- Негізгі бет
- 8 НАУРЫЗ 2013
- Әріптес қыздарды 8...
Әріптес қыздарды 8 наурызбен құттықтау
Әріптес қыздарды 8 наурыз мерекесімен құттықтау қазір барлық жұмыс жасайтын жігіттер үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Қыздарды қалай ерекше етіп құттықтауға болады? Біздің және біздің оқырмандарымыздың кеңестерімен таныс болыңыздар.
Бірінші және ең бастысы әріптес қыздарды ұмытып қалмаңыздар. Оларды елемей, мерекемен құттықтамау - сізге жыл бойы әсер ететін үлкен қателік. Қандай болса да көңіл білдіріп, құттықтау сөздер мен тілектер айтылуы шарт.
Әрине әріптес қыздар жақын достарыңыз, құрбыларыңыз болуы екіталай. Сол себепті олар да сіздерден қымбат сыйлықтар мен шоқ гүлдер күтпейді. Артық шашылмай-ақ қойыңыздар. Сыйлық пен гүлдердің құны емес, оны сыйлағандағы көңіліңіз маңызды.
Гүлдерден артық сый бар ма? 8 наурыз, мереке, қыздар, гүлдер. Бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Жұмыстағы қыздарға әдемі гүл сыйласаңыздар, сыйлықтың қажеті де жоқ. Кеңседегі қыздардың бәріне бірдей гүл шоқтарын сыйлағанша, әр қызға өзіне тән, ерекше гүл тарту етіңіз.
Тосын ашық хат. Смс пен интернеттегі хаттар мен құттықтауларға үйреніп кеткеніміз соншалықты, ашық хаттар жолдау жайлы ойланбаймыз да. 7 наурыз күні (8-і қыздар арқасында демалыс күні) қыздардың үстелдерінің үстіне ашық хатқа не жай стикер қағазға "Ең көрікті қызға", "Мерекемен!" деп жазып, қыстырып қойыңыз. Бұл кеңседегі қыздардың бәрінің көңілін көтерері анық.
Бұл жайлы оқырмандарымыздың ойы қандай екен?
Айжан Табын: "Қыз бала болған соң әдемі нәрселерге көз түсетіні анық қой. Сол себепті әдемі бұйымдарға қуанып қалам, әсіресе ерекше кеңсе тауарларына құмармын. Блокнот, қалам, қалам салғыш секілді керекті, ерекше ашық түсті, әдемі өрнегімен болса деп тілеймін. Сосын гүл, әріптес жігіттерден бір тал раушан гүлі жарайды".
Жанат Ахметов: "Әріптестерге сыйлық таңдау ең қиын, шоколад, торт сыйлай салуға болады, бірақ өз басым оны ұят деп санаймын. Жақсы араласып жүрген дос қыздан нені қалап жүргенін немесе нені ұнататынын сұрап алуға болады. Алайда жай әріптесіңнен оны сұрай алмайсың, нені ұнататынын байқай да алмайсың. Осы орайда әріптеске сыйлық алу қиын деп айтар едім. Жалпы жасы үлкен отбасылы апайларға асханада пайдасына жарар зат сыйлаймын, ал тұрмыс құрмаған бойжеткендерге кітап сыйлаймын. Әріптес қыздарға әріптес жігіттермен бірігіп сыйлық жасау тәсілі өте тиімді деп айтар едім".
Абзал Сариев: "Дәл осы сағаттар мен секундтарда күллі жер бетінде жігіт атаулының жүрек дүрсілі жиілеп, күре тамырындағы қаны әдеттегіден қатты жүгіріп, бойын «үрей» не «жалтару» да емес, сөзбен айтып жеткізе алмайтын, әлде айтсаң бүлдіріп алатын біртүрлі сезім билеп тұрғаны рас. Сол ұзын-сонар тізімге қаз-қатар бой түзеп тізіліп тұрғандардың ішінде мен де бармын.
Сонымен әріптес қыздарға не сыйлау керек? Бұл жөнінде айтар болсам, бұл сұрақтың жауабын нақты беретін арнайы маманның, не ЖОО-да оған дайындайтын арнайы мамандықтың жоқ екенін ескере келе, мен бұл «таңдауды» әрбір жігіттің жүрегіндегі (аяулы, ардақты, әдемі, ибалы, тәрбиелі, құдіретті, қасиетті т.с.с миллион теңеу) әйел затына деп бөлген «жазықтығына» қарай үлестірдім.
Әр жігіт өзімен кеңседе қыста да жазда да бірге ысып, тоңып отырған әйел әріптесіне бұл мейрамда не сыйлау керек екенін «біліп» отырған болу керек немесе білуі керек, тіпті білуі шарт!
Мейлі жасы үлкен-кіші болсын, мейлі сүйгенің-сүймегенің болсын, қырындап көз салғаның, ырымдап әншейін сөз салғаның болсын, сен айналаңдағы әйел атаулының бәрін осы «бір» күні міндетті түрде құттықтап, жағымды сөзбен жүзіне шаттық-әшекейін тағып, күлкіден түйілдірмесең де, әзіліңді айтып, көзіне нұр себуің парыз! Сенің өміріңдегі әйел адамның алдындағы ер-жігіттік ең басты парызың сол, айналайын жігіт! Олай болса, бауырым, қапы қалма!"
Ал сіз әріптес қыздарға не сыйлайсыз?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А