8 наурызға арналған ашық сабақ

8 наурызға арналған ашық сабақ

Сабақтың тақырыбы: "Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы..."

Сабақтың мақсаты:

а) білімділігі: оқушыларға мереке мен мереке иелерінің маңыздылығын түсіндіру. Наурыз айының ерекшелігімен таныстыру. Ананың қадір-қасиеті туралы туралы мағұлмат беру.

ә) дамытушылығы: Балалардың ой-өрісін, танымын, анаға деген сүйіспеншілігі мен құштарлығын одан әрі дамыту. Бір-біріне деген сезімдерін ашық айтуға дағдыландыру.

б) тәрбиелілігі: Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге тәрбиелеу. Ананың махаббатын аялауға, ана мейрамын бағалауға тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекілігі: ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, түрлі-түсті қағаздардан жасалған ойыншықтар, гүл т.б

Музыка баяу естіліп тұрады. Үнтаспаға алдын ала басылған мына сөздер қойылады:

Дүниеге келуге дайындалып жатқан бір бала Құдайдан сұрайды:

- Маған ертең дүниеге келетінімді айтты, бірақ кішкентай және қауқарсыз мен ол жерде қалай өмір сүрмекпін?

Құдай жауап береді:

-Көп періштенің ішінен біреуін сен үшін таңдап алдым. Ол сені күтіп алады және саған қамқорлық жасайтын болады.

Сәби тағы да сұрайды:

-Бұл жерде, Аспанда маған бақытты болу үшін ән салу мен күлуден басқа ештеңе істеудің қажеті жоқ. Ал мен Жерде қалай өмір сүретін боламын?

Құдай жауап береді:

-Сенің періштең күн сайын сен үшін қуанып, ән салатын болады. Оның махаббатын сезінгенде сен бақытты боласың.

Сәби сұрайды:

-Олардың тілін білмесем, адамдарды қалай түсінемін?

Құдай жауап береді:

- Сенің періштең әйтеуір бір кезде тыңдауға болатын ең тамаша сөздерді айтады және сені оларды айтуға үйретеді.

- Ал мен сенімен сөйлескім келген кезде не істеуім керек?

- Сенің періштең саған қолдарыңды жайып ұстауға және дұға оқуға үйретеді.

- Мен Жерде жаман адамдар бар деп естідім. Мені кім қорғайды?

- Сені сенің періштең бұл тіпті оған қауіп-қатер төндірсе де қорғайды.

- Бірақ мен әрқашан мұңға бататын боламын, өйткені сені көре алмаймын ғой.

- Сенің періштең саған Мен туралы айтып береді. Және Мен сенің жаныңда болсам да Маған жолды көрсетеді.

Осы сәтте  Аспан тып-тыныш бола қалады. Сәби асығыс соңғы сұрағын қояды:

-Құдайым, Сені тастап кетуге кешігіп жатырмын ба? Өтінемін, періштемнің есімін айтшы.

Құдай жауап береді.

- Есімнің ешқандай маңызы жоқ. Сен оны жай ғана "Ана" деп айтатын боласың.

Екі жүргізуші ортаға шығады (бір ұл, бір қыз)

Қыз: Сәлеметсіздер ме, қымбатты аналар, қыр гүліндей құлпырған аяулы қыздар, ұлағатты ұстаздар!

Ұл: Жыл сайын күн жер бетіне молынан шуағын шашып, тіршілік ояна бастаған кезде жететін Аналар мерекесіне амандықпен жеткенімізге шын қуаныштымыз!

Қыз:

Сәуір – Наурыз егізі

Бүгін оның сегізі

Ең қымбат гүл, ол адамның лебізі.

Анаға айтар лебізі.

Ең қымбат гүл, ең қымбат гүл,

Ол адамның лебізі.

Анасыз жоқ бір күнің,

Әжесіз жоқ бір күнің.

Ұсынамыз біз бүгін,

Жырдың сұлу шоқ гүлін.

Ұл: Бүгін біздің сабағымызға сыныптағы оқушылардың ана, әжелері келіп отыр. Барлықтарыңызға қош келдіңіздер дей отырып, әннен шашу шашқымыз келіп отыр. Ескендір Хасанғалиевтің "Анаға сәлем" әні орындалады.

Қыз:

Расул Ғамзатовтың мынадай бір сөзі бар: «Ана дегеніміз – әлемнің жан-дүниесі, оның бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Ол – тіршілік, үлкен тағдыр, махаббат пен шабыттың нәрі. «Ана» сөзі бізді елең еткізбей, жылылық пен шуақты сездірмей қоймайды.

Ұл: 

Айтсаң болды тіл алам,

Әйбат мамам, ай мамам.

Сені көрсем қуанам,

Сен керексің қайда да,

Жүре берсең қасымда,

Әйбат анам, ай мамам.

Ботам деген даусыңнан,

Мен мәз болып оянам.

Кір түсірмей жағама,

Шашымды да тарайсың.

Мектебіме барарда,

Мейірлене қарайсың.

Тау қопарып, тасты үгіп,

Саған қандай жақсылық,

Жасай алам, мен, ана!

Қыз:

Балалар, біз сендермен "Кім сезгіш?" ойынын ойнаймыз. Ол үшін ортаға 5 оқушыны аналарын ертіп шығуды сұраймыз. Оқушылардың көздерін байлап, бір жаққа тұрғызамыз. Екінші жаққа аналарын тұрғызамыз. Енді оқушылар өз анасын табуы керек.

Ұл:

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады,

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.

Қуандым ба?

Өзің бар деп қуандым,

Жыладым ба?

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады,

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба?

Тек өзіңнен жасқандым.

Терме ұсынылады.

Қыз:

Құрметті аналар, білімге, тәрбиеге, адамгершілікке, тазалыққа тәрбиелейтін ұстаздарымызды да осы үлкен мерекемен құттықтаймыз! Тек биіктерден көріне беріңіздер деген тілекпен хордың орындауындағы Ә. Еспаевтың «Ұстазым менің» әнін қабыл алыңыздар.

Енді барлық ана үшін Төлеген Айбергеновтың тамаша жыр шумақтарын арнаймыз. (Ортаға бір оқушы шығып жатқа оқиды).

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем,

Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

 

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әр кез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

 

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

 

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

 

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

 

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы.

Күй орындалады.

Қыз: 

Мәпелейсің мені, анам,

Қолыңдағы құсындай.

Құлпыра өсіп дем алам,

Құшағыңда қысылмай.

Үмітіңдей көзіме,

Көп қарайсың үңіліп.

Еркелеген сөзімде,

Ертеңіңіз тұр күліп.

Ұл:

Мамам менің, ақ мамам,

Гүлді маған баптаған.

Жырды маған жаттаған,

Жұрттың бәрін мақтаған

Екеуі қосылып: «Мамам менің, ақ мамам!

Оқушылардың орындауында «Аяулы анам» әні

Барлығы аналарға, ұстаздарға гүл шоқтарын табыс етеді.


Қыз: Балалар, аналарыңызды қаншалықты танитындықтарыңызды білу үшін "Мен анамды қаншалықты білемін?" деген тақырыпта сауалнама жүргізгіміз келеді:

  1. Анаң қандай түсті киімді ұнатады?
  2. Жақсы көретін тағамы қандай?
  3. Анаң қандай гүлді ұнатады?
  4. Сенің анаң бос кезінде қандай іспен шұғылданады?
  5. Сенің анаңа не ұнамайды?

Ұл: Ендігі сұрақты аналарымызға қоямыз:

«Мен-анамын». Жедел сауалнама. 

– Ана болу оңай ма?

– "Ана" деген сөзді өз сөзіңізбен түсіндіріп көріңізші.

– Сіз өз балаңыздың сізбен қандай қарым-қатынаста болғанын қалар едіңіз?

– Сіз өз балаңыз үшін не істеуге дайынсыз?

Қыз:

Ән мен күйді төгілтіп,

Інжу-маржан шашайық.

Аналарды таң қалдырып,

Өнерден күмбез жасайық.

"Мама" әні орындалады.

Ұл:

Саусағынан бал тамған,

Сан түрлі бүгін күйші бар.

Бұрала басып билейтін,

Буынсыз сұлу биші бар.

Қыздардың орындауында би.

Қыз:

Ал енді бәріміз "Жүректен жүрекке" ойынын ойнайық.

Ұл:

Қымбатты аналар, сіздерге таратылған түрлі-түсті қағаздарға өз балаларыңызға деген махаббат сөздерін жазыңыздар және оларды  балаларыңызға сыйлаңыздар. Ата-аналар періштенің суреті бар ашық хаттарды алып, махаббат сөздерін жазады және оларды өз балаларына сыйлайды.

Қыз:

Қымбатты балалар, олардың  қуанышы біздің жүрегімізде ұзақ уақыт бойы ұмытылмауы үшін барлық анаға  әдемі де мейірімге толы сөздер сыйлайық.

«Әрқашан күн сөнбесін» әні аналардың, оқушылардың, ұстаздардың қатысуымен орындалады. Балалар өз аналарына тілек сөздерін қағаз парақтарына жазып, оларды оқиды және тақтадағы түрлі-түсті қағаздан жасалған гүлге қыстырады.

Ұл:

Ана деген – асыл жандар болаттай,

Ана деген – мөлдір жандар бұлақтай.

О адамдар, қадірлей біл ананы,

Жат қылыққа ақыл-ойды тонатпай.

Қыз: Аналарымыздың мерекесі құтты болсын, барлықтарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Келесі кездескенше аман болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: aktobegazeti.kz, ds0007.kokshetau.akmoedu.kz