- Негізгі бет
- 8 НАУРЫЗ 2014
- 8 наурыз. Әр...
8 наурыз. Әр жастағы қыздар сыйлыққа не қалайды?
Әр қыздың талғамы әртүрлі. Дегенмен жасы қатарлас қыздардың ойлау қабілеті мен түсінігі бір-біріне ұқсас болып келетіні анық. Соған байланысты біз әртүрлі жастағы қыздардан 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне сыйлыққа не алғысы келетіндерін сұрап білдік. Қыздардың жас деңгейіне негізделе отырып, жақын адамыңызға сыйлық таңдау кезінде сізге кішкентай нұсқаулық болады деген ниеттеміз.
Ажар, 13 жаста. Маған бір құшақ гүл мен әдемі сақина сыйлағанын қалаймын.
Әсемгүл, 14 жаста. Қызыл түсті раушан гүлі әр қызды қуантары анық қой.
Айсана, 14 жаста. Аса ештеңе қажет емес сияқты. Гүл алғанды жақсы көремін. Сосын мен k-pop музыкасына қызығамын. Соған байланысты заттар сыйласа қатты қуанар едім.
Айназ, 16 жаста. Мен, әрине, гүл сыйлағанын қалар едім. Әдемі сырға немесе алқа алғым келеді.
Әлия, 16 жаста. 8 наурызға 8 көк түсті раушан гүлін сыйлағанын жөн көрер едім.
Таңшолпан, 17 жаста. Маған бір құшақ бәйшешек гүлін берсе деп армандаймын.
Светлана, 18 жаста. Маған есте қалатын шаралар ұнайды. Мысалы, арнайы флешмоб. Болмаса, жоспары бар тур. Адреналинді ойнататын, тәуекелге баруды талап ететін ойындарды жақсы көремін. Бұған парашютпен секіру, сервингті де қосып қойыңыз.
Назерке, 18 жаста. Маған бір құшақ әдемі гүл мен кітап, оның ішінде шетел әдебиетінің кітаптарын, әсіресе, Пауло Куэльоның кітабын сыйлағанын қалар едім.
Нұржамал, 19 жаста. Мен бір құшақ раушан гүлін ғана қалаймын.
Қарлыға, 20 жаста. Нақты заттай айтсам: қымбат көлік немесе бір аралды. Егер жігіттен болса, онда маған арнап шығарған өлеңіне риза болар едім...
Сымбат, 20 жаста. Мен өзім қол сағат пен сөмкенің коллекциясын жинаймын, сондықтан сол екі заттың біреуі болғанын қалаймын.
Айгерім, 21 жаста. Қазақстандық немесе шетелдік демалыс орындарына анам екеумізге жолдама алып берсе, ал оған шамасы жетпесе, әдемі, сапалы шарф пен гүл шоғына қуанатын едім, мұндай сыйлық ешқандай қызға артықтық етпейді деп ойлаймын. Сосын бір себет жеміс-жидек күтіп жүрмін биылға.
Жадыра, 22 жаста. Мәселе сыйлықтың құнында емес. Не сыйласа да шын көңілден сыйласа деймін. Дәл бұл күні бір ерекше тосын сый күтетінім өтірік емес. Нәзік жандылармыз ғой, қалаған адамымнан болса кішкентай сыйлық сыйлағанының өзінде қатты қуанар едім. Негізі дәл осы күні сыйлыққа қарқ болған кездерім есімде жоқ. Бір құшақ раушан гүлін сыйға алғанымды қалар едім. Одан артық ештеңе керегі жоқ...
Ақбота, 22 жаста. Нақты не қалайтыным ақылға сыймайтын шығар. Бірақ шынымен ат қалаймын. Кәдімгі тірі ат. Жеке атым болып, армансыз шапқым келеді.
Мейір, 23 жаста. Бірінші кезекте бір шоқ гүл қалаймын, сосын мейрамханада романтикалық кешкі отырыс.
Жаңылай, 23 жаста. Мерекеде қажетті затымды алған жақсы. (Естелік зат алуға қазір ешкімнің мұршасы жоқ деп ойлаймын, көбі пәтер жалдап тұрады. Көшіп жүріп, қайда қалғанын білмейсің). Мысалы, көзәйнек (аламын деп жүргеніме бір жыл болды), шаш бұйралағыш, бассейнге немесе биге бір айлық абонемент, ағылшын курсына купон. Ал жігітім сол кешті көңілді өткізіп берсе болғаны. Мысалы, басқа елдің асханасына, шатырдағы мейрамханаға тамақтануға апаруына болады. Сыйлық беретін адамды зерттеп, не алғысы келіп жүргенін, нені жақсы көретінін анықтап алып, сыйлық алған дұрыс.
Айша, 25 жаста. Сыйға алтын сырға немесе алтын алқа алғым келеді.
