...Сүймеген сені азамат, азамат па?
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айтта лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа.
Осынау өлең жолдарынан ақынның барша қазақ қыздарына деген шексіз махаббаты мен ерекше ілтипатын аңғаруға болады. Мұндай құрметке қазақтың қаракөздері қашан да лайықты бола білгендігіне таласыңыз жоқ болар... Қадым замандардан бері жауға қарсы шауып, ерен ерлігімен тарих беттерінде қалған қайсар қыздарымыз, асқан ақылдылығымен бүкіл бір елді басқарып, даналығымен ішкі-сыртқы жағдайды жөнге салып отырған орақ ауыз, от тілді шешен-дана-аналарымыз аз болмаған. Қазақ әйелі қашанда дәстүрлі мәдениеттің бесігін тербетіп, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын жейтін ел анасы деңгейіне көтеріле білген. Иә, қазақ қызы әрдайым бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеттті.
Ел қорғаған батырларымыз бен данагөй аталарымызды қашанда көтеріп жатамыз ғой, ал бүгін, яғни, 8 наурыз қыз-келіншектер мерекесі қарсаңында сол батырлар мен ақындарды туған, ақылымен ел билеген және айбатымен жау қашырған Аналарымыз бен Апаларымызды - Қазақтың Қыздарының есімдерін ұлықтайық!
Тұмар ханша – күнгей түркі сақ халықтарын билеген атақты әйел патша. Грек жазбаларында оның елін
«массагет» деп атайды. Тұмар ханша есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы «төрт құбыланың тұтас билеушісі» атанған парсы патшасы Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста жеңуімен тікелей байланысты. Томирис шайқас соңында торсықты қанға толтырып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді. Ол өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таң қалдырды.
Айғаным Сарғалдаққожақызы - Ұлы Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, Уәли ханның кіші ханымы. Уәли қайтыс болғаннан кейін, хан сайланады (1821-1822). ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды. Бірнеше шығыс тілдерін (араб, шағатай, парсы, өзбек, орыс) еркін меңгерген. Петербордағы Сібір комитетімен, Ресей патшалығының сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен дипломатиялық хат жазысып тұрған.
Бопай − Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі, Кенесарының қарындасы. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған, шайқасқа шыққан сарбаз болған. Мұны Бопай ханымның Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, А.И.Тевкелевке, И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан аңғаруға болады.
Қаракерей Қабанбай батырдың сүйген жары, арғын—бәсентиін Малайсары батырдың қарындасы. Көптеген жорықтарға қатысып, ерлік істері ел есінде қалған. «Қалмаққырғанның» сыртындағы тауға Гауһар батыр қарауылға шығады екен» деген бұрынғылардан жеткен сөзді ақсақалдар айтып отырады. Шымкенттің Шәуілдір ауданындағы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын тұсындағы үлкен төбелердің бірі «Гауһар ана төбесі» деп аталады. Ақын Бақи Әбдіқадыровтың «Гауһар батыр» деген дастаны бар.
Бәйдібектің екінші әйелі, шын аты Нұрила (Бибісара). Ол 1378-1456 жылдары өмір сүрген. "Диһнат мама" (әулие ана) деген атаудан шығарылып,
Домалақ ана есімімен аталып кеткен. Өз заманында адамгершілігімен, әдептілігімен, парасаттылығымен, шыншылдығымен аты шыққын, қасиет қонған кісі болған. Домалақ Ананың өзі Қожа руынан, Мақтым ағзам қожаның немересі.
Қазақ қыздарына үлгі бола алатын бірден-бір образ
Қарашаш сұлу - әйгілі Жиренше шешеннің әйелі болған. Ол өзінің ақылдылығы, тапқырлығымен Жиренше шешенге лайықты жар бола білген ерекше адам ретінде суреттеледі. Қарашаштың есімі әрқашан да Жиренше шешен атымен қоса айтылып жүреді. Жиренше шешен өзі - Әз-Жәнібек (Алтын Орданың ханы) ханның тұсында өмір сүргендіктен және Кіші жүз Жетіру бірлестігінің Рамадан руынан шыққандығы тарих пен шежірелерден белгілі болғандықтан, Қарашаш сұлуды да тарихи тұлға ретінде бағалай аламыз.
Суреттер:aigerim-altynshash.blogspot.com,
liveinternet.ru ,tarih.spring.kz,kazakh.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева