- Негізгі бет
- 8 НАУРЫЗ 2013
- "Мен қазақ қыздарына...
"Мен қазақ қыздарына қайран қалам.."
Дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген Аналарымыз бен Апаларымыз, Қазақ Қыздары туралы әңгімелеуді жалғастырамыз.. |
Өзінің қысқа ғұмырында тауқыметтің талайын көріп, әлеуметтік теңсіздіктің тәлкегіне ұшыраған Сараның шығармашылық жолы тым ауыр да күрделі жол. Ол үш жасында әкесінен айырылып, еңсе басқан жетімдік пен жоқшылықтың зардабын көріп өседі. Бұл аз дегендей жақыны Тұрысбек қажы Сараны шырылдатып, өзінің теңі емес, жаратылысынан кеміс туған, бай баласы Жиенқұлға атастырады. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар. |
Дина Нұрпейісова - қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Қазақстанның халық әртісі. Ел арасында атағы шыққан қаршадай қыздың даңқын естіген әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келіп, ақ батасын берген. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасына дейін, Құрманғазының баулуында болады. Ол 1937 жылы өткен халық өнерпаздарының республикалық байқауында және 75 жасында халық аспаптарын тартатын өнерпаздардың Мәскеуде өткен Бүкілодақтың бірінші байқауында, 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі он күндікте жүлделі орындарды жеңіп алған. |
Күләш Жасынқызы Бәйсейітова — қазақтың әйгілі әншісі (лирика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ халқы Күләш арқылы дүние жүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды. Оның дауысы – қазақ даласындай кең де биік, ұлттық нақышы айрықша болғандықтан, орындаған әндері қазақ халқына жақын әрі түсінікті еді. Ол тек драмаларда басты партия орындаушы ғана емес, әсіресе, ұлттық спектакльдерді жандандырып, жасаушысы болды. |
Өнер - махаббат! Махаббат - өнер... Қазақтың тұңғыш профессионал биші қызы - Шара Жиенқұлова барша өмірінде осы екі қасиетті бойтұмардай қастерлей білді. Шара небәрі он алты жасында"би падишасы" атанды. Сол жылы өзінің болашақ жары, дара махаббаты- Құрманбек Жандарбековпен танысып, көңіл қосады. Ол әлем халықтарынан: үндінің, өзбектің, испанның, сығанның, әзербайжанның, грузиннің, жапонның, корейдің, монғолдың ән-билерін орындайды. Әр ұлттыңтілін ғана үйренбей, костюм кию мәнерін, жүрісін, дауыс ырғағын да келістіре салады. Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2 рет Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапатталған. |
Әмина Өмірзақова қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде бұл саланың дамуына елеулі үлес қосты. Ол қатал тағдырға мойымған - қайсар ана, қазақ киносын әлемге танытқан - тұлға. Қазақ кинематографиясының баға жетпес қазынасына айналған: “Абай”, “Жамбыл”, “Бір ауданда”, “Ана туралы аңыз”, “Арманым менің”, “Ақ шаман”, “Нан дәмі”, “Шанхай” фильмдерінде жасаған бейнелері, әсіресе әйгілі “Тақиялы періштедегі” актриса ойнаған Тана апайдың рөлі қалың жұртшылықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келеді. |
Тыңдармандары өнерге берілген әртіс санайтын Р.Т.Бағланованың өмірден өткеніне көп уақыт өткен жоқ. Роза апамыздың майдан даласында жүрексінбестен салған рухты әндері жауынгерлерді ерлікке жетеледі. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен 2-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. Бірде жауынгерлер алдында ән шырқап тұрғанда алдына бомба түсіп, екі көзі бірдей көрмей қалады. Дәрігерлер қолдан келгендердің бәрін жасады. Алты рет жаслаған ота нәтижесінде Роза Тәжібай қызының бір ғана көзі емделеді. Ол ұлттық ән өнерін дамытуда да үлкен үлес қосты, ерекше сазды ән мектебінің қалыптасуына ықпал жасады. Қазақстанның Халық әртісі, Халық Қаһарманы, "Халықтар достығы" орденімен, "Шапағат"медалімен марапатталған. |
Қымбатты арулар! Сіздердің атыңызға айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Көктемнің басымен келетін мерекелік көңіл-күй сіздердің сергектіктеріңіз бен күш-жігерлеріңіздің қуат көзіне айналсын. Сіздерге және отбасылыраңызға әрқашан бақыт және сәттіліктер тілейміз!
Суреттер:.newskaz.ru, oren.ru,inform.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева