Аяулы қыз-келіншектеріміздің, қарлығаш әпкелеріміз бен қылықты жеңгелеріміздің, алтын жүректі аналарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің мерекесі 8 наурыз қарсаңында тағы да бір мәзірімізді ұсынбақпыз. Мұндағы басты ингрединет – махаббат дер едік. Шынайы махаббатпен жасалған кез келген тағам асқазаннан да, жүректен де орын табады. Ұсынылған салат арқылы жақындарыңызға мерекелік сый жасайсыз деген ойдамыз. Олай болса, іске сәт!
| Құрамы: 3 картоп 2 жұмыртқа краб таяқшалары жүгері қызанақ, қияр 1 кесе күріш аскөк, ақжелкен, тұз |
| Картопты қайнатып, ұсақ үккіштен өткіземіз. |
| Жұмыртқаны да дәл солай қайнатып, үккіштен өткізу керек. |
| Енді краб таяқшаларын ұзын әрі ұсақ етіп тураймыз. |
| Қиярды да дәл краб таяқшаларының көлеміндей тураңыз да, қызанақты қалдырып қойыңыз. |
| Енді тәрелкеге бір жуан, бір жіңішке шыны аяқтарды орнатыңыз, арасында 2-3 сантиметр орын қалсын. |
| Мұның себебі енді түсінікті болған шығар, алдымен күрішті, одан кейін картопты шыныны айналдыра қойып шығамыз. |
| Одан кейін қиярды, краб таяқшаларын, артынан жұмыртқаны саласыз. Соңында тағы да картопты қоясыз. |
| Енді шыныаяқтарды суырып аласыз. Бізде 8 саны пайда болды. Салатты жинақтаймыз. |
| Енді оның сыртын майонезбен жақсылап жабамыз. |
| Жүгеріні суынан тазартып алып, салатты безендіруге кірісеміз. Ақжелкен мен аскөкті де турап, қызанақтан гүл жасаймыз. |
Салат дайын! Тағамды араластырғанда тұз қосуды ұмытпаңыз. Асыңыз дәмді болсын! 8 наурыз мерекесімен!
Ас үйде болған: Айгерім Сматуллаева