Әсем 8 наурызды ұзақ күтті. 8 наурыз сүйіктісінің хабарын әкелетініне үміттенді.
Бір апта бұрын екеуінің жолдары екіге айрылған. Үміт шіркін өлген бе, екеуі жүрген жолдарға телміріп, телефонын минут сайын тексерумен Әсемнің көңілсіз күндері өтіп жатты.
Әдеттегідей екеуі саябақта кездеспекші болған. Әсем сабағынан ерте шығып, саябаққа қарай тартты. Панфилов саябағының алдында сүйіктісін тоспақ болып, жолшыбай дүкеннен аз-маз ауқаттанып алды. Уәделескен сағаттан уақыт асып барады. Айдардың төбесі көрінер емес. Жарты сағат өтті. Айдар әлі жоқ.
Әсем ашуға булыға бастады. Қоңырау шалайын десе, намыс құрғыр жіберер емес. Анасының тәрбиесі. "Ешқашан жігітке өзің бірінші қадам жасама!" дейтін.
Айдар ақыры келмеді. Бір хабарын да берсе -ші...
"Иә, ол сені сүймейді, сүймейді!" Ішінен әлдебір дауыс осылай деп миын жеп барады. Саябақтан бұрылып, аялдамаға қарай аяңдап келеді. Жанарынан үзілген мөлдір тамшыларды сүртуге де дәрмені жоқ...
Автобусқа міне бергенде, саябаққа соңғы рет көз тастады. Бір-біріне мөлдірей қарап қос ғашық кетіп барады...
Автобусқа мінді де, қолына телефонын алып, былай деп хат жіберді:
"Енді мен саған жоқпын. Қош! "
Айдардан жауап хат келмеді...
8 наурыз. Әсем ерекше толқып, тырс еткен дыбысқа жаутаңдап қараумен отыр. Уақыт та бір орнында тапжылмай, тоқтап қалғандай. "Сүйіктім келіп қалмады ма?.." Неге сонша жан-тәнімен беріліп, құлай сүйгенін де түсінер емес. Хабар-ошарсыз кеткен жігітті несіне күтеді үздігіп? Өз қадірін білмейтін адам неге керек?! Тағдырының сол Айдарға жіпсіз байланып қалғаны ма?
Бәрібір... Күдік пен күмән махаббатының алдында дәрменсіз. Үміт шоғы тұнған жүрегі әлдебір жақсылықтың боларын сезгендей лүпілдейді.
Іштей арпалыспен әлем мұнартып, кеш те түсті. Күн ұясына батпай-ақ қойса екен деп тіледі Әсем. Түнек түн терезесін қақты.
Жастықты жасқа шылап жатып, мызғып кетіпті. Телефон шырылынан атып тұрды. Ол! Иә, иә, дәл өзі қоңырау шалып жатыр!..
Есік алдында таныс ақ машина тұрды... Ақ машина жанында бір құшақ аппақ гүл құшақтап Айдар тұрды...
Сурет: inadezhda.com, liveinternet.ru