- Негізгі бет
- НАУРЫЗ
- 8 наурызға сыйлық:...
8 наурызға сыйлық: Сүйіктіңізге кітап сыйлаңыз
8 наурызға кітап сыйлау ер жігіттің мәртебесін қыздың алдында өсіреді. Кітапты сыйлап тұрып, оның толықтай сюжетін айтып берсеңіз, қыздың жүрегіне дөп тидім деп есептеңіз, ал толық оқуға мұрша болмай қалған жағдайда, қам жемеңіз! Біздің үздік кітаптарға жазған рецензиямыз сізге көмекке келеді. Бастысы - кітаптағы бас кейіпкерлердің аты-жөнін және туындының не туралы екенін білсеңіз болғаны. Қыздың көз алдында таным көкжиегі мол, білімді азамат ретінде биіктеріңіз сөзсіз...
8 наурыз сыйлықтар топтамасының ішінде ең бағалы сыйлық бола алатын кітап жауһазындары бар. Соның бірі әрі бірегейі Жұматай Жақыпбаевтың қаламынан туған дүние. «Сөз патшасына» шынайы берілген жыр періштесі шығармашылық өнерді биік талғамның әділ таразысына тартып, ұлы Абайша «өнер шашпақты» мұрат тұтқан дара ақындарымыздың бірі.
Ақынның оқырман қауымның эстетикалық сезімін байытып, сұлулықты сүюге баулитын, өмір сүруге деген құштарлықтарын еселеп арттыратын жауһар туындылары топтастырылған жинақтарының бірі – «Ләйлә».
Жұматай жырларының ең шұғылалы беттері «атын дастаннан алған, қап-қара көзі, шашы бар, аққұба ән» Ләйләға арналған. Ол өз Ләйләсін әлем әдебиетіндегі аяулы бейнеге айналған Лаура дәрежесіне жеткізді. Жұматай жырларымен жүздескен сайын ақынның «қаршадай кезден жастанған қиялымен» қайта бір қауышып, сезімнің сұлу да сырлы беттеріне үңілеміз. Сіздің ықыласыңызға байланысты қолыңызға түсуі мүмкін бұл жинақтың шөліңізді бір басып, аңсарлы көңіліңізді жұбата алары сөзсіз. Әрі ең жақсы сыйлық болып, жақсы көңіл-күй сыйлайтынына сенемін.
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау, құрғырлар.
Абай
Көктемнің алғашқы мерекесінде, ұлы дүрмекте сіз сүйген асыл жанға осынау тамаша кітапты сыйласаңыз, онда сіз өз міндетіңізді артығымен орындадыңыз. Уақыттың биігінен, мезгілдің мінберінен ешуақытта түспей, көңілдің кірін аршып, көктемнің жайдары күніндей шуақ сыйлап, бұлақ-сезімдердің көзін ашып, ұлы армандарға жетелеп, тәтті елестер сыйлайтын, ұғымға сыймайтын, ұстауға болмайтын махаббатты тарту ететін жалғыз туынды.
Жеке адамға арналған махаббатты көпке деген сүйіспеншілікпен ұластыра білу, екінші сөзбен айтқанда, жеке адамды жақсы көре тұрып, көпті сүйе білудің жолын табу, кітаптың негізгі идеясы болып табылады. Негізгі линия Ербол мен Меңтайдың арасында өрбіп, талай-талай қызықтарға жетелеп алып барып, талай-талай мұң-қайғыдан жетелеп алып қайтатын да осы кітап.
Кітаптың тілі өте қарапайым, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Себебі, бұл кітап адам баласының қуанышы мен көз жасынан жазылған бірегей туынды.
Шоқтығы биік туынды жүрегіңіздің төріндегі адамға әбден лайық...
Сурет: obychnogo.net
Л. Лига