8 наурыз. Сұлу ару деген кім?

8 наурыз. Сұлу ару деген кім?

Әйел адамның таңғажайып сұлулығы аттың жалы, түйенің қомындағы запыранды заманда да жыраулардың жырына, ақындардың сырына айналған. Қызға қырық үйден тыйым салған дана қазақ қашан да қыз баласының қадірін білген. Оған XVI-XIX ғасырлар тудырған жырау, ақындардың жауһар жырлары куә.

8 наурыз мерекесінде сұлу аруларымызды мадақтамай кете алмаймыз. 

Олай болса, жырау, ақындар сұлу аруды қалай сипаттады екен? 

Доспамбет жырау:

Жұпарын қардай боратып

Арулар құшқан өкінбес.

***

Алғаным Әли ағаның қызы еді,

Қас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашын үрмеген,

Серпіліп адам бетін көрмеген,

Қалай күні кешті екен!..

***

Зерлі орындық үстінде,

Ал шымылдық ішінде 

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім, өкінбен.

 

Шалкиіз:

Жағына жалаң жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған.

***

Алғаным ару болмаса,

Алдыма алып сүймен-ді.

 

Ақтамберді:

Арудан асқан жар бар ма.

***

Бұлттан шыққан ай бетті,

Мұнардан шыққан күн бетті

Айттырса, бермес сұлуын

Аппақ қылып маңдайын,

Бұғақ қылып таңдайын,

Қиылдырып қастарын,

Төгілдіріп шаштарын,

Күнінде аламанға

Тегін олжа қылар ма екеміз?!

***

Сынға толса сияғы,

Әлбеті шамның шырағы,

Мұхиттан сүзіп шығарған

Қымбатты гауһар бағасы.

 

Бұқар жырау:

Он бірінші тілек тілеңіз

Он бармағы қыналы

Омырауы жұпарлы,

Иісі жұпар аңқыған,

Дауысы судай саңқыған,

Назыменен күйдірген,

Құлқыменен сүйдірген,

Ардақтап жүрген бикешің

Жылай да жесір қалмасқа.

***

Күрек тісін қасқайтып,

Сұлуды құшқан жиырма бес.

 

Шал ақын:

Ерніне бал құйған

Қылықты туған қыз да өтер.

***

Дегдар қыз екенсің алма мойын,

Ұжмақтан жаратылған жұпар қойын,

Жарқырап зуһрадай екі көзің

Таранған әр тарапқа созып мойын.

 

Жанақ ақын:

Көк торғындай құлпырып ләйлім сұлу,

Сымға тартқан күмістей шыққан үйден.

**

Махамбет:

Алма мойын аруды...

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: minber.kz, season.kz

Р. Роза