Эстрада әншісі, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі Ақжол Мейірбеков көктемнің алғашқы тойы Әйелдер мерекесімен құттықтайды. Сонымен қатар, аналар мен қыздарға қандай сыйлық жасайтыны туралы айтып береді.
- Ақжол аға, бұл мереке сіз үшін қандай мереке?
- 8 наурыз Кеңес одағынан бері келе жатқан мереке. Сол кезден-ақ Халықаралық әйелдер күні деп барлығы да бұл мейрамды елеп-ескереді. Бұл мерекеде табиғат ана оянып, бәйшешек шығып, тіршілік басталады, әжелеріміз, аналарымыз бен қыз, қарындастарымызды құттықтап жататынбыз. Аналарымыздың жылы лебізі, жылы күлкісі, олардың қуанышынан басталатын жаңа жылымызды неге қастерлемеске?
- Жұбайыңызға, қарындастарыңыз бен қыздарыңызға қандай сыйлық жасайсыз?
- Әрине, өте көп сыйлық жасаймын. Мәселен, анау күні Рамсторға кірсем керемет акциялар болып жатыр екен. Әдемі әйнек, пиала, ыдыс-аяқтар жайылып тұр, соларды көрдім, содан бастап не сыйлайтыным жайлы ойлана бастадым. Ал жұбайыма өзіне керегін алсын деп конвертке ақша салып беремін. Себебі жеңгеңнің бриллианты да, алтыны да, тоны да бар. Енді өзіне не керек екенін өзі біліп, армандаған затын сатып алсын деймін ғой. Бұл менің ілтипатым болып шығады. Ал енді міндетті сыйлықтарға келетін болсақ, гүл - дәстүр бойынша сыйланатын нәрсе. Мен әншейінде той-қуаныштарда раушан гүлін сыйлағанды жөн көремін. Ал дәл осы көктем мерекесінде қызғалдақтардан тұратын үлкен шоқ гүлін сыйлаймын. Онымен қосып керемет бір әтір таңдаймын. Әтір мен гүл махаббатымды, ізгі ниетімді білдіретін жақсы нышан деп ойлаймын.
- Ал, енді құттықтауыңызға келсек...
- Өмірлік жолдасыма болсын, қызыма болсын, әпкеме болсын – оларға мейірім, жұмсақтық, саламат тілеймін. Барлық анаға ұзақ өмір мен денсаулық тілеймін. Ана ешқашан да ауырмасын, аман болсын, бақ-берекеде өміріміздің сәні болып құлпырып жүре берсін! Елімізде бейбітшілік болса екен, бәле-жаладан аулақ болайық деген ниет-тілегім бар.
Сурет: ©Ярослав Радловский