- Негізгі бет
- 8 наурыз 2016
- 8 наурызда туған...
8 наурызда туған жігіттер төл мерекесін қалай тойлайды?
8 наурыз күні қыздар, барша әйел заты ерекше шаттыққа кенеледі. Айтылар ақ тілек, жылы лебіз, ыстық ықылас, сыйланар сый-сияпат, құшақ-құшақ гүл, ерлер тарапынан көрсетілер қызмет толығымен аруларға арналады. Бұл күні нәзік жандылармен қатар қуанатын ер азаматтар да бар. Олар – 8 наурыз күні анасына баға жетпес сый болып, дәл осы күні жарық дүние есігін ашқан жігіттер. Бұл жігіттер төл мейрамын қалай тойлайды екен? 365 күнде айналып бір жетер туған күні Халықаралық әйелдер мейрамының тасасында қалып қоймай ма? Өздеріне сөз берейік.
Мейрамбек Ғайыпбаев: Туған күнді тойламайды екем. Кішкене кезімде туған күніме атам сыйлық беретін, өсе келе ол үрдіс қалды. Өзім анам мен екі қарындасыма сыйлық сыйлаймын. 8 наурыз мейрам болған соң, немере ағам есімімді Мейрамбек деп қойған. Туған күнім 8 наурызда болғаны жақсы, қыздарды құттықтамаймын. Өздері "Туған күніңмен" деп құттықтағанда, өзін де құттықтап жіберемін. Басқа артық ештеңесі жоқ.
Нұрбол Нұрсұлтанов: 8 наурыз туған күнімде атап айтарлықтай ерекшелік жоқ! Ең басты ерекшелік – анам өзінің мерекесіне мені дүниеге алып келіп, сыйлық жасауы. Мен үшін туған күнімдегі ең үлкен сыйлық сол. Өзім туған күніме аса мән бере қоймаймын. Кейде мерекеде қыздарды өзім бірінші құттықтаймын, кейде олар мені құттықтайды. Әр жылы әрқалай. Жыл сайын шамам жеткенше, анама кішігірім болса да сыйлық беруге тырысамын. Ал басқа нәзік жандыларды жылы құттықтап тілектер айтамын.
Мейрамбек Сыдықов: Иә, бұл – шынымен де ерекше туған күн. Бала кезімде өте ұялатын едім. Маған сегізінші наурызда туған жалғыз ер бала өзім секілді көрінетін. Өсе келе үйреніп кеттім. Қазір өзімді "Анама Алланың берген сыйымын" деп мақтанып жүретінім бар. Туған күн тойлауға құштар жан емеспін. Шыны керек, арнайы отырыс жасап тойлап көрмеппін. Бала кезімде отбасыммен бірге қарсы алатын едім. Студент болғалы достармен жиналып, барынша жақсы тойлаймыз.
Мерекеде, туған күнде сыйлық алып-сыйлық беру үлкен үрдіс екені рас. Көбіне туыс-тумаларым сыйлық жасайды. Достарым студент болғандықтан, олардан ештеңе дәметпеймін. Ал өзім анамнан басқа жанға сыйлық жасап көрмеппін. Осы мерекедегі басты сыйлыққа лайықты жан – аналар деп ойлаймын. Бірінші анамды құттықтаймын, басқа қыздарды құттықтамаймын. Алдымен мені құттықтайды, сосын мен оларды құттықтаймын. Айналамның барлығы осы әдетке үйреніп кеткен. Негізі менің айналамда мерекеден бұрын менің туған күнім екені бірінші аталады. Мерекеде туғаныма қуанбасам, өкінген емеспін.
Наурызбай Маусымбайұлы: Менің туған күнім – ерекше. Мен қыздарды құттықтасам, олар да мені құттықтайды. Анам мені тоғыз ай бойы тұңғышым қыз болады, қолғанатым болады деп асыға күткен. Содан соң ұл болса да, қыздардың мейрамында дүниеге әкелдім деп қуанған екен. Кішкене кезімде жүріс-тұрысым қыз балаға ұқсайтын, әлжуаз, жуас болдым. Ер жеткен соң спортпен шұғылданып, ер жігітке ұқсадым. Қазір жыл сайын мерекеде құрдастарымыз келіншегімен біздің үйге жиналады. Өзге мерекелерде кімнің үйіне отырамыз деп даурықсақ, 8 наурыздың шаруасы шешіліп тұрады. Келіншегім екеуміз бұл күні бір-бірімізге тосын сый жасаудан жарысамыз. Әрине, анама екі мерекеге, қос қуанышқа татитын ең жақсы тарту жасауға тырысамын. Анама сыйлық алуға келіншегім кеңес береді, оның сөзіне сүйеніп, өзіне де не керегін біліп аламын.
Қыздарбай Нұрмағамбетов: Мен үшін туған күнім – ең ерекше күндердің бірі. Бұл күн тосын сыйларға толы болады. Достарым, топтастарым мені қуанту үшін әр жылда әртүрлі тосын сый жасайды. Халықаралық әйелдер күнінде туғаным үшін әзіліміз жарасатын кей достарым әжуалап, қыздарға арналған сыйлықтар береді. Мен оған еш қабақ шытпай, қуанышпен қабыл аламын, естелік болсын деп сақтап қоямын. Бір жақсысы, өзге жігіттер секілді қай қызды құттықтауды ұмыт қалдырдым деп алаңдамаймын. Өзімді құттықтаған қызға "өз тілегің өзіңе екі есе болып оралсын" деп құттықтаймын. Есімімді құрметті қыздардың қуанышты күніне орай атам қойған.
@. @assel_assanova