Көктем келеді
Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі,
Нұрлы шуақ,
Көктем боп бар құмары,
Қар астынан қылтиған
Жауқазын гүл,
Күн нұрына сәбидей талпынады.
Нәзік гүлім!
Өжет те қайсар гүлім!
"Көктем келе жатыр" деп
Жар сал бүгін!
Ақ қар еріп барады жылап ағып,
Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл...
Дауыстарды не түрлі толтыруда,
Туған жердің тау-тасын, жал құмын да...
Көктем аунап келеді,
Көктем аунап,
Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.
Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде,
Жанарына үйірді күлкі Күн де.
Көктем бүрлеп келеді,
Көктем бүрлеп,
Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.
Қараңызшы!
Тұп-тұнық таң атуда,
Кең далама
Шұғыласын таратуда.
Көктем көшіп келеді
Көктем көшіп,
Қайта оралған құстардың қанатында.
Сырбай Мәуленов
Әз көктем, аяулымсың армандаған,
Әз көктем, аяулымсың армандаған,
Мен сені іздеп жүрдім бар ғаламнан.
Жабықсам сенсің мені құтқаратын,
Көк жүзін көлеңке бұлт торлағаннан.
Қырмызы қызғылт бақты нұр басқанда,
Тыраулап алыс жаққа тырна ұшқанда.
Гүл алып сені тостым келер ме деп,
Бақтарда қыз бен жігіт сырласқанда.
Көкем-ау, көрінбедің көптен бері,
Ақ жаңбыр қайтып келсе көктен кері.
Сұрадым мекеніңді айтпай қойды,
Желбіреп Сарыарқаның жеткен желі.
Сен қайда жүрдің, көктем, біле алмадым,
Екеуміз толқыны едік бір арнаның.
Желбіреп желмен бірге жетер ме деп,
Жабықтым жүрегімнен жыр арнадым.
Шәмшия Жұбатова
Көктем әуендері
Алматының көктемі жылда ерек бір,
Жастық шағы оралып гүл, терек тұр.
Гүл, терекке құмартқан құрбы жанмен,
Менің іңкәр жүрегім бірге өрекпір.
Қиял қуып келгенім кеше еді,
Мұңға тұнық батырды неше мені.
Көңілімнің архивін көтереді,
Кезбе күннің куәсі көшелері.
Іңкәрліктің қызғалдақ гүлін ұстап,
Бейім жүрдім пейілге ұғыныспақ.
Жиі ұмтылдым от көрсем көбелектей,
Тіршіліктің отқа ұқсас ғұмыры ұқсас.
Көз жетпейтін белесті — киген сағым,
Мәңгі өшпейді ес-түссіз сүйген шағым.
Оралмайды ол кезең, қанша жерден,
Отқа оранған көбелек күймен сағын.
Алматының көктемі жылда өстер,
Ойы сөйлер көбейер үндеместер.
Үндеместі жетелеп тың белеске,
Кейін қалған естелік күнде елестер.
Сәндібек Жұбаниязов
Көп күткен көктем
Алланың әр жылғы арнайы сыйлығы,
Бұтақтың бүрінен бүр жарған бұйрығы
Өте пәк ойлардың анасы —
Тым терең тылсым күш жап-жасыл күбірлеп,
Нұр құйып мейірлі өзекке,
Қатыгез кеудені жылатқан.
Қос жанар түйіскен мезетте,
Махаббат дәнінен
Жүректі жамырап гүлдеген сезімдей,
Жанымның аңсары,
Жарымның мөп-мөлдір көзіндей,
Жапырақ тілінде ағылып сөйлеген,
Осы бір Көктемді көп күттім сарылып!
Көп күттім осы көктемді,
Бабамның қанымен көктеген.
Даламның бар мұңын айтсам деп;
Ділімнің діңгегі —
Табанда тапталған
Тілімнің тағдырын айтсам деп;
Басқаға еліктеп-жалтақтап саспаған,
Біржола жат болған ұлымды,
Бетімді беріш қып тастаған,
Етегі сатылған қызымды айтсам деп;
Дүдәмал досыммен ластап арымды,
Саудалап бағымды,
Өзімді тірідей өлтіріп, өзгеге сыйынып,
Сезімсіз мұртымнан жымиып...
Есімді есектің аузындай қисайтып,
Дұшпанға мақталған түрімді айтсам деп;
Маңдайдың көк тері сорғалап күн көрген,
Момынды мінбеден жүндеген,
Сайқалдай құбылып сөйлеген,
Сайтандай қиылып санамды сасытқан,
Жалпақ бет жандайшап әкімді айтсам деп;
Ұлыққа жағынып, ылығып,
Бір-бірін күндеген былығып,
Сөзімнің қадірін кетірген,
Құлқынның құлына айналып пұл үшін сайраған,
Ақымақ "ақынды" айтсам деп...
Қап-қара қан ағып көзімнен,
Ойымның ішінде булығып өксідім,
Күп-күрең күрсіндім құсалы,
Мысалы,
Көпірдім несін мен,
Бұл ғасыр — есірген ессіз бір есірмен.
Шындығы — бір ғана тамшыдан түлетіп,
Жатырдан жалғанға көшірген,
Сөзіме сыйғызып барлығын,
Басымды кішкентай ғарыш қып жаратқан,
Теңдессіз — пәк, Бағым —
Алладан басқа дос таппадым!
Досыма жүрекпен жүгіріп, жалынып,
Осы бір көктемді көп күттім, көп күттім сарылып!!!
Бауыржан Қарағызұлы