыйлаушы 

Ең ұлы дегендердің бәрі жатырдан шыққан. Олардың анасы бар. Ал ана – әйел. Олардың ең үлкен сегізінші кереметі өзінің тағдырымен қоса тағы бір тағдырды арқалауы. Бұл ұлы күш. Ұлы ерлік. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы, өмірдің мәні мен сәнін келтіре отырып, өмірге тағы бір тіршілік иесін әкелу келсе тек әйелдердің қолынан келеді. Бұл о бастан жазылып қойған заңдылық. Тоғыз ай, тоғыз күн толғатып, торсықтай сәби дүниеге әкелу қандай азап екенін сезінсеңіз, әйелдер әлемнің сегізінші кереметі болуға әбден лайық екенін ұғынасыз. 

Әжелер, аналар, әйелдер, арулар, келе жатқан мерекелеріңізбен!