Massaget.kz әнші, Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосыновтан 8 наурыз Әйелдер мерекесіне орай құттықтау мен қандай сыйлық жасайтыны жайлы сұраған еді.
- Қайрат аға, бұл мереке сіз үшін қандай мереке?
- Бұл күн – күн жылылығы, жан жылылығымен келетін көктемнің бірінші қуанышы ғой. Адамға әрқашан да көңілді әсер сыйлайтын, көңілдерді көтеретін, жастық шақты еске түсіретін мереке. Әрқашан әйелдер қауымын құттықтап, жақсылық тілеп, мерейін асыратын күн деп білемін. Әуелден-ақ әрбір келген көктем қазақ үшін жақсылық, қуаныш болып келген. Арғысы наурыз мерекесі. Бұл енді үлкен бір тойдың басы деуге болады.
- Әйеліңізге, қарындастарыңыз бен қыздарыңызға қандай сыйлық жасайсыз?
- Сыйлық болғанда да солардың ортасында отырып, ізгі тілек білдіріп, ниет жасаймыз ғой. Гүл шоғын сыйлап, риза етсек те жараспайды емес. Жасымыз да келген соң есте қаларлықтай бір сыйлық жасағанымызды білмейді екем. Әйтеуір оларды құрметтеуді, сыйлауды ұмытпасақ дейміз.
- Құттықтауыңызға келсек...
- Иә, бұл күн өте шуақты күн. Жан мен көңілдің шуағын сыйлайтын мереке болған соң да, оларға бақыт пен қуаныш тілеймін. Аналар мен қыздарымыз аман болсын, жыламасын, бала-шағасының қызығын көріп, келіншектер жарымен тату-тәтті ғұмыр кешсін. Көктем гүліндей жайқалып, шат-шадыман думанды өмір сүрсін деген тілек айтамын!
Сурет: astana-akshamy.kz