• 515.11
  • 490.7
  • 5.16

8 наурыз. Ұстаздарымызды қалай құттықтаймыз?

8 наурыз. Ұстаздарымызды қалай құттықтаймыз?

Кез келген ұстаз шәкіртінің сүйікті тәрбиешісіне айнала алмайды. Бірақ сүйікті болып жүргендерінің де қатары аз емес. Ал алдымызда ол кісілердің де мейрамы келе жатыр. Көңілдерінен шығатын сыйлықты өздері таңдасын деген ниетпен ақша ұсынуға болады. Алайда бұл оны қуантудың орнына, мұңайтып жіберуі мүмкін. Оның үстіне ата-анамыздан да көп ақша сұрай алмаймыз. Не істейміз? Олай болса оқушылар мен студенттер мұғалімді қалай дұрыс құттықтау керектігін оқып көріңіздер.


Ең жақсы әрі дәстүрлі сыйлық, әрине, бал немесе өзге де тәтті кәмпиттер. Осы кәмпиттерді ерекше әдіспен ұсыну керек. Әртүрлі кәмпит сатып аламыз. Кәмпиттердің көлемі барынша кіші болғаны дұрыс. Әрбір оқушыға бір-бірден ұсынуға болады. Кәмпитті орайтындай етіп әдемі қағаздан тіктөртбұрыштар кесеміз. Бұдан өзге ақ қағазға тілек жазамыз. Кәмпитті ақ қағазға орап, сыртын әдемісімен қаптаймыз. (Әдемі қағаздарды гүл сататын дүкендерден алуға болады). Мұның барлығын арнайы қапқа салып төмендегі тілектерді айтамыз. Тілекті еш қобалжымай, асықпай мәнерлеп айтыңыз. Үйде айнаға қарап бірнеше рет дайындалыңыз. 

"Ұстаздардың еңбегі мәңгілік ақталмайды. Бүгіндері сіздің арқаңызда ақылды жанға айналдық. Сол үшін сізге мың алғыс. Өмірлеріңіз дәл мына кәмпиттердей тәтті болсын. Шаттықтан басыңыз айналсын деп тәттілердің ішіне жылы лебіздерімізді жаздық".

Мүмкін әуе шары? Ең бастысы оның жарылып кетпеуін қамтамасыз ету керек. Айдың әр күніне арнап 31 талын сыйлаңыз. Әрбір шардың ішіне тілек жазыңыз. Мысалы, «Бүгін сіз тек ғана күліп жүруге тиіссіз», «Бүгін тек жақсы баға қоюға тиіссіз» т.с.с. Ол шарларды әрбір оқушы бір-бірден сыйлауы тиіс. Ішіне қалықтап тұратындай гелий толтырып, жібін барынша ұзын қылуды ұмытпаңыз. Тілек: «Мектептің қызығы мен шыжығы мол. Шәкірттеріңіз бірде ренжітсе, енді бірде шын жүректен қуантады. Ал алдыңызда не күтіп тұрғанын әр күн сайын шар ішіндегі қағаздар арқылы біліп отырыңыз. Бүгінгі мерекеңіз құтты болсын».

Мүмкін кітап сыйлау керек шығар? Мұны ұстаздың өзі үйреткен еді ғой. Бірақ, кітап сатып алуға асықпаңыз. Оны қолдан жасаймыз. Осылайша бұл ең қымбат сыйлыққа айналады. Есіңізде болсын өз қолыңызбен жасалған сыйлықтан артығы болмайды. Ал кітап не туралы болады? Әрине, ұстазымыз жайында. Бұл жерде икемділік қажет. Сурет сала білсеңіз, тіпті жақсы. Түрлі сюжетке толы оқиға ойлап тауып, ұстаздарыңызды дәл сол оқиғаның ішінде жүргендей бейнелеңіз. Төменгі бөлігіне күлдіретін әрі жүрекке жылы тиетін пікірлер жазыңыз. Немесе оқушылардың фото суреттерінен коллаж жасауға болады.  


Құттықтаулар жазуға арналған кітап. Бұл нұсқа аз қиынырақ. Кітаптың әр бетінде бір оқушының тілегі жазылады. Тілектерді интернет беттерінен табуға болады.


Ең бастысы – сыйлықты шын жүректен сыйлаңыз. Ұстазыңыз шәкірттерінің ерекше дайындығын көріп, іс-әрекеттеріңізге тәнті болады.

Ал сіз ұстазыңызды қалай құттықтайсыз?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: вк желісі, Қарлыға Бүйенбай

Қ. Бүйенбай