8 наурыз. Ертеңгілік сценарийі

8 наурыз. Ертеңгілік сценарийі
Фото: өңделген

«Сегізінші кереметі әлемнің» атты ертеңгіліктің сценарийін ұсынамыз.

1-жүргізуші:

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды, - деп Қадыр ақын жырлағандай бар өмір, бар тіршілік, ең алғашқы сөзіміз де «Анадан» бастау алады.

2-жүргізуші:

Иә, Ана – ұлы. Жалпы әйел баласының бойына біткен нәзіктік пен ибалылық, мейірімділік пен жылулық әлемді ұстап тұрғандай. Қыз, қарындас, әпке, ана, әйел, жар, әже! Осындай реттілікпен жалғас табатын нәзікжандылардың атаулы күні. Құрметтері ұлықталып, даралықтары жалқыланар күні. Тек бүгін емес, жылдың 365 күні осы жандарға арналады. Бүгінгі мерекелік кешіміз де осы аяулы жандарға арналады.

1-жүргізуші:

Олай болса, құрметті қонақтар! Бүгінгі «Сегізінші кереметі әлемнің» атты кешімізге қош келдіңіздер!

2-жүргізуші:

Белгілі ақын Нұрлан Оразалин:

Мен жоқта желменен сырласпа,

мен саған желсіз де жетемін.

Жазылар көп әлі жыр басқа,

тербетер тауымның шетенін.

Мен саған желсіз де жетемін, деп анаға деген сағынышын өлеңмен өріпті. Иә, ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің дейді ғой даналар. Әйтсе де, ананың қадірін жанынан бір күн жырақтағанда сезінетін секілдісің.

1-жүргізуші:

Сөзіңнің жаны бар. Олай болса, шет жүрсек сағынарымыз – Аналарымыз туралы тамаша ән тыңдайық! Ән. «Анашым» (Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы ән)

2-жүргізуші:

Мерекелік кешіміздің шымылдығын ашқан әнші ұлдарыңыз (қыздарыңыз) ____________.

1-жүргізуші:

Ақ шашты ана:

«Жастығым — балам» дейді.

Ақылды бала:

«Ай-күнім — анам» дейді. Ал біздің былдырлаған балапандар аналарын қалай құттықтар екен?

2-жүргізуші:

Алдарыңызда бүлдіршіндер құттықтауы.

1-бүлдіршін:

Қуанышы баланың -

Қуанышы ананың.

Қуанышы ананың-

Қуанышы баланың.

2-бүлдіршін:

Бізді өсірген анашым,

Еңбегің де зор екен.

Құтты болсын, анашым,

Құтты болсын мерекең!

3-бүлдіршін:

Анам мені: «Айым» - дейді,

Мен мұңайсам, уайым жейді,

Анам мені: «Күнім» - дейді,

Мен қуансам, күлімдейді.

4-бүлдіршін:

Еркелесем, күлімдейтін,

Ұрысқаны білінбейтін.

Маңдайымнан иіскеп менің,

«Құлыншағым, күнім», - дейтін.

5-бүлдіршін:

Мама, мама –

Жалғандағы жалғыз ән,

Сезімімді оятатын қалғыған

Мүмкін сенің суретіңді құсқа айтып,

Қауырсынмен ай бетіне салғызам.

1-жүргізуші:

Әй, жарайсыңдар, балдырғандар! Осы деммен анасын құттықтағалы отырған кішкентай ­­­­­___________  «Құттықтаймын, мама!» әнімен қарсы алайық!

2-жүргізуші:

Осындай тәтті тілімен қытықтаған балдырғандар ән шырқап жүрген біздің заман шынымен бақытты. Бақытты шақ! Бақыт деген не өзі?

1-жүргізуші:

Бақыт деген – осы! Бейбіт елде еш уайымсыз ән шырқап жүрміз. Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бақыт ұғымын қалай елестетті екен?

2-жүргізуші:

Олай болса, бұл сұрақтың шешімін әнінен іздеп көрейік. Ән. «Бақыт деген». Орындайтын: ___________

1-жүргізуші:

Е, міне бақыттың өлшемі! Анамыздың құшағында еркелеп өсіп, мейіріміне қанып жүрміз!

2-жүргізуші:

Иә, бақытты шағымыз ұзағынан болсын. Міне осымен, біздің шағын концерттік бағдарламамыз аяғына да жетті. Нәзік жандыларымыз аман болсын!

Г. Берік