Сайтымыздың жұлдызды блогшылары "Маssaget.kz" аруларын 8 наурыз мерекесімен құттықтайды.
"Әр қадамымызды құп көріп, әр жеңісімізге алғаш болып қуанатын ол – Ана. Небәрі үш әріптен құралған «Ана» сөзінің қаншама жылулық, мейірімділік, ықылас жатыр десеңізші?!
Ел басқарған көсем де, сөз бастаған шешен де, намысты қолдан бермей, алқалы топтың басын біріктірген батыр-сарбаз да анадан туған. Ана – шексіз махаббат пен нәзіктікке толы біртұтас алып әлем. Қоңыр дауысымен баласын тербетіп, бесік жырын айтқан кезде, ол сәбиінің бойына шексіз махаббатын, жан жылуын сіңіреді.
Ана – күллі әулеттің берекесі, бүкіл шаңырақтың іргесі. Ол - өскелең ұрпаққа тәрбие беретін, рухани біліммен нәрлендіретін асыл қазына. Ол - ертеңгі мен бүгінгіні біріктіріп, игі істермен болашаққа жетелейтін сарқылмас кен.
Ақ жаулықты әжелер! Аяулы аналар! Жүздері мейірімге толы ардақты жеңгелер мен әпкелер! Сүйкімді келіндер мен ерке қылықты қарындастар!
Баршаңызды 8 наурыз Халықаралық Әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жылдың ең әдемі мезгілі көктемнің алғашқы айында атап өтілетін төл мерекелеріңізде сіздерге, ең бастысы, амандық тілеймін! Дендеріңіз сау, ғұмырларыңыз ұзақ, күндеріңіз бақытқа толы болсын! Шаңырақтарыңызда шаттық әні шарықтап, босағаларыңыздан бақ кетпесін!"
Шын жүректен: Нұрлан Албан
"Ардақты аналар мен арулар!!!
Көптен күткен көктеммен қоса келіп жететін асыл жандар мерекесі құтты болсын!!!
«Жұмақтың кілті ананың аяғының астында» - деп тегін айтылмаған болар. Жылы жүрегінің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлейтін аналарымыздың жүзінен ешқашан күлкі кетпесе екен дейміз! Қызғалдақтарымыз – қыздарымыз құлпыра беріңіздер! Өйткені бесік тербейтін, батырды өсіретін, ұлтымызды сақтайтын, ертеңгі ерлерді өсіретін өздеріңізсіздер. Әрқашан шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйіңізден жылылық кетпесін! Ақындардың жырына, сазгерлердің сансыз сырлы әндеріне арқау болған, жанға шуақ сыйлайтын асыл жандарымыздың кірпігіне кірбің ұялатпауға, жайдары жүзге енуіне, жүрегіне қуаныш сыйлауға біз де әрқашан дайынбыз!"
Тілек білдіруші: «Парасат» тобы
"Ана, әйел атаулы – адам өмірінің бір тылсымы. Құрсағы тіршіліктің көзі болған құдірет иесі ақ сүтімен нәр беріп, мақұлықты Адам етті. Адамгершілік, адалдық, аяушылық Анадан жұқты. Тәрбие деген Тәңіріні бойымызға сіңірді. Біз жанымыз елжіреп жақсы көрген бір адам – Ана! Біз сағынып, жылаған бір адам – Ана! Анаға деген қимастықтан құса болдық. Ананы ғана жаманатқа қимаймыз. Біздің Жаратқаннан тілегеніміз – Анамыздың амандығы. Біздің кесапаттан аман қалғанымыз – Анамыздың ақ ниеті.
Қадірлі қыз-келіншектер, арулар, аналар, әпкелер мен қарындастар! Жанға жылылық сыйлайтын ғажабы бар төл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздер берген махаббат адамдардың өмірін өркендете берсін! Барлық еркек кіндіктің тағдырын Жаратушымыз әйелдердің мықты денсаулығы, шаттығы мен бақытының кепілі етсін. Жер бетінің әйелдерімен бірге осы порталға тіркелген барлық нәзік жанды сағынтып келе жатқан 8 наурыз күнімен шын жүректен құттықтаймын!"
Ізгі ниетпен: Болатбек Мұхтар
"Құрметті арулар, қадірменді қыздар, менің сүйкімді қарындастарым!!!
Сіздерді 8 наурыз әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қараса көз тоймаймын сұлулықтарыңызбен көктем деген керемет мезгілді әсемдеп жүре беріңіздер! Әр салада жүрген қыздарымыздың өміріне табыс, жеке шығармашылығына таусылмас шабыт, отбасыларына амандық тілеймін!
«Өмір өз өрнегін салмай қоймайды» дейді. Ендеше қандай қиындық болса да, мойымай, көлденең кедергілерді еңсеретін ерен ерік-жігерлі болыңыздар! Әрқайсыларыңыздың абыройыңыз биік біз үшін. «Қазақтың қызы» деген атқа әбден лайық сіздерге «кірпікте арың ілулі, кетпесін жас боп үзіліп» деген тілек айтқым келеді! Бақытты болыңыздар!!!"
Құрметпен: Жарқын Түсіпбекұлы
8 наурыз құтты болсын, әлемнің ханшайымдары!