8 наурыз. Алматыда қыдыру

8 наурыз. Алматыда қыдыру

Әз наурыздың қазақ жұртына ырысты ай екені белгілі. Ана, жар, әпке-қарындас, ғашық бойжеткендеріміздің мерекесі 8 наурыз жайлы ерлер қауымының тосын сый, өзгеше серуен жайлы ойлап жүретіні әмбеге аян.

Ендеше, алып шаһар Алматының құшағы аяулы жандарды әлдилеуге әрқашан дайын екенін де жеткізгіміз келеді. Ер азаматтар сыйлықтармен нәзік жандыларды бақытқа бөлеп, құшақ толы гүлдерімен қуантып болғаннан кейін немесе дәл осы тосын сыйларды қайда, қандай ортада беру жайлы ойланып жүрсіз бе? Ендеше, Алматының халық көп баратын, сәні мен думаны толастамас орындарын айта отырайық.

Біз баратын орындарды алдын ала қалтаға салмақ түсіру деңгейіне қарай екі топқа бөлдік. Бірі, ашық табиғат аясы, саябақтар болса, екіншісі, үлкен ойын-сауық орталықтары мен кино-театр залдары.

Табиғат аясы


Көктөбе. Бұл мекен – Алматының аңызы. Төбе басына жету үшін аспалы арқанмен немесе 11.00 – 24.00 аралығында микроавтобуспен 300 теңге төлеп шыға аласыз. Ал 500 теңге жолақымен, қайтарда да осы көлікпен қайтуыңызға болады. 7 жасқа толмаған балалар үшін кіру ақысы тегін. Ал егер жаяу түсіп-шықпақ болсаңыз, 100 теңге төлейсіз. Көктөбедегі көңіл көтеру орындарының да мол мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда түрлі аттракциондар, тілек субұрқағы және «Юрта» мейрамханасы бар.

28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы. Мерекелік шаралардың қызу өтетін, адамдар көп жиналатын орындардың бірі осы саябақ. Саябақта Ықылас атындағы Халықтық аспаптар көрмесі, Офицерлер үйі, Жауынгерлер – интернационалистер ескерткіші, және Даңқ мемориалы мен Мәңгі алау сынды Алматыға көрік берер басты құрылыстар орналасқан.

Орталық демалыс (Горький) саябағы. Әсем қаланың ең көркем жерлерінің бірі болып саналатын саябақтың тарихы сонау 1928 жылдың 12 тамызынан басталады. Саябақтан үлкен хайуанаттар әлеміне де сапар шеге аласыздар.

Тұңғыш президент саябағы. Ашылғанына төрт жылдың жүзі болса да, бұл мекен бүгінде ғашықтар мен қала қонақтарының бір соқпай өтпейтін мекеніне айналған.

"Қиял әлемі" саябағы. Хамит Ерғали атындағы жағалаумен Орталық Цирктің жанында орналасқан саябақ та қала жастары мен мерекені тойлаушыларға үлкен қуаныш сыйлайды деп сенеміз. Қаладағы сирек кездесетін аттракциондар жиынтығын да осы саябақтан табуға болады.  Саябақ 1997 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Ойын-сауық орталықтары

Мерекелік мезгіл тұсында Алматы қаласындағы ойын-сауық орталықтарына бағалар жай күндегіден қымбат болуы мүмкін.

MEGA Алматы. 2006 жылы шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда мереке кездері немесе аптаның соңғы күндерінде отыз мың адамға дейін қонақ қабылдайды. Сауда дүкендері, кино залы, ойын орталықтары қатар жұмыс жасайтын Алматыдағы бірегей ойын-сауық кешені.

MAXIMA. Аталған ортылықта да мерекелік думанның қызуын асырар кино залдары, боулинг, балалардың қиял қаласы, ойын-сауық орындары 11:00-01:00 аралығында жұмыс атқарады.

Aport. 2009 жылы 20 қыркүйек күні Алматының қала күнінде құрылған орталық қаланың батыс бөлігінде орналасқан. Кешенде түрлі дүкендер мен кинозал, Hawaii сусаябағы бар. 09:00-24:00 сағат аралығында жұмыс істейді.

Автор: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: eurasiared.com, skyscrapercity.com, tengrinews.kz

M. Auelkhan