Ана, саған айтатыным көп менің...

Ана, саған айтатыным көп менің...
Фото: baq.kz

Дүниедегі ең аяулы жан – ана. Ең қастерлі жан – тағы да ана! "Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді" деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Ең аяулы жан анамызға біз қанша жасқа келсек те әлі бала боп қала береміз. Себебі, "аналар ешқашан қартаймайды..." Ана туралы лирикалық өлеңдер топтамасын ұсынамыз!

Ана жайлы ең жақсы сөз... 

"Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді, 
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді, 
Ана жайлы... 
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі, 
Ана жайлы ақындардың өлеңі. 

Ана жайлы - қара жердің төзгені, 
Ана жайлы - уақыттың безбені, 
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде, 
Ол да ананың айта алмаған сөздері. 

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым, 
Тыныштықты, 
Тауды, 
Көлді, 
Ай сəулесін, 
Күн нұрын, 
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың, 
Ана жайлы менің барлық шындығым. 

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді, 
Мен де анамды жақсы көрем, себебі! 
Білесің бе, бұл əлемге адамдар, 
Ана жайлы айту үшін келеді! 

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні, 
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы, 
Бұл өмірді қалай сүріп өткені - 
Ана жайлы айтқан сөзі болады. 

Ана жайлы - кең дүние - бесігің, 
Ана жайлы аманат пен кешірім, 
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде - 
Ұлым, сенің есімің!..

Ерлан Жүніс

Рақмет саған Ана! 

Рақмет, саған, Ана, 

Мені тастап кетпегенің үшін, 
Жетім бала етпегенің үшін! 
Тектілігіңді жоғалтпай, 
Темекі де шекпегенің үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Жаман жолға түспегенің үшін, 
Адал еңбек істегенің үшін! 
Балаңды ойлап болашақ, 
Арақ-сыра ішпегенің үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Әркімді бір сүймегенің үшін, 
Әркімге бір тимегенің үшін! 
Ұрпағың үшін үнемдеп, 
Қымбат киім кимегенің үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Маған бәрін әпергенің үшін, 
Мінезімді көтергенің үшін! 
Он екі мүшемді сау қылып, 
Дүниеге әкелгенің үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Кінәм болса, кешіргенің үшін, 
Ауыр бейнет кешіргенің үшін! 
Ауырмайтын, аман-сау 
Адам қылып өсіргенің үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Сенің әрбір жылағаның үшін, 
Жоқтан барды құрағаның үшін! 
Бақыты үшін балаңның, 
Барлығына шыдағаның үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Арсыз іске бармағаның үшін, 
Аборт жасап, алмағаның үшін! 
Біздерді ойлап, шырылдап, 
Бар өміріңді арнағаның үшін! 

Рақмет, саған, Ана, 

Болашақ менің баламның атынан. 
Бұрынғы ата-бабамның атынан, 
Жеті миллиард адамның атынан, 
Он сегіз мың ғаламның атынан, 

Рақмет, саған, Ана.

Алмас Темірбай

Апа

Қандай қымбат ерке күнім, өткенім, 
Жөн бе еді өзі елден ұзап кеткенім? 
Мынау əлем шырт ұйқыда жатқанда, 
АПА, саған айтатыным көп менің! 

Баяны ұзақ тұрмай баста бағымның, 
Жүргені рас болмай, АПА, халімнің. 
Шыныдайын шытынаған шаһарда, 
"АЙНАЛАЙЫН" дегеніңді сағындым. 

Жан таппадым жанарына АР тұнған, 
Айырылғым келмейді адал қалпымнан. 
Аман алып қалшы, АПА, өтінем, 
Аяр күндер алған кезде алқымнан. 

Қайырымнан құны қымбат торқаның! - 
Ережесі сондай мына ортаның. 
Сен сіңірген тазалықтан санама, 
Мен көз жазып қалам ба деп қорқамын! 

Құрдымына батырады-ау бір күні, 
Құрып кеткір мына қала құлқыны. 
Əлдилеші, тағдырымды тербетсін, 
Алпыс екі тамырыңның бүлкілі. 

Тынысыма тарлық етпей ен дала, 
Арманымнан аулақ кетсін шер-нала. 
Сақтап қалған менің бала бейнемді, 
Жүрегіме арашашы СЕН ғана..! 

...Осылайша отырамын, 
Тастүнек, 
Мылқау түнге төгіп сосын жасты көп. 
Ертеңіне тұрып алып өзіңе, 
Хат жолдаймын "МЕНДЕ БƏРІ ЖАҚСЫ" деп! 

Жанар Айлашова

Апа

Сенің айтар ақылың қалқа маған, 
Ойымды онға бөліп жаңқалаған. 
Жақпар-жақпар жартасты аңсап жүрмін, 
Қатпар-қатпар сезімін арқалаған. 

Апа, 
Сен айтатын естілмей қырдың әні, 
Түндерде асау сезім булығады. 
Жаңа ірелген тоқтының терісіндей, 
Қалада бусана алмай жүрмін әлі. 

Апа, 
Маңдайымнан сүйіп ең кетерде де, 
Қала міне келдімбе бекерге не?! 
Мен сағындым көктемгі төлдің иісін, 
Әтір ғып шығармадың екен неге. 

Апа, 
Ести алмай кетіп ем дала жырын, 
Хор қызы деп қаланың сан аруын. 
Тігісінен сөгілген жүрек ұстап, 
Жүрісінен жаңылып барады ұлың... 

Апа, 
Жоқ еді ғой сен жүрген шақта уайым, 
Адастырды жолсызда аппақ айым. 
Ауылдың қызын алып берем деуші ең, 
Тезірек таныстыршы бақ табайын... 

Апа...

Нұртас Тұрғанбекұлы

Ж. Жұмағұлов