- Негізгі бет
- 8 наурыз 2017
- 8 наурыз: студенттерге...
8 наурыз: студенттерге арналған сценарий
Аудитория немесе сахна мерекелік кешке сай безендірілген.
Қабырға газеттері, шарлар, түрлі безендіргіш зат.
Екі жүргізуші. (бірі қара сөзбен, бірі өлеңмен)
1-жүргізуші:
Ананың ақ сүтімен, ақ жаулықтың әженің тәрбиесімен өскен әлеумет, армысыздар!
2-жүргізуші:
Бармысың аналарым, мақтанышым,
Әжелер, сендерге жыр ақтарылсын.
Аяулы жар болатын сұлу қыздар,
Сендерсіз қай ісіміз атқарылсын.
1-жүргізуші:
Иә, шынымен де, әлемнің көркі де, сәні де – әйелдер. Мұқағали не деп еді?
2-жүргізуші:
Әйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
1-жүргізуші:
Ендеше, сіздерді халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймыз, өздеріңізге арналған концерттік бағдарламамызды қарсы алыңыздар!
2-жүргізуші:
Адасып сөйлеп, әдептен бүгін аспаймыз,
Дайынбыз бүгін, берікпіз ал, тастаймыз.
Көктемде туған құлпырған айдай арулар,
Сіздерге деген көрікті кешті БАСТАЙМЫЗ!
Ән. (ана туралы)
1-жүргізуші:
"Қыз еркелесе, жеңеді",– дейді қазақ. Шын мәнінде, дәл солай. Бұл жердегі еркелік – жігіттің мойнына асылып, орынсыз күлу емес. Қазақ ұғымында еркеліктің де өзіндік шекарасы болғаны белгілі. Қырсықтықтың қаһарына ілігіп жүрген қыздарымыз қаншама?.. Қазақ санасындағы қыз бала мінезі биязы, ұяң, ибалы секілді тіркестермен өлшенеді. Әлі де солай. Неге?! Себебі, қазақ болмысы әйел адамды қаншалықты құрмет тұтып, қадірлесе, соншалықты ер-азаматтан кейінгі орынға қойып, артық әрекет жасатпаған.
2-жүргізуші:
Па шіркін, сөзі қандай баланың,
Саған берер бәсі басым бағаның.
Бүгін онда мерекесі екен ғой,
Қызғалдағы өңін берген даланың.
1-жүргізуші:
Қыздар қауымы сіздер үшін ******************** арнайы өзінің арнау әнімен. Қарсы алыңыздар!
(сахнада домбыра ұстаған жігіт, авторлық арнау айту)
2-жүргізуші:
Қазақтың күйі, даланың мұңы, дастаны,
Ән салып бірге жаңғырып жатар асқары.
Қыраны қағып қанатын биік саңқ етсе,
Ашылар шайдай көгілдір көкте аспаны.
1-жүргізуші:
Қос ішектің қылын шертіп қана қоймай талай қыздың жүрегін сырын шертіп жүрген күйші ұлдарыңыз ******************** сіздерге деп бір күй орындап берсем дейді, қабыл алыңыздар!
1-жүргізуші:
Біреуі қара сөздің сорпасын қайнатып, біреуі өлеңнің сарайын ашып мына екеуі сахнада сайрай берді демеңіздер. Бүгінгі кештің тізгінін осылай ұстауды жөн көрдік. Көңіл-күйлеріңіз қалай?
2-жүргізуші:
Бағасын жақсылықтың біліңіздер,
Бақыттан бас айналып жүріңіздер.
Күлкіге қарық қылсын ұлдарымыз,
Ал сіздер бір қуанып, күліңіздер
(сахнада әзілкеш жігіттер)
1-жүргізуші:
Көзімнен жас шыққанша күлдім. Осы "күлкі адамның жасын ұзартады" дейді. Жастарыңыз ұзақ болсын аналар, ұстаздар, қыздар!
2-жүргізуші:
Мәңгі жасыл жүзіңді көріп тамсансын,
Қос етек кисе қазақтың қызын аңсарсың.
Төгілген бұрым, қиылған қасқа елітіп,
Жігіттер жағы керемет бір ән салсын.
(жігіттерден құралған топ қыздарға арнап ән салады)
1-жүргізуші:
Бүгін бәрі сіздер үшін. Ән де, би де, күй де, тіпті айтылар әрбір сөзіміз сіздерге арналған. Сіздерсіз біз қараңғы түнекпіз, сіздерсіз күнбіз айы жоқ. Сіздерсіз ағашпыз жапырақсыз, сіздерсіз даламыз қызғалдақсыз. Сіздерсіз ешкім емеспіз, әйелдер қауымы.
2-жүргізуші:
Қай жерде, мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні - әйелде.
Мықтымын десең ойыңды,
Әйелге барып дәлелде.
Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем.
Сүйкімді болсаң шынымен,
Әйелің сүйсін алдымен.
Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең - әйел деп сүрін.
Халыққа сыйлы болмайсың,
Әйелге болсаң жексұрын.
Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң!
(сахнада жігіттердің ұйымдастыруындағы би «Вальс». Қыздарды, аналарды, ұстаздарды биге шақыру)
1-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, аналар, арулар. Сіздерге деген ақ ниетпен, ақ көңілімізбен дайындаған балдай күлшемізді қабыл алыңыздар!
(ортаға балкүлше ұстаған екі жігіт кіреді)
2-жүргізуші:
Бәрін жасап беретін біздер үшін,
Сүйетін де, күйетін біздер үшін.
Бүгін онда мына аппақ гүлдеріміз,
Алыңыздар, арулар сіздер үшін!
(сахнаға шоқ-шоқ гүл ұстаған жігіттер тізбегі кіреді)
1-жүргізуші:
Қолдарыңыздағы гүлдей құлпырып, қасымызда жүре беріңіздер. Сіздерге деген махаббатымыз шексіз. Бүгін біз қоштаспаймыз. Біз күнде осындамыз, сіздердің әлі де мейірімдеріңізге зәруіміз. Әдемілерім, аяулыларым, ардақтыларым, мерекелеріңізбен!
2-жүргізуші:
Бүгін ұлы мереке байтағымда ал,
Сөздің соңы, ендеше айтарым бар.
Бізден көңіл ұнаса сіздер үшін,
Қошеметін шапалақпен қайтарыңдар.
(музыка. Ортада би)