Ана мен сәбидің күнделігі

Ана мен сәбидің күнделігі
Фото: vk.com

Қаңтар айы, 2016 жыл

Сәби

Мен жарық дүниеге келдім. Құрсақта жатқанда әлемнің қандай болатынын ойлап, қиялға берілетінмін. Ойыма не кіріп, не шықпады десеңізші?! 9 ай күткен күнім жетіп, өмірге келдім. Алдымен оң көзімді, екі секундтан кейін сол көзімді аштым. Анамды алғаш рет көрдім. Жүзі сондай жылы, маған қарап сөйлеп қояды. Біресе жылайды, біресе күледі, әйтеуір менен көз алмайды. Мен анамның кеудесінде жатырмын. Мені жылы жамылғыға орап, анамның кеудесіне жатқызған ақ халатты адамдар бізді айналсоқтап кетпей жүр. Мен олардың не істеп жатқандарын түсінбеймін. Мүлде бөлек өмірге келіп, таң-тамаша болудамын. 

Ана

Шыбын жаным шырылдап өмірге сәбиімді әкелдім. Нәрестем аман-есен дүниеге келгенде бақыттан басым айналып, мына өмірге қайта келгендей күй кештім. Тілегім қабыл болды, бүгін он сегіз мың ғаламда менен бақытты адам жоқ! Сәби деген осындай болады екен-ау! Бір жапырақ болып бүрісіп жатыр. Көзі мойылдай қара екен. Алғаш жанарын ашып әлемге қарағанда, көзінде таңғалу, ризашылық сезімі болғандай әсер қалдырды. Шашы да қара, бұйра-бұйра. Қол-аяғын баяу қимылдатып кеудемде жатыр. Неткен бақыт! 

Сәби 

Анам мені емізіп, құшақтап жатады. Күні-түні ұйықтамай, маған қараумен болады. Есесіне мен көп ұйықтаймын. Ана сүтін ішіп алып, ұйықтай берем, ұйықтай берем. Ендігі арманым – әкемді көру. 

Ана

Сәбиім екеуміздің қан талдауымыз жақсы болса, перзентханадан ертең шығамыз. Нәрестемді алғаш емізгенде, киіндіргенде біраз қиналдым. Омырауым жарылып, ашып жүр. Нәрестені қалай ұстау керектігін де білмеймін. Перзентханада бірге жатқан тәжірибелі аналар маған үлкен көмек болуда. Ұйықтап кетуден қатты қорқамын. Ұйқы басып, сәбиімді тұншықтырып алармын деп алаңдаймын. Сондықтан аз уақыт көз шырымын алып, шыдап жүрмін. 

Ақпан айы

Сәби

Анамыз екеуміз үйге келгелі бір ай болды. Үйде мені мейірімді кісілер қуана қарсы алды. Атам мен әжем болар деп топшыладым. Расымен де атам мен әжем, әпке, ағаларым екен. Бәрі маған қызықтай қарайды. Бұл үйде ең кішкентайы мен екенмін. Үйдегілер мені қатты жақсы көреді, өйткені сәл дыбыс шығарсам, жапа-тармағай жүгіріп жаныма келеді. Күн сайын шомылам. Тек сүт ішем. Сосын көп ұйықтаймын. Айтпақшы сіздерге әкемді қалай көргенімді айтып бермеген сияқтымын. Әкемді өмірге келген екінші күнімде көрдім. Ол перзентхананың терезесіне сырттан қарап тұрды, анам мені көтеріп алып, терезеден көрсетті. Келесі күні әкем екеуміз қауыштық. Ол менің бетіме ұзақ қарап тұрып, маңдайымнан иіскеді. Әкем тек менің ғана емес, анам екеуміздің де қамқоршымыз. Оны көрген бойда мен ештеңеден де қорықпайтынымды түсіндім, өйткені әкем мені бәрінен қорғайды. 

Ана

Сәбиім қырқынан шыққанша ауыр жұмыс істемей өзімді күтуім керек. Өйткені мен енді бұрынғыдай тек өзіме ғана емес, сәбиіме де жауаптымын. Нәрестеммен бірге қырқымнан шығатындықтан, босаған бүкіл буыным бекіп, ағзам өз орнына келуі үшін сорпа ішіп, ет жеп әлденуім керек. 

Наурыз айы

Сәби

Мен қазір күлуді үйрендім. Анам мен әкем менімен ойнағысы келеді. Ал мен тек қолым мен аяғымды қимылдата алам. Анам түні бойы төрт рет оянады. Мені көру үшін. 

Ана 

Сәбиімнің денсаулығы жақсы. Дәрігер келіп тексеріп тұрады. Әйтеуір еш жерінде кемшілік болмаса екен деп тілеп едім, тілегім қабыл болып, он екі мүшесі сау нәрестеге өмір сыйлағаныма қуанам. Дәрігер айына бір рет келіп, толық тексерістен өткізеді. Бір уайымым – тісім. Сәбиімді босанғанда тісім түсіп қалған. Бойына бала біткен барлық әйел өз ағзасындағы дәрумендерді баласына береді екен. Тісім қақсап ауыратын болып жүр. Сәбиім қолға ілігерліктей болып өссін, сосын дәрігерге қаралармын. 

Шілде айы

Сәби 

Мен алты айға толдым. Астыңғы екі тісім шығарда, қатты ауырды. Қызуым көтеріліп, мазам қашты. Әкем де маған тіс шығатын кезде ешқайда кетпей, жанымда болды. Біресе, әкем, біресе, анам мені жұбатып, ауруымды жеңілдетуге тырысады. Бір тісім шығып алса, қалған тістерім де шығып кетер. Мен қазір еңбектей алам, оны маған анам үйретті. Күніне бірнеше рет жаттығу жасатып, аяғым мен қолымды еңбектеп кетуге бағыттайды. Арқаммен ішіме, ішіммен арқама аунап, бөлмеден-бөлмеге өтіп жүрмін. 

Ана

Сәбиім тісі шығарда қатты ауырды. Жанымды қоярға жер таппай, күтумен ғана болдым. Нәрестем шырылдағанда мен де бірге жылап алам. Ол ауырғанша, мен неге ауырмаймын?! Сәбиім қазір қозғалатындықтан, төсектен құлап кете ме деп қатты қорқамын. Далаға шығып кетсем, нәрестемді уайымдап үйге кіргенше тағат таппаймын. Бар уайымым – балапаным аман-есен өсіп кетсе екен. 

Қаңтар айы, 2017 жыл 

Сәби

Анам "қасықты былай ұстап, тамақты былай жейсің" деп күнде үйретеді. Бірақ әлі дұрыс меңгере алмай жүрмін. Күн сайын әкем мен анам мені екі қолымнан ұстап "тәй-тәйлатып" жүргізеді. Олар маған бүкіл уақытын арнайды. Мен күлсем, күледі, жыласам, жұбатуға тырысып әлекке түседі. Кейде еркелеп, жұмыстан шаршап келген әкемнің үстіне мініп алам. Әкем болса қатты қуанып, мені құшақтап, сүйе береді. Қытықтап ойнайды. Маған әкемнің ойнатқаны ұнайды, ал анам болса, "құлап қалма", "сүрініп кетпе" деп жанұшыра уайымдаумен болады. Ана мен әкемнің мені сөйлеуге үйреткендері қызық. Екеуін сондай жақсы көремін. Бірақ бір-біріне дауыс көтергендерін естігенде жүрегім қатты дүрсілдеп кетеді. Әкешім мен анашым ешқашан ұрсыспаса екен. 

Ана

Сәбиім бір жасқа аман-есен толды. Тұсауын кестік. Әзірге жүріп кете қойған жоқ, бірақ аяғын басып жүрейін деп жүр. Өзі алға ұмтылып, тырмысады. Өмірге құштар. Түрлі тәтті қылық шығарады. Омырауымның сүті тартылып, сәбиіме тамақ беріп жүрмін. Киімі бүтін, отырған жері жайлы да жылы болуы үшін әкесі екеуміз еңбектенеміз. Нәрестем бір күлгенде бар уайымымды ұмытамын. Сәбиімнің ғұмыры ұзақ, дені сау болсыншы.  

Р. Роза