- Негізгі бет
- 8 наурыз
- 8 наурызда қыздарға...
8 наурызда қыздарға қандай кітап сыйласа болады?
Көктемнің алғашқы шуақты мерекесі жақындаған сайын көпшілігімізді, әсіресе ер-азаматтарды жақындарыма "не сыйласам?" деген сауал мазалайтыны белгілі. Кітап сыйлаңыз. Жақсы таңдалған құнды кітап басқа жанның өмірін өзгертуі мүмкін. Жақыныңызды жаңа бастамаларға жетелеп, рухани байлыққа, білім жинауға себеп болатын, ғаламды шарлауға мүмкіндік беретін құндылық қашанда кітап екені белгілі.
Сапалы әдебиет – нәзік жандылар үшін құнды сыйлық, ал кішкентай ханшайымдар үшін әлемді танудың таптырмас құралы. Осы мақсатта "Фолиант" баспасынан жарық көрген, жақыныңызға көктемнің алғашқы мерекесінде керемет көңіл-күй сыйлайтын кітаптар топтамасын ұсынамыз.
Памук әлемі
Орхан Памук – Нобель сыйлығын иеленген (2006) түрік жазушысы, сонымен қатар бірнеше ұлттық және халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты. 1969 жылдан 2012 жылға дейінгі Ыстамбұлға саяхат жасағыңыз келсе, "Менің оғаш ойларым" кітабын таңдаңыз. "Үнсіз үй" – Орхан Памуктың екінші кітабы. Бір түрік отбасының тарихы, үміті мен мұң-мұқтажы, сенімі мен сезімдері шебер баяндалған. Ал "Сезім музейі" романында бизнесмен жігіт Кемал мен жас сұлу Пүсін арасындағы тартысқа толы махаббат хикаясы, өмір белестері, адам жанының нәзік иірімдері баяндалады. 2008 жылы жарық көрген Памуктың бұл романы әлем әдебиетінде үлкен қызығушылық туғызып, махаббат тақырыбындағы үздік роман атанды.
Сопылық тариқаттар, көркем жазу, миниатюра, кітап безендіру, сәулет өнерінің мұсылман жұртшылығына тән ерекшеліктері, сондай-ақ тарихи тұлғалардың өмірі жайындағы хикаяттар қызықтырса, автордың "Менің атым Қырмызы" туындысын таңдаңыз. "Жаңа өмір" романы – қызылды-жасылды қызықты қиялды асыл арманым деп, алданып жүргеніне соңғы сәтте ғана көзі жететін пәндауи ғұмыр жайлы сып шертетін еңбек. Жаңа оқыған бір кітаптың әсерінен өзін-өзі ұмытып, мүлде бейтаныс дүниеге күмп берген ыстамбұлдық кітапқұмар студенттің өзгеруіне куә болыңыз.
Түрік әдебиетінің абыздары Решат Нури Гүнтекин мен Әзиз Несин
Түрік әдебиетінің ең таңдаулы шығармаларының қатарынан орын алған Решат Нури Гүнтекиннің "Беймаза бозторғай" мен "Үзілген жапырақтар" атты екі романы басым көпшілігімізге көгілдір экран арқылы таныс. Мектепте мұғалімдеріне, үйде нағашы әпкелеріне еркелеп өскен Фериденің Кемранға махаббат баяны ешкімді бей-жай қалдыра қоймас.
Ескі көзқарастағы әке мен жаңа өмір салтына аяқ басқан бала арасындағы түсінбеушілік ұлғая түсіп, олардың үзіліп түскен күзгі жапырақтай туған шаңырақтан алыстауы "Үзілген жапырақтар" романында шебер сипатталған.
Әзиз Несин – әлемдік әдебиет айдынында өзіндік қолтаңбасы бар тұғырлы жазушы. Бүкіл адамзатқа ортақ құнды дүниеге айналған оның әңгімелері белгілі жазушы, сатирик, аудармашы Ғаббас Қабышұлының көркем баяндауымен "Сиқыр айна" атауымен қазақ тілінде өз оқырманымен қауышты.
Үзілмес үміт: Жарқыраған мың күн
Халед Хоссейнидің "Жарқыраған мың күн" романы жарыққа шыққан соң алғашқы аптасында миллионнан астам данамен сатылып кеткен. Оқиға Ауғанстандағы 20-ғасырдың екінші жартысындағы азаматтық соғыс төңірегінде өрбиді. Автор соғысты бізге әйелдер және аналар көзімен көрсетеді. Ауған халқының арманы мен қорқынышын, үміті мен қасіретін баяндайды. Мінезі мен әлеуметтік жағдайы әртүрлі, қасіреті мен мұңы бір екі әйелдің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Кішкентай ханшайымдарға: Ертегілер еліне саяхат
Руф Сандерсонның "Алтын шашты қыз бен үш аю", "Он екі биші ханшайым", "Раушангүл мен Қаршагүл" ертегілері кішкентай ханшайымдардың сүйікті кітабына айналатыны сөзсіз. Сиқыр мен сарайлар, ханшайымдар мен қиял-ғажайып оқиғаларға толы кітаптар түрлі-түсті, сапалы дизайнмен үйлесім тапқан. Ендеше, әдемі көйлек, жалтыраған шыны кебіс кигізіп, сиқырлы күймемен сауық кешіне бірге барайық.
Алқызыл желкендер
Александр Гриннің "Алқызыл желкендер. Хикаят. Толқын перісі" романтикалық шығармасы романтизмді сүйетін нәзік жанды арудың көңілінен шығады деп білеміз. Туынды – махаббат пен үміттің, үлкен армандар мен батыл қадамдардың символы. "Ғажайыпты жасайтын өзіміз", "Арманыңызға адал болыңыз", "Өмірде шынайы махаббат бар" деген қағиданы осы кітаптан табасыз.
Арманына адал кішкентай батыл қыздарға
Зеректігімен, алғырлығымен баурап алатын кішкентай батыр қыздар "Шатақ қыздың шатпақ күнделігі", "Ұзыншұлық Пиппи", "Алма ағашы гүлдегенде" тәрізді туынды кейіпкерлерінен өздерін табатыны сөзсіз. Мүмкін ол жеңістері мен жеңілістерін күнделігімен бөлісетін Бүш, балалықпен қоштасқысы келмейтін батыл қыз Пиппи, сабаққа барғысы келмейтін Эла болғысы келетін шығар?
Өз үйім: жылылық пен әдемілікті сүйетін ханымдарға
Дүние жүзінде ең танымал Италия, Жерорта теңізі аймағы, Франция, Мексика, Үндістан, Қытай, Тай елі және Вьетнам елдерінің 150-ден аса қарапайым тағам түрлерін дайындауды "Әлем халықтарының тағамдары" кітабы үйретеді.
"Мен және менің тігін машинам" кітабында тігін ісі күрделі техникалық терминдерсіз мазмұндалған. Карантин уақытында жаңа мамандықты меңгеруге көмекші болмақ. Кітаптағы жан-жақты нұсқаулықтар мен суреттер тігін машинасын таңдауыңызға, жұмыс орнын ұйымдастыруыңызға, ең бастысы, әр түрлі бұйымдарды тіккен кезде қолданылатын техникаларды меңгеруіңізге көмектеседі.
Н. Үсенова