Бүгін сіздерге осынатын ана туралы үздік өлеңдердің бірқатары бұрын интернетте жарияланбаған. 8 наурыз мерекесі қарсаңында ең үздік деп таныған бір өлеңді жаттап алып, анаңызға айтып қуантыңыз.
Аналарға арнау
Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.
Анасыздар — Ақ Еділ, Жайықсыздар —
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе,- лайықсыздар.
Өр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді, — лайықсыздар.
Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.
Сіздер — Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер — өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер — жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.
Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.
Естеу Нүсіпбеков
Анама
Тағдырдан жапа шеккенде,
мұң шағып саған келмедім
салым бір суға кеткенде
мейіріміңе шөлдедім.
Бағаңды жүрмін сезініп,
Күн-Анам менің, Ай-Анам,
өзіңді ойлап көз іліп,
өзіңді көріп оянам.
Тағы да, міне, күз келді,
отырсың ба, Анам, күрсініп
алыстатты ғой біздерді,
күйбеңі бітпес тіршілік.
Құс болып ұшып келмедім
шыға алмай қапас қаладан,
шөлдедім қатты, шөлдедім,
мейіріміңе, жан Анам.
Сағындым, төзім таусылды,
бұлаңдап өскен балаң ем,
«Құлыным» деген даусыңды,
қайталаса екен бар әлем.
«Жақсы өлім» деп жатыр ел,
Өлім жақсы бола ма?
Алтын төлеп, ақы бер,
Кім жүгірер молаға?
Әке, сені ойласам,
Жас толады көзіме.
Өкінемін қай-қашан,
Ет-жүрегім езіле.
Еске түсе бересің,
Қадіріңді сездіріп,
Көз алдымда - елесің,
Кеткендейсің көз қылып.
Кыстығам да, булығып,
Құс төсекке құлаймын.
Жастығымды су қылып,
Жалғыз жатып жылаймын.
«Арманы жоқ» десіп ел,
Ардақ тұтып жатса да,
Көңіл қалай көсілер,
Арманда өтер патша да.
Жетім қалып бір жаста,
Жалғыздықты көп көрдің,
Жетерліктей бір басқа
Жаһаннамды өткердің.
Қаршадайдан қан кештің,
От пен суды ес қылып,
Көрмедің-ау, жанкештім,
Бұл жалғаннан еш қызық.
Көп керек игі қазаққа,
Оң болса деп сұраймын,
Тым болмаса о жақта
Көзі саған құдайдың!..
Ұлықбек Есдәулет
Ана жайлы ең жақсы сөз...
"Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,
Ана жайлы...
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.
Ана жайлы - қара жердің төзгені,
Ана жайлы - уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.
Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты,
Тауды,
Көлді,
Ай сəулесін,
Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.
Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!
Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені -
Ана жайлы айтқан сөзі болады.
Ана жайлы - кең дүние - бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде -
Ұлым, сенің есімің!..
Ерлан Жүніс
Мама
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.
Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.
Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.
Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.
Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..!
Ақберен Елгезек
Анаңның сыйы – асылың
Айдың сынығы
Анамның түсті қолына.
Бұлттардың тозған жұлығы
Даланың тиді жонына.
Манағы айдың сынығын
Жүзік қып маған сыйлады.
Бұзылмай бұла қылығы,
Пәк қалсын деді-ау иманы.
Кірбеңдеу жетті ғасырың,
Кірлемей қайтіп өтесің.
Анаңның сыйы – асылың,
Далаңның сыйы – зекетің.
Ғасырдың тартқан шылымы,
Қырсық боп қымтап мұз үстін.
Көзіне уақыт ұрының,
Сәулесі түсті жүзіктің.
Сәулеге шомды маңайым,
Тұрды-да қойды тау қалғып.
Аразға жақын ағайын,
Азабын жүр аужал ғып.
Көрінді күллі дүние,
Көрімді тобыр жүр қазып.
Қойшының қоңыр үйіне,
Қожаңдап кірді мырза жұт.
Мырзалар тосын молайды,
Бір хабар жетті сұмдықтан.
Торғайы әнші тоғайды,
Шаң жұтқан.
Мені де мүжіп мұң,
Сағымға еріп сандалғам.
Көзінен өткен жүзіктің,
Біреуге алданғам.
Азия Мағыпер
Анажан
Аппақ қар болып шашың да,
Ағарып кетті-ау, жан анам.
Ақындығым да, даңқым да,
Қормалым сенің садағаң.
Өсіру мені о бастан,
Машақат еді не деген.
Ақ армандарды қууға,
Ақ тілегің ғой жебеген.
Аналық алтын борышың,
Жүр әлі менің арқамда.
Көтеріп сізді сол үшін,
Меккеге күнде барсам ба?!
Ақ маңдайыңның әжімі,
Жылдардың ізі шуақты.
Омырауыңның ақ сүті –
Өтелмес қарыз сияқты.
Айыпхан Баймоллаұлы