Жақындарды қалай құттықтауға болады?

Жақындарды қалай құттықтауға болады?

Жақын деп айтуға қалай аузыңыз барады. Шамданып қалмаңыз. Жай, мен сіздің қаншалықты жақсы көретініңізді тексергім келіп отыр. Сіздің кімді жақсы көріп тұрғаныңызда шаруам жоқ. Бірақ, сіздің жақсы көрген адамдарыңыз  сол күні өкпелеп қалмаса деп ойлаймын. Білетін шығарсыз, әйел заты деген... Мереке бір ғана сәттік, ал көңілдегі дық өмір бойына қалады.

Сіздің жақындарыңыз кім? Апа, ана, әпке, қарындас, одан қалса ұстаз және өзіңіз жақсы араласатын дос қыздарыңыз. Олардың бәрі бірдей сыйлық күтеді. Және әрқайсысының жеке өміріңізде өз орындары бар.

Алдыман анаңызды құттықтаңыз. Бұл ретте бір айта кетерім, жылына бір келетін мереке болғандықтан еш тартынып қалмаңыз. Тартынбастың керіне салам деп жүріп бір кесір шығып қалып жүрмесін. Бәрін айта та бірін айт, ол жағдайда өз анаңызды жақсы көрмейтін болып шығасыз. Неге дейтін боларсыз?! Айтпай-ақ қояйын. Оны өз ішіңіз сезсін. 365 күннің бір күнінде анаңызға бар пейіліңізді сала алмасаңыз, онда «адам» деген атты бекер жамылып жүрген боларсыз, шынында.

Осы күні Голландиядан қанша гүл келеді екен? Бәріміз білетіндей, олардың барлығы дерлік дүкендерге жол тартады. Солардың бір шоғырын сатып алыңыз. Қасына тәтті шоколад пен жап-жақсы, бағалы сыйлық қосыңыз. Осы жерде бір сыр айтсам бола ма, анаңызды барынша таңғалдыруға тырысыңыз. Алғысы келетін немесе сатып алайын деп жүрген заттардың бірін тарту етіңіз. Айтпады демеңіз, анаңыз бақыттан басы айналып түседі.

Әңгімені осымен доғаруға болар еді. Ең бастысы ұмыт қалып бара жатқан секілді. Ол – көңіл. Өзіңіз де бәз біреудің сізге сыйлық беріп жатып көңілсіз тұрғанын көрсеңіз, бәрі де мағынасыз болып қалады ғой. Ал мағынасыздықтың арты «мағыналылыққа» ұласуы мүмкін. Бәрі де мүмкін. Сондықтан 8 наурыз күні көңіл-күйді көтеріп, шат-шадыман болып, асыр салып жүріңіз. Бұл күнгі сіздің мақсатыңыз – көңіл-күйді көтеру; мамандығыңыз – әртіс болу. Әртіс болғанда да, адам ішіндегі әртіс болу.

Кейде адамдардың алдамшылығын, жасандылығын көріп налитын боларсыз. Адамдардың бір-біріне деген суықтығы сізді қайран қалдырар. Онда неге осы күнге дейін өзгертуге тырыспағансыз. Кімді? Әрине, адамды! Бәрі де өз қолыңызда болды емес пе?! Күшіңіз жетпеді ме? Жоқ, шын мәнінде сіз өмірді өзгертуге талпынбайсыз. Сіз өмір сүріп жүрмін деп ойлайсыз... Жер бетінде жалғыз адам баласының ғана өмірді түсінуге және шынайы сүруге мүмкіндігі бар. Бұл жерде ешқандай білімнің керегі жоқ. Тек сананың қалыптасқан түйсігі жетелесе болғаны. Демек, қазірден бастап өміріңізді өзгертуге тиістісіз. Жалғыздықпен өмір сүрмеңіз. Адамның қадірін адам ғана біле алады. Қолыңыздан келсе бүкіл адамзатқа жақсылық жасаңыз. Өзгелердің көңілін бағып, қиын сәтте демеу көрсетіңіз. Сіз жасаған жақсылық пен көрсеткен мейірімділік  ең аз дегенде жақсы үш адамыңызға үлгі болады. Ал сол үш адам тоғыз адамға...жүзге...мыңға...миллионға ұласар. Бір күні адамзат баласы мүлдем басқа адам болып оянар. Сол күн атар-атпасы сізге байланысты.

Қыз баласын разы қылам дейтін жігіттерге

Қазақтың бір қызы 8 наурыз қарсаңында «тек қана алтын күтем» деп айтатын көрінеді. Әзіл болса да астарында үлкен шындықтың бары анық. Қыз баласы әсіресе алқа (күмістен, алтыннан, бағалы тастан болсын) мен жұмсақ ойыншықтарды сыйға алғанды ұнатады.

Қала қыздары француздың хош иісті әтірлерін, алпауыт компаниялар өндіретін иісмай топтамаларын жақсы көреді. Және қала қызын әдемі әзілден гөрі ұтымды ойлар мен сөз тіркестерімен сындыра аласыз.

Әйел затының 365 күнде бір келетін мерекесін жақсылап өткізейік. Ал қалған 364 күн еркектердікі.

Сыйлық алатын дүкендер:

«Француз үйі» - Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысында;

«Қарқара» - Тимирязев пен Әуезов көшесі қиысқан тұста;

«Мега» - Әл-Фараби мен Розыбакиев көшелері;

«Beaty mania» - Фурманов пен Шевчнко көшелері;

сурет:uvit2012.ning.com 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Л. Лига