Әлемді әрлеген әдемі жаратылыс иелеріне ханзадалар сыйлық дайындаумен жүрген шақта біз осы бір 8 наурыз деген ғажайып мейрамның тарихынан сыр шерте отырайық.
Бүгінде құшақ-құшақ гүл мен сырлы сезімге толы 8 наурыз атты мерейлі мерекенің түбінде нәзік жанды қауымның өз үні мен еселі еңбегі, қайсарлығы мен қажырлы күресі жатыр.
Әсілі, әйелдер қауымы әу бастан ер адамнан бір саты төмен жаратылған деседі. Оған сан-саққа жүгірген аңыз бен қатталған қалың тарих куә. Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.
1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.
Бір деректер Ежелгі Римде де матрондар тойлайтын әйелдер мерекесі болған дейді. Бұл күні матрондар күйеулерінен әдемі сыйлықтар алып, шексіз махаббатқа бөленген екен. Тек матрондар ғана емес, күңдер де сыйлық алыпты. Сөйтіп, әйелдер жылына бір рет өз мерекелерін тойлап, асып-тасып қалатын деседі.
1975 жылы 8 наурыз халықаралық әйелдер күні болып жарияланғаннан кейін, бүгінде бұл мереке әлемнің біраз елінде ерекше құрметпен тойланып жүр. Қазақстанда 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні ретінде мерекеленіп, бұл күні аналар мен арулар ыстық лебізге кенеліп, көктеммен бірге құлпыра түседі.