Мақпал, 25 жаста. Бір шоқ раушан гүлі ұнайды. Қандай түстісі болса да. Бірақ олардың өліп қалатынын ескерсек, кез келген үй гүлі ұнайды. Ал, қалған заттай сыйлықтардың барлығы ұнайды. Сыйлық ұсынатын адамға байланысты. Бірақ олар тек заттай естелік болғандықтан, ең әдемі сыйлық, меніңше, гүл. Бірақ осы уақытқа дейін таңдандырған, әлі күнге дейін есімде қалған сыйлық алмаппын...
Гулфайруз, 25 жаста. Негізі мен адам баласына ананы, мынаны қалаймын деп айтпаймын. Осыны маған сыйға алып бер деп те айтпаймын. Өйткені ол адамның көңілін қалдырғым келмейді. Ең бастысы шын ниет, ықыласымен берсе маған сол жеткілікті. Негізі нәзік жандыларға гүлден артық сый жоқ секілді. Маған үй гүлдері қатты ұнайды. Ал жақын құрбыларым және достарым ерекше сый жасауға тырысып жатады. Әрине, бұл көңіл-күйді жадыратады. Сол секілді 8 наурызда сыйлыққа толатын боламын. 8 наурызды асыға күтемін. Менің есте қалған сыйлығым бір жақын араласып жүрген жан досым мен туралы және достығымыз туралы 100 беттік кітап жазып, 1 ғана данасын сыйға тартқан болатын. Ол кітапты алған бойда өте қатты қуандым. Ол кітапта біздің таныстығымыз, өмірде көрген қиыншылықтарымыз, сонымен қатар қуанышты сәттеріміз және сол тақырыптарға сай фотоларымыз жарық көрген болатын. 2013 жылдың мен үшін ең қымбат сыйы болып табылады. Өкінішке орай, сол кітапты туған күнімде біреу алып кеткен. Артынан таба алмай, көңіл-күйім түскен болатын. Өйткені ол кітапты жазу да, әр өткен өмірге көз салып, еске алып, соған байланысты фотоларды табу да, шығару да еңбек болды ғой.
Виктория, 27 жаста. Негізі сыйлық шын көңілден жасалса, мен үшін маңызсыз қандай сыйлық екені, бастысы бір құшақ гүлі болса болды. Ал қандай сыйлық сыйлауға болады дегенге идея керек болса, қазақы стильдегі сапалы әшекей (сырға не алқа) немесе SPA салонға сертификат сыйласа, ерекше қуанар едім.
Аида, 28 жаста. 8 наурызға негізі дәл қазір кез келген жерге, тіпті Қазақстандағы шипажайларға болса да бір жолдама артық етпес еді. Шонжыдағы ыстық суға барғым келер еді. Әр мерекеде бір ғана үлкен сыйлық күтемін: соңғы кездері сурет түсіруге деген қызғушылығыма байланысты мықты фотоаппарат. Себебі, түсіре келе, адам техниканың сапасын сезе бастайды, қазіргі қолданыстағы екі фотоаппаратымның үлкен мүмкіндігі бар деп айта алмаймын...
Әсел, 29 жаста. Мен негізі ананы әпер, мынаны әпер деуден аулақпын. Бірақ бір құшақ гүл сыйласа, соның өзі ілтипат білдіргені ғой. Раушан гүліне қарағанда бәйшешек гүлін ұнатамын. Сосын кітап, жақсы музыкалық диск сыйлағанын қалаймын. Романтикалық сыйлықтар, қолдан жасалған кәдесыйлар, былайша айтқанда хэндмейд заттарды ұнатамын.
Айжан, 30 жаста. Мен гаухар тасы бар әшекей қалаймын немесе iPhone. Бірақ ең бастысы ықылас екенін жасырмаймын, бір құшақ гүл сыйласа да мәз болатын жандармыз ғой.
Жанна, 32 жаста. Не сыйласа да пайдалы дүние болғанын қалаймын. Мысалы, шарф, егер талғамымды білсе, онда декоративті косметика сыйлағанын қалаймын. Сонымен қатар күнделікті қолданатын әдемі ыдыс аяқ та жарайды. Кәдесый, сүйкімді заттар деген сыйлықтар аса ұнамайды және раушан гүлін аса ұнатпаймын. Меніңше бұлар түк пайдасы жоқ заттар.
Анар, 32 жаста. Бьютиманияға сертификат, гүлдерді өсіру жайлы кітап, жалпы кітап, асханаға керек бұйымдар, әдемі ыдыс, осындай дүниелерге риза болатын едім.
Гүлшат, 33 жаста. Еуропаға екі адамға саяхат.
Меруерт, 34 жаста. Испанияның Каталония жағалауында виллам болғанын қалаймын.
Байқағанымыздай, жас ұлғайған сайын аруларымыздың сұранысы да жоғарылай түседі екен. Дегенмен, көбі сыйлық ұсынушының ниеті мен ықыласын басты назарда ұстайтынын жасырмайды. Сонымен қатар, нәзік жанды арулардың дерлігі бір құшақ гүлге риза болатындарын айтады. Сондықтан, сүйіктіңіздің, жақыныңыздың гүлге деген талғамын анықтап, міндетті түрде гүл сыйлауға тырысыңыз демекпіз.
Сурет: photo.99px.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina