- Негізгі бет
- НАУРЫЗ
- Сыйлықтар топтамасы: "Ғашықтар"...
Сыйлықтар топтамасы: "Ғашықтар" кітабы
Әне-міне дегенше 8 наурыз. Халықаралық әйелдер күні. Күллі еркек атаулы осы күні базар маңының шаңын қағып, сыйлықтан сыйлық қоймай тауысатын шақ. Жылдан-жылға тосын сый дайындау қиынға түсіп, әбден бас қататын кез де осы. Бірақ, одан шығатын жол бар. Кітап сыйлаңыз! Бір шоқ раушан гүл мен әдемі сөздей болмаса да, орнын ауыстыра алатын бағалы сыйлық. Тек, қандай кітап сыйлайсыз?
Атақты жазушы Ілияc Есенберлиннің «Ғашықтар» атты романы. Оқиға желісі туған күн кешіндегі таныстық пен екі жастың ортасындағы махаббаттан өрбиді. Жалындаған махаббат шым-шытырық оқиғаларға ұласып, адамды неше түрлі иірімдерге тартады. Мүсін өнерінің қыр-сырын жетік білетін жас жігіт өз қиялындағы аруды тапқандай болып қосылғанда, тағдыр оларды екіге бөліп жібереді. Қайта қосылуға жас жігіт барын салса да, сүйген қызы бәрібір өз таңдауынан бас тартпай, басқа қалаға көшіп кетеді.
Араға қаншама уақыт салып, жас жігітке ауылда бірге өскен таныс қызы жолығады. Ұзақ уақыт бірін-бірі көрмей келген жастардың арасында белгісіз дүние пайда болады. Ұзап кетсе бірін-бірі сағынып, іздейтін күйге дейін жетеді. Тағы бір махаббаттың туып келе жатқанын аңғарған жас жігіт осы жолы сүйгенінен ешқашан айырылмауға бекінеді.
Бірінші қыздың қайда кеткенін, тағдыры не болғанын, шығарманың өне бойында үзілмес жіптей болып тұрған махаббаттың қандай күйге ұшырағанын, шын ғашықтар қосыла ма, қосылмай ма, соны да білгіңіз келсе, міндетті түрде осы шығарманы алып оқыңыз. Өзіңіз ең қатты жақсы көретін адамға осы кітап пен аппақ раушан гүлдерін қоса сыйлаңыз. Бұдан артық ғажап сыйлық жоқ.
Сіздерге ұсынылып отырған кітап барша оқырман қауымға, әсіресе, романтиканы жанындай сүйетін нәзік жанды қыздарға арналған. Роман тілі мен сюжеті жағынан жеңіл, әрі қызықты. Бұны жазушының шеберлігі десек, артық айтқандық емес.
Форумда талқылау
Л. Лига