Төрт мезгілдің төресі саналатын көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында бір үйдің балаларынан құрылған «Қосарна» этно-фольклорлық дуэті асыл аналардың құрметіне «Аяулы анашым» әнін тарту етеді.
Жаханбек Аида мен Азамат Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде оқиды. Аида домбыра класында, ал Азамат қобыз класында білім алуда. Жастайларынан өнерге жақын болып өскен оларды әке-шешесі әрдайым демеп, қолдау көрсетіп жүр.
Аналары Роза Әріпбаеваның айтуы бойынша, екі балаға өнер ата-баба қанымен дарыған. Арғы аталары домбыраның құлағында шебер ойнап қана қоймай, ән-жырды жатқа айтқан екен. Осыдан болар қос бүлдіршін әуезді әуен естіген бойда шабыттанып, өнерге қызығушылық танытады. Екеуінің тілі ерте шыққан екен.
Аида алғаш рет домбыраны екі жаста қолына алған. Әуелі домбыра аспабын көргенде анасына «Маған аспап алып бер» деп қолқа салады. «Майра Ілиясова сияқты дәстүрлі әнші боламын» деп домбыра аспабын үйрене бастайды. Арасында ән айтып жүріп, түрлі байқауларға қатысады. Майра Ілиясова сынды бірталай әнші аға-апаларының батасын алып, «Алақай» тобында өнер көрсетеді. Кейін музыка мектебінің табалдырығын аттайды.
Ал Аиданың інісі Азамат төрт жасында әріп танып, әпкесі сияқты ән айтады. Сөздерді құрап, екі-үш тармақты шағын өлеңдер шығара бастайды. Жеті жасқа келгенде ол да музыка мектебіне барып, қобыз класына оқуға түседі.
Бүгінде екеуі де бірнеше мәрте республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері. Көптеген концерттерде өнер көрсетіп жүр. Екеуі домбыра, фортепиано, шаңқобыз аспаптарында шебер ойнайды. Аида Қорлан Картенбаевадан жетіген үйренуден сабақ алып жүр. Ал Серік Нұрмолдаев Азаматқа сыбызғыда, Аидаға сазсырнайда ойнауды үйретіп жүр.
Қос бүлдіршіннің ата-анасының бастамасымен өткен жылы «Қосарна» этно-фольклорлық ансамблі құрылды. «Бар ой-мақсатым – екі баланың өнер әлемінде еркін қанат қағып, шығармашылығын шыңдау» деп Роза апай ағынан жарылды.
Олай болса, жас орындаушылардың орындауындағы әсем әнді қабыл алыңыздар!
Дайындаған және суреттерге түсірген: Ғазиза Ұзақ