- Негізгі бет
- НАУРЫЗ
- 8 наурызға сыйлық:...
8 наурызға сыйлық: Сүйіктіңізге кітап сыйлаңыз
Махаббат тақырыбын өзгеден озық бейнелей білген бұл туындылар әйел затының жүрегіне жол табатын, сезім сүрлеуіне гүл егетін ең тамаша шығармалар болып саналады. 8 наурыз үшін таптырмас сый екені сөзсіз.
Шыңғыс Айтматов, Жәмилә, Атамұра, 2005 жыл.
Балалық пен ең алғашқы махаббат; ауыл өмірінің керемет көріністері; мейірім мен мұң; іздеу мен торығу; қақпайлаған тірлік тауқіметі; әйел баласының қуанышы мен қайғысы; бірбеткейлік пен аңқаулық; жастық жалын мен көре алмаушылық; кешірілмес күнә мен қателіктер.
Нағыз тұнып тұрған махаббат материгі дерсіз. Бұл кітапты тек сүйген қызыңызға ғана емес, әпке-жеңгелеріңізге, қарындас, сіңлілеріңізге, тіпті аяулы анаңызға да тарту етуіңізге әбден болады. Кітаппен бірге сыйлық берілетін жанның табиғатына қарай гүл шоқтарын қосқан да жөн болады. Мысалы, дос құрбыңыз болса достықтың белгісін астарлайтын ақ гүл шоқтарын, сүйгеніңіз болса қан қызыл роза гүлі дегендей...
Осы кітапты сыйлаған нәзік жанды жақыныңыз көп уақыт өтпей-ақ сізге деген көзқарасының, сезімінің, қарым-қатынасының өзгергенін байқайсыз. Әрине, жақсы жаққа!
Бексұлтан Нұржеке, Бейтаныс әйелдің құпиясы, Атамұра, 2002 жыл
Күтпеген кездесу мен тірлік үшін күрес; махаббат пен ғадауат; ынтыққан жүрек пен үздіккен сезім; ұмытылмас естеліктер және талайлас тағдырлар.
Бексұлтан Нұржекенің «Бейтаныс әйелдің құпиясы» кітабы нағыз әйелдер қауымына арналған. Күліп отырып жылататын, жылап отырып күлдіретін жазушы шеберлігі тәнті етеді. Мен сізге осы кітапты сатып алып, сыйлық ретінде ұсынуыңызға тілек етемін. Өкінбейсіз, керісінше, сүйіктіңіздің көңіліндегі кірбіңдері арылып, сізге деген ыстық махаббатпен қарайтын болады. Өйткені, бұл кітап әйел затын ең ізгі нәрселерге ғана тәрбиелеп, жағымсыз дүниелерді қуып шығуға септігін тигізеді. Күнделікті тұрмыстың қалтарысында теледидар қарағаннан гөрі, үлкен пайдалы ермек болары анық. Тек, сүйіктіңізді таппай қалып жүрмеңіз. Себебі, бұл кітапты оқыған адам кейіпкерлермен қосылып, еріп кетуге бейім тұрады.
Сурет: semanticsdesign.blogspot.com
Л. Лига