- Негізгі бет
- 8 наурыз 2017
- 8 наурыз: мектеп...
8 наурыз: мектеп мерекесіне арналған сценарий
Зал мерекелік кешке сай безендірілген.
Аналарға, қыздарға арналған құттықтау қабырға газеттері, шарлар ілінген.
Екі жүргізуші (екеуі де жігіт)
1- жүргізуші:
Армысыздар, құрметті аяулы аналар, ұстаздар және де гүлдей құлпырған, даланың лала гүліндей жайқалған қыздар!
2- жүргізуші:
Бүгінгі келіп жеткен сегізінші наурыз халықаралық әйелдер күні, аналар күні, қыздарымыздың төл мерекесі құтты болсын!
1- жүргізуші:
Аналарым, әжелерім ақ маңдай,
Сүйсіндіріп, ағарып таң атқандай.
Бар табиғат құлпырып-ақ кетіпті,
Сұлулыққа басын иіп жатқандай.
2- жүргізуші:
Па, шіркін! Қандай өлең, арнадың,
Өлеңіңді өлеңіме жалғадым.
Мың сұлудың алдындамыз қарашы,
Бар ма, айтшы, бүгін сенің арманың
1- жүргізуші:
Иә, арман демекші, армандау әрбір оқушының қасиеті. Болашақ түлектер, білімді ұрпақ. Ал сол білімді ұрпақты тәрбиелеуші кім?
2- жүргізуші:
Ұстаз! Ұстаздың қолына әкеліп, бізді тапсыратын кім?
1- жүргізуші:
Аналар! Анамыздан тығып сарқытын беретін кім?
2- жүргізуші:
Әжелер! Әжелерінің сүйікті әрі сұлу немерелері кім?
1- жүргізуші:
Қыздар! Барша әйелдер қауымы БІРГЕ: МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН! Біздің бүгінгі сіздерге арнап отырған «Әлемнің асылы – сұлулар» атты концертімізге қош келдіңіздер!
2- жүргізуші:
Сахнада мектебіміздің күміс көмей, жез таңдай әншісі, жігіттің сұлтаны *********************** қарсы алыңыздар!
1- жүргізуші:
Аналар демекші, анаңа осы мереке күні қандай сыйлық берейін деп жатырсың?
2- жүргізуші:
Білмеймін әлі. Бәлкім гүл алатын болармын.
1- жүргізуші:
Әпкең мен әжеңе ше?
2- жүргізуші:
Айта бермеші, онсыз да басым қата бастады. Тез өтіп кетсе екен...
1- жүргізуші:
Жылына бір келетін мерекені тез өтіп кетсін дегені несі, қой қайта қуану керек. Аналардың мерекесі ғой.
2- жүргізуші:
Бір нәрсе айтайыншы, қызыңа не аласың?
1- жүргізуші:
Ойбу, мереке тез өтіп кетсе екен...
2- жүргізуші:
Әрине, мұның бәрі әзіл. Біз концертімізді әрі қарай жалғастырамыз. Ортада өзінің аналарға арнауымен ********************************* қошеметтеріңіз!
1- жүргізуші:
Қыздар, қыздар, сұлу қыздар... ( әнін әндетіп сахнаға жүргізуші шығады)
2- жүргізуші:
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған... (екінші әнді орындап екінші жүргізуші шығады).
1- жүргізуші:
Шынымен, әлем ақындары таң қалатындай, қыздар қауымы сұлу ғой шіркін. Олардың күлкісі аққан бұлақтың сыңғыр дауысындай.
2- жүргізуші:
Көздері мөлдір, жаңа жауған жаңбырдың тамшысындай.
1- жүргізуші:
Жүздері жұлдыздан жаралғандай, жарық шашып тұрады.
2- жүргізуші:
Жә, осы жерден тоқтатып, келесі өнерпаз жігіттерге кезек берейік. Өздерінің қағытпа-қалжыңдарымен жігіттерден құралған жайдарман құрамасын қарсы алыңыздар.
(әзіл ойнайды. 5-10 минут арасы)
1- жүргізуші:
Нағыз қазақ, қазақ емес – домбыра демекші, ортада күмбірлеген күйімен ****************** қарсы алыңыздар!
2- жүргізуші:
Осы әйелдер қауымын «әлемнің сегізінші кереметі» десем сенесің бе?
1- жүргізуші:
Қалай сонда?
2- жүргізуші:
Әлемнің жеті кереметін бәріміз білеміз, сол секілді қыздарды білмейтін адам жоқ қой.
1- жүргізуші:
Сен қызықсың, жігіттерді де біледі ғой.
2- жүргізуші:
Жоқ, бізді біледі. Бірақ біз олар секілді еленіп-ескерілмейміз ғой. Олардың сұлулығына тамсанып қанша ақын жыр жазды, ән жазылды, күй шықты, тіпті, білмеймін енді.
1- жүргізуші:
Қой, олай көңіліңді түсірме. Сен негізі білмейді екенсің. Олар тек бүгін, 8 наурыз күні ғана еленеді. 365 күннің бір күні ғана нәзік жандылардың, ал қалған 364 күн біз секілді нәзік емес жандардың күні ғой. Қайта мақтан!
2- жүргізуші:
Оны ойламаппын. Жарайды. Қарсы алыңыздар, ортада тамаша әнімен *****************************
1- жүргізуші:
Мен бүгін ұстаздар қауымын және қыздарымызды сұрақтың астына алғым келіп тұр. (Қыздарға арналған немесе интеллектуалды сұрақтар топтастырып қоюға болады).
2- жүргізуші:
Көктемменен құлпырып,
Жүректерге нұр тұнып.
Қайта жарды бүршігін,
Бәйшешектер бұлқынып.
1- жүргізуші:
Мерекесі асылдың,
Мерейін ал асырдым.
Сұлулары әлемнің,
Сұлулары ғасырдың.
1- жүргізуші:
Сіздерге шын жүректен бақыт және сұлулық тілейміз. Қартаймаңыздар. Мәңгі жасыл шыршадай құлпырып қасымызда жүре беріңіздер!
2- жүргізуші:
Әжелерім, аналарым, ұстаздарым, еңбектеріңіз жемісті болсын. Әрбір отбасының ұйытқысы, бір қолмен бесікті, бір қолмен әлемді тербетіп жүре беріңіздер! Тағы да мерекелеріңізбен! Келесі күнде жолыққанша сау болыңыздар!