Ішкі әскер аруларды құттықтады

7 наурыз күні Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында Халықаралық әйелдер күнін атап өткен салтанатты жиын болды.

Салтанатты шарада қару асынған аруларды Ішкі әскер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әлібек Серәлиев құттықтап, Ішкі істер министрінің, Ішкі әскер Бас қолбасшысының, өңірлік қолбасшылық қолбасшысының бұйрығымен марапатталған үздік әскери қызметшілерге «Ішкі әскер қызметінің үздігі» кеуде белгілерін, грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ардагерлер де ұмыт қалмай, Ішкі әскерде қызмет еткен ардагерлердің артында қалған жұбайларына сый жасалды. 

Салтанатты кеш ары қарай әсем ән мен тәтті күйге ұласты. Өнерлі сарбаздармен қоса, арнайы шақырылған жас әншілер әдемі әндерін жүрекке жеткізіп орындады.

Әсем әуенге еліткен әйелдер қауымы қошемет көрсетіп, қол соғудан шаршамады.

Бүгінде Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде барлығы 380-нен астам қыз-келіншек ерлермен иық тірестіріп қызмет етуде. Бақылау-өткізу пунктінің сақшысы, маман-оператор, бөлініс фельдшері, қойма бастығы, тағы басқа лауазымдардағы нәзік жандылар өздеріне жүктелген тапсырмаларды абыроймен орындап, әріптестері мен қолбасшылық алдында зор құрмет иеленуде. Бірақ бұл салтанатты жиынға әскери қызметтегі әйелдер қауымы күнделікті жұмыс киімін емес, әдемі көйлектерін киіп, көктемдей құлпырып келді.

Әйел – әлемнің тірегі, жанұяның жүрегі. Көктем бізге нұрын төккен бұл мерекеде, әйелдер жан жылуын төгеді. Жүздеріңізден әр таймасын, көңіл-күйлеріңіз ортаймасын, аналар! Жүздеріңіз жарқын, жүзіктеріңіз алтын болсын, арулар!


Жолдаған: Ішкі әскерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Ринат Ақылбеков

Сурет: Ринат Ақылбеков

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова