Халықаралық әйелдер күні алғаш 1911 жылы төрт елде – Дания, Швейцария, Австрия және Германияда тойланды. 1912 жылдан бастап әйелдер күні әлемнің әр елінде кең көлемде мерекелене бастады.
Қытай
Қытайлар үшін 8 наурыз мейрамының мәні жоқ деуге де болады. Бұрынғы революционер әйелдер ғана ресми құттықтау алады. Бұл жерде қыз-келіншектерге кесілген гүл сыйлау дәстүрі жоқ. Пекин қаласының гүл сататын дүкендері наурыз айы басталысымен Қазақстан, Ресей азаматтарына және өзге де шетелдік тұрғындарға толы болады. Бұл мезгілде раушан және нәркес гүліне сұраныс көбейеді.
Латвия
1991 жылы Латвияда халықаралық әйелдер күні статусынан айырылған еді. Бірақ 7-8 жыл бұрын атаулы күн болып күнтізбеге қайта енгізілді. Мұнда халықтың шамамен 80 пайызы мерекені атап өтеді.
Жапония
Халықаралық әйелдер күні Жапонияда тойланбайды. Дегенмен жапон халқы көктем мезгілі келгенде қызғалдақтай құлпырған нәзік жандыларын елеусіз қалдырмайды. 3 наурыз күні Қыздар мерекесін тойлап, 14 наурыз күні ерлер зайыбын сый-сияпатпен құттықтайды.
Балтық жағалауы
Австрия мен Австралияны, Швеция мен Швейцарияны, Литва мен Латвияны шатастыратын әйелдер назарына: Литва – 8 наурыз мерекесі ресми статусқа иеленбеген, бұрынғы КСРО республикасы; ал Латвияда бәрі керісінше.
Үндістан
8 наурыз күні Үндістанда мүлдем өзге мереке, Холи мейрамы тойланады. Елде мерекелік алау жағылып, халық би билеп, ән шырқап қызыққа батады. Бір-біріне әртүрлі бояу қосылған су құйып, көңіл көтереді. Ал әйелдер күнін қазан айында тойлайды және ол он шақты күнге созылады.
Сербия
Бұл елде 8 наурыз күні ешкімге ешқандай демалыс та, сыйлық та берілмейді. Әйелдер мерекенің иісін де сезбейді. Мұнда тек Рождество алдында тойланатын «аналарға арналған» атаулы күн ғана бар.
Ұлыбритания
8 наурыз күні, өкінішке орай, бұл ел әйелдері назарға алынбайды. Мереке ресми түрде тойланбайды. Ұлыбританияда тұратын әйелдер де тек әйел болғаны үшін мереке кейіпкеріне айналу деген ұғымды ұқпайды. Мұнда Пасха мейрамынан 3 апта бұрын тойланатын Аналар мейрамы бар.
Тәжікстан
8 наурыз күні Тәжікстанда біздің елдегідей Аналар күніне демалыс беріледі. Дәл осы күні елдегі барлық аяулы ана зор құрметке, сый-сияпатқа, құшақ-құшақ гүлге ие болады.