"Қыз қонақ" деп сыйлаған қазақта қызбаланың орны ертеден қадірлі, бағалы болған. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бағзы заманнан айтылып келе жатқан қыздар жайындағы мақал-мәтелдерді ұсынуды жөн көрдік.
Ұлым – ұяға,
Қызым – қияға.
***
Қыз — ауылдың көркі,
Құндыз болса, бөркі.
***
Қыз жоқ жерде қызық жоқ.
***
Қызға бергенді Қыдыр өтер.
***
Қызды таныс алады,
Таныс алмаса, қоныс алады.
***
Қызыңды жеріне бер,
Жер ыңғайы келмесе, еріне бер.
***
Қызды қартша сына,
Атты жігітше сына.
***
Қызым үйде, қылығы түзде.
***
Астың дәмін тұз келтірер,
Ауылдың сәнін қыз келтірер.
***
Бір жақсы қыз,
Екі жаман ұлға татиды.
***
Жерді шым, елді қыз біріктіреді.
***
Суды құм бөгейді,
Дауды қыз бөгейді.
***
Қой жүрген жер – береке,
Қыз жүрген жер – мереке.
***
Ақылды қызға ана көп,
Аяулы жанға пана көп.
***
Бесін болса, күн тұрмас,
Күйеу келсе, қыз тұрмас.
***
Шыққан қыз шиден тысқары.
***
Теңін тапса, тегін бер.
***
Қалыңсыз қыз болса да,
Кәдесіз қыз болмайды.
***
Қыздың баласындай, қолдың саласындай.
***
Қысыла-қысыла қыз болдым.
***
Қыз күнінде бәрі жақсы,
Жаман қатын қайдан шығады.
***
Қымызды кім ішпейді,
Қызды кім айттырмайды.
***
Ас таңдасаң, аяғына қара,
Қыз таңдасаң, анасына қара.
***
Күндес көргеннің қызын алма.
***
Жақсы қыз біреу келсе, есік ашар,
Жаман қыз біреу келсе, төрге қашар.
***
Тұзды көп сақтама, су болады,
Қызды көп сақтама, күң болады.
***
Қарты бардың хаты бар,
Қызы бардың назы бар.
***
Өзі болған қыз төркінін танымас.
***
Жақсы қыз – жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – төбедегі жұлдыз.
***
Біреудікі біреуге қыздай көрінер.
***
Отырған қыз орнын табар.
***
Аш кісі май таңдамас,
Кәрі қыз бай таңдамас.
***
Ойының бекімі жоқ қыз қырық құбылады.
***
Қызды жеңге,
Жеңгені теңге бұзады.
***
Қызбен алыспа, қысырақпен жарыспа.
***
Ақылды қыз білімге жүгірер,
Ақылсыз қыз сөзге ілігер.
***
Қыдырымпаз шешенің қызы бастаңғышыл.
***
Жазымсыраған қыстан без,
Жасымсыраған қыздан без.
***
Қызы бар ауылдың қыдыры бар.
***
Қыздың жолы жіңішке.
***
Қызым, саған айтамын,
Келінім, сен тыңда.
***
Ананың көңілі қызында,
Қызының көңілі қызылда.
***
Ұлға – түтін, қызға – күтім.
***
Сұлу жігіт – ел көркі,
Сұлу қыз – үй көркі.
***
Қыздың көркі – кигені,
Жігіт көркі – сүйгені.
***
Қыз бала – өріс.
***
Қыздың тамағы қылдай.
***
Қыздың қырық жаны бар.
***
Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?
***
Қыз өссе – үйге жұт,
Ұл өссе – үйге құт.
***
Қызды ауылдың иті жатпас.
***
Қыз қылығымен сұлу